АӨСШК дамудың жаңа кезеңінде: экология, азық-түлік қауіпсіздігі, адам ресурстары

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгін Астанада Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің алтыншы саммиті өтті. Бұған дейін хабарланғандай, саммитке 11 мемлекет басшысы және 50-ге жуық елден делегация қатысты. Ұйымға мүше мемлекеттер Қазақстанның төрағалық лауазымын алдағы 2 жылға созуға уәделесті. Саммитте АӨСШК-ні толыққанды халықаралық ұйымға айналдыру мәселесі, экологиялық өлшем, азық-түлік қауіпсіздігі, көлік-транзит әлеуеті, адами ресурстарды қорғау және дамыту мәселелері қаралды. Бұл туралы толығырақ ҚазАқпарат сарапшысының материалында.

Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде кеңесті құру бастамасының көтерілгеніне 30 жыл толып отырғанын атап өтіп, осы кезеңде АӨСШК көпжақты ынтымақтастық платформасына және халықаралық заманауи дипломатия институтына айналғанын жеткізді.

Мемлекет басшысы 2019 жылы Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі саммит өткен уақыттан бері әлемдік қауымдастық ауыр сынақтардан өткенін, сондай-ақ оның теріс салдары әлі күнге дейін жаһандық дамуға әсер етіп жатқанын айтып, осы орайда ашық диалогқа оралу аса маңызды екенін жеткізді.

Сондай-ақ мемлекет басшысы ұйымға мүше мемлекеттердің қатарына кірген Кувейтті арнайы құттықтады.

«Бүгін біз бұрын-соңды болмаған геосаяси шиеленіс пен әлемдік экономикадағы күшейе түскен дағдарыс жағдайында өмір сүріп жатырмыз. Бұл құбылыс қазірдің өзінде «жаһандық дисфункция» деп аталды. Менің ойымша, біздің алдымызда тұрған ерекше маңызды міндет – туындаған зор қауіп-қатер жағдайында халықаралық қатынастардағы тұрақтылыққа қол жеткізу, көпжақты механизмдерге тың серпін беру және ашық диалогқа оралу»,-деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Азияның бейбіт әрі өркендеген аймақ болуы бәріміз үшін ұтымды - Гутерриш

БҰҰ Бас хатшысы Антонио Гутерриш Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің алтыншы саммитіне онлайн қатысты. Бас хатшы өткен 30 жылда Азия елдері арасындағы диалогтың маңызды тұғырнамасына айналғанын жеткізіп, осындай шақта аймақтық ынтымақты нығайту бұрынғыдан да маңызды екенін айтты.

«Кейінгі 30 жылда АӨСШК Азия елдері арасындағы диалогтың маңызды тұғырнамасына айналды. Азияның бейбіт әрі өркендеген аймақ болуы бәріміз үшін ұтымды. Осы тұрғыда әріптестігіміз үшін, бейбітшілік пен тұрақтылықты ілгерілету, көпжақты ынтымақтастықты нығайту, адам құқықтары мен тұрақты дамуды ілгерілету сияқты ортақ мақсаттарымыз үшін алғыс айтамын. Заман сынақтарын бірге жеңіп, Азия мен бүкіл әлем үшін жарқын болашақты қамтамасыз етейік. Сол жолда бәріңізге сәттілік тілеймін», - деді Антонио Гутерриш.

АӨСШК-ні толыққанды халықаралық ұйымға айналдыру бастамасы

Президент еліміз осы ұйымның төрағасы ретінде АӨСШК аясындағы үдерісті одан әрі ілгерілетуге бағытталған күш-жігерді арттыру міндетін өзіне алып отырғанын айтты. Осы орайда былтыр АӨСШК-нің сенім шаралары каталогы қайта қаралғанын атап өтті.

Мемлекет басшысының айтуынша, каталогқа эпидемиологиялық қауіпсіздік, денсаулық сақтау және фармацевтика, ақпараттық және коммуникациялық технологиялар қауіпсіздігі сияқты ынтымақтастықтың жаңа басым бағыттары енгізілген.

Сонымен қоса ол АӨСШК-ны толыққанды халықаралық ұйымға айналдыруға негізделген бірқатар маңызды басымдықты іске асыруды көздейтінін айтып, Қазақстанның 2022-2024 жылдары жаңа мерзімге төрағалық ету туралы өтінішін қолдаған АӨСШК-ге мүше мемлекеттердің бәріне өз алғысын білдірді.

«АӨСШК-ті одан әрі трансформациялауды мүше мемлекеттер қазірдің өзінде АӨСШК-тің іс-жүзінде ұйым ретінде жұмыс істеп жатқанын бірнеше рет талқылады. Біз жаңа ұйым құрмайтынымызды, керісінше институционалды дамудың жаңа кезеңіне өтіп жатқанымызды атап өткім келеді. Кеңестің мәртебесін көтеру Азияның әлемдік істердегі артып келе жатқан рөлін нығайтып, мүше мемлекеттердің өзара іс-әрекетін жаңа деңгейге шығарады», – деді Қазақстан Президенті.

Жаңа күн тәртібі бойынша Қазақстан Президентінің бастамалары қандай

Қасым-Жомарт Тоқаев ең алдымен экономикалық өлшем мәселесін атады. Осы орайда, жүк тасымалының оңтайлы әрі қолжетімді жолдары – экономикамыздың тұрақты өсімінің маңызды факторы екенін жеткізді.

«Жаһандық логистикалық тізбектердің үзілуі тиімді көлік-транзит дәліздерін қалыптастыруға жаңа көзқараспен қарауды талап етеді. Коммуникация мен жүктерді жеткізудің әртараптандырылған бағыттарын пысықтау арқылы көлік-транзит әлеуетін жүзеге асыруға баса мән беру маңызды»,- деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы экологиялық өлшем мәселесіне де ерекше назар аударып өтті. Климаттың өзгеруі уақыт өткен сайын болжап білуі қиын, әрі зардабы ауыр табиғат апаттарына алып келетінін айтып, 2024 жылы Астанада экология мәселелері бойынша жоғары деңгейдегі конференция өткізуді ұсынды.

«2021 жылы Азияда мұндай жағдайлардан 57 миллион адам зардап шекті. 2050 жылға қарай Азия экономикасына осындай табиғи катаклизмдерден келетін ықтимал залал ЖІӨ-нің 26%-ына дейін жетуі мүмкін. Таяуда Пәкістандағы жойқын су тасқыны орасан зор гуманитарлық апатқа ұшыратты. Осындай қиын кезде біз Пәкістан халқымен және үкіметімен бірге екенімізді тағы да дәлелдедік. Климаттық дағдарыс әскери қақтығыстарға алып келіп, алапат әрі басқаруға келмейтін миграциялық нөпірдің катализаторына айналуы мүмкін», - деді Мемлекет басшысы.

Азия үшін экономиканы декарбонизациялау мәселесі өте өзекті болып табылады. Тоқаевтың айтуынша, бұл мәселені шешу үшін бұрын-соңды болмаған көлемде инвестиция қажет.

«Бір айдан кейін Мысырда климат жөніндегі COP 27 конференциясы өтеді. Сондай-ақ, АӨСШК-ке мүше елдердегі экология проблемалары бойынша 2024 жылы Астанада жоғары деңгейде конференция өткізуді ұсынамын. Аталған конференцияның нәтижелері экология саласындағы ынтымақтастық мәселелері жөніндегі АӨСШК Кеңесін құруға негіз болады», – деді Қазақстан Президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаев АӨСШК кеңістігінде шын мәнінде жұмыс істейтін азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін механизм қажет екенін айтты. Мемлекет басшысының пікірінше, Азия әлемдегі ауыл шаруашылығы өнімдерінің үштен бірін өндіргенімен, бұл саладағы олқылықтардан әлі де толық арылмаған.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев елдердің ауыл шаруашылығы әлеуетін ескере отырып, мұқтаж мемлекеттерді азық-түлікпен және тыңайтқыштармен қамтамасыз ету үшін тиімді шаралар қабылдау мүмкіндігін алға тартты.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы 2024 жылы Астанада Жастар кеңесінің қолдауымен АӨСШК елдерінің еріктілер қозғалысы көшбасшыларының слетін өткізуді ұсынды.

Бұдан бөлек, Қазақстан Президенті адами өлшем, адами ресурстарды қорғау және дамыту мәселесі басты назарда болу керек деп санайды.

«Біз маңызды өнімдердің ұлттық стандарттарға сәйкестігін бағалаудың бірыңғай тәсілдерін әзірлеуіміз керек. Сондай-ақ тауарлардың бұл санаты үшін АӨСШК-ге мүше мемлекеттер арасында «жасыл дәліздер» ашуымыз қажет. Штаб-пәтері Астанада орналасқан азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымымен АӨСШК арасындағы ынтымақтастықты жолға қою перспективті болмақ. АӨСШК-ге мүше мемлекеттердің жетекші университеттерінің серіктестік желісін құрудың да перспективасы зор. Осы желі арқылы IT, нанотехнология және жаңартылатын энергия көздері сияқты инновациялық салалардағы әзірлемелерді алмасуға болады», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ауғанстандағы жағдай ерекше назар аударуды қажет етеді - Шавкат Мирзи ёев

Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев қазіргі жағдайда Ауғанстандағы жағдай ерекше назар аударуды қажет ететінін атап өтті.

Оның айтуынша, дағдарыс құбылыстары Орталық Азия елдеріне тікелей әсер етіп, экономикалық интеграцияны тереңдетуге жұмсаған күшті тежеп отыр. Осы орайда ол мән берілу керек басымдықтарды атап өтті.

«Жаңа геосаяси ахуал бүкіл Азия өңірінің тұрақтылығына қатер төндіріп тұр. Қауіпсіздік, даму және гүлдену жолындағы мүдделеріміз ортақ екенін ескерсек, бізге мынандай басым бағыттарға баса мән беру керек. Біріншіден, Ауғанстандағы ахуал ерекше назарды қажет етеді. Өкінішке қарай, әлемдегі өзге де өзекті проблемалардың бедерінде Ауғанстандағы ахуалды реттеу мәселесі екінші кезекке ығысып қалды. Өткен өкініштердің қайталануына жол беруге болмайды. Ол кезде бұл мемлекет халықаралық террористік хабқа айналған болатын», - деді Өзбекстан басшысы.

Фото: akorda.kz

Оның пайымынша, Азия елдері Ауғанстанның уақытша Үкіметімен өзара әрекеттердің ортақ тәсілдерін үйлестіруі керек.

«Ауған проблемасында кең ауқымды ымыраға келіп, жаһандық деңгейде іс жүзіндегі шаралар қабылдау үшін БҰҰ Бас Ассамблеясына Ауғанстан билігімен тараптардың өз міндеттемелерін кезең-кезеңмен орындауын белгілейтін алгоримтер жөніндегі жоғары деңгейдегі халықаралық келіссөз тобын құру туралы Азия елдерінің бірлескен үндеуін жолдау мүмкіндігін қарастыруды ұсынамын», - деді Шавкат Мирзиёев.

Саммитте қандай құжаттар қабылданды

Саммит аясында АӨСШК-ге мүше мемлекеттерден бекіту үшін тиісті құжаттар ұсынылды. АӨСШК-нің трансформациясы туралы Астана мәлімдемесі қабылданды. Қабылданған келесі құжат қауіпсіздік және ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалану саласындағы ынтымақтастық туралы АӨСШК көшбасшылары мәлімдемесінің жобасы болды.

Осы орайда Қазақстан Президенті ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалануда елдер арасындағы ынтымақтастықты кеңейту мен қауіпсіздікті қамтамасыз ету қадамдарына ерекше назар аударылатынын айтты.

Бұдан бөлек, саммит барысында АӨСШК қорын құруға қатысты құжат қабылданды. Бұл тұрғыда Қазақстан Президенті АӨСШК қоры құжатының бекітілуі мен АӨСШК жобаларын анықтау мен іске асырудың арнайы тетігінің айқындалуына орай өз құттықтауын жеткізді.

БҰҰ Қауіпсіздің Кеңесінің терроризмге қарсы резолюциясын жүзеге асыру үшін АӨСШК-нің іс-қимыл жоспары қабылданды. Бұдан бөлек, БҰҰ Қауіпсіздің Кеңесінің терроризмге қарсы резолюциясын жүзеге асыру үшін АӨСШК-нің іс-қимыл жоспары қабылданды.

Сөз соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның АӨСШК-ні одан әрі дамытуға ниетті екенін тағы да нақтылады. Сондай-ақ кеңестің бірегей форматы мен географиясын ескере отырып, оның перспективалары мен болашағы зор екеніне сенім білдірді.

«Екі жылда артылған сенімді ақтау керек»

Қазақстандық қоғамдық даму институтының сарапшысы Риззат Елубаев Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесіне қатысты пікір білдірді.

«Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесіне шақыру бастамасы қарапайым бастамадан 30 жыл ішінде халықаралық ұйым деңгейіне өсіп отыр. Соңғы жылдары бұл бастама аясында құрылымдар механизмі қабылданған болатын. Сондықтан да соңғы уақытта аяқталмаған іс сияқты сезім пайда болды. Бүгін оған да нүкте қойылды. Яғни Қазақстан бұл бастаманы толыққанды халықаралық ұйымға айналдыру жөнінде ұсынысын бүгін көпшілігі қолдады», - деді сарапшы.

Сарапшы АӨСШК ұйымының ерекшелігіне тоқталып өтті.

«Азиядағы өзге ұйымдарда жаһандық мәселелер қаралса, АӨСШК аясында локальды мәселелерді шешуге үлкен мүмкіндік пайда болып отыр. Оны бүгінгі АӨСШК саммитіне қатысушылардың сөйлеген сөзінен аңғаруа болады. Көтерілген негізгі мәселелер азық-түлік қауіпсіздігі, экономикалық одақтастықты нығайту, гуманитарлық салалар, экологиялық мәселелер.Яғни барлығы ішкі сұрақтарды көздеп отыр. Сондықтан да бұл шараларды Қазақстанның сыртқы саяси бенефисі ретінде қабылдауға болады. Ең бастысы елімізде осындай күн тәртібін қалыптастыру нәтижесінде осындай халықаралық іс-шаралардан нақты бәр нәтиже көруге болады», - деді Риззат Елубаев.

Сонымен қоса ол Мемлекет басшысы тарапынан АӨСШК дамыту бойынша ұсынылған ұсыныстарға пікірін айтты.

«Ұйымға мүше мемлекеттер Қазақстанның төрағалығын алдағы 2 жылға созуға уәделесті. Бұл Қазақстан тарапынан ұсынылған ұсыныстарды толыққанды орындауға берілген уақыт. Ендігі 2 жылда артылған сенімді ақтау керек. Өйткені, бұның нәтижесінде Қазақстанның Азиядағы рөлі қаншалықты деңгейде артатыны белгілі болады», - деді сарапшы.

АӨСШК елдерінде транзит пен коммуникацияның тұрақтылығы экономикалық өсім үшін өте маңызды

ҚР Президенті жанындағы Қазақстандық стратегиялық зерттеулер институтының (ҚСЗИ) ғылыми қызметкері Әлия Мұсабекова АӨСШК VI саммитінде Мемлекет басшысының Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесін толыққанды ұйымға айналдыру туралы ұсынысына қатысты пікір білдірді.

Оның сөзінше, соңғы 30 жылда Азия әлемдік полюс ретінде қалыптасып, континенттің экономикалық, технологиялық, демографиялық әлеуеті артып келеді.

Сондай-ақ сарапшының пайымынша, Қазақстанның Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесіне екі жылдық төрағалығының негізгі нәтижесі сенім шараларының жаңартылған каталогы болып отыр.

«Менің ойымша президент Тоқаевтың АӨСШК-ні тұрақты өзара байланыс жөніндегі кеңесін құру туралы ұсынысы маңызды бастама болды. Пандемия басталғаннан бері біз көлік және логистика саласында келеңсіз құбылыстарды байқаймыз. Өткен жылы жүк тасымалының бағасы соңғы 10 жылдағы ең жоғары деңгейге жетті. АӨСШК елдері үшін транзит пен коммуникацияның тұрақтылығы экономикалық өсім үшін өте маңызды», - деді Әлия Мұсабекова.

Айта кетейік, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев АӨСШК-ге мүше мемлекет басшыларын марапаттады.


Соңғы жаңалықтар