Ана атануға ең қолайлы жас қандай

АСТАНА. KAZINFORM – Ана болуға ең қолайлы жас қандай? Бұл туралы «ЭКОМЕД» адам репродукциясы клиникалары тобы мен «NGC» Халықаралық репродукция орталығының ғылыми директоры Салтанат Байқошқарова айтты.

Салтанат Байқошқарова
Фото: видеодан алынған кадр

– Биологиялық тұрғыдан қарасақ, жаратылыстың заңы бойынша әйел адамдар үшін ана атануға ең қолайлы жас 18 бен 25-тің арасы. 25 жастан кейін организмде қартаю процестері басталады. Ұлда да, қызда да солай. 30-35 жастан кейін тіптен қиындайды. Сырт келбетің әдемі болса да, ішкі ағза, аналық қор жас ұлғайған сайын азая береді. Сондықтан ертерек отбасын, құрып, ұрпақты болуға тырысу керек,-дейді Салтанат Байқошқарова.

Оның сөзінше, ұрпақты болу мүмкіндігі әйелдерге қарағанда ер адамдарда көбірек. Дегенмен мүмкіндігінше жиі тексеріліп отыру керек.

– Қыз бала 18 жасқа толғанда гинеколог-репродуктологқа, ер бала уролог-андрологқа бару керек. Өйткені қазір медицинаның арқасында өзіңнің ұрпақты болу мүмкіндігің қаншалықты екенін анықтауға болады. Дәрігерге қайта-қайта барудың қажеті жоқ. Тек бір рет тексерілсе болды. Бір тексерістен-ақ, қыз баланың аналық қорының өз жасына сәйкестігін білуге болады, - деді профессор.

Ол сөзінде репродуктивті жастың негізгі кезеңдері туралы айтты.

18–29 жас — фертильділік шақтың шыңы. Бұл кезде жүкті болу ықтималдығы 20–25%. 30–34 жас — фертильдік деңгейі біртіндеп төмендей бастайды. Ал, 40 жастан әрі қарай жүкті болу мүмкіндігі 66%-ға дейін төмендейді. Яғни, бала көтеру деңгейі аз.

Сондықтан, білікті дәрігер, болашаққа немқұрайлы қарамай, ертерек отбасын құрып, ұрпақты болуға талпыну керектігін айтады.

Осыған дейін криоконсервацияның саналы ана болуды жоспарлаудың сенімді шешімі екені туралы жаздық.

 

Соңғы жаңалықтар