ArcelorMittal Қазақстанды сотқа бере алмайды – министр
ArcelorMittal компаниясы Қазақстан Республикасына қатысты талаптардан, сот талабынан толық бас тартатыны туралы келісімге қол қойды. Бұл туралы ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев айтты, деп хабарлайды Kazinform.
«Келіссөздер аясында ArcelorMittal Қазақстан Республикасына ешқандай талап қоймайтынын ерекше айтқым келеді. ArcelorMittal Қазақстан Республикасына қатысты талаптардан, сот талабынан, басқа да қараушылықтардан толық бас тартатыны туралы келісімге қол қойды. Келісім халықаралық құқық нормаларын толық сақтай отырып, құқықтық негізде жасалды», — деді Қанат Шарлапаев Үкімет үйінде өткен брифингте.
Бұған дейін Қ. Шарлапаев Қазақстан ArcelorMittal-дың екі кәсіпорнын 3,5 млрд доллардан 286 млн долларға арзандатып алғанын, мұны еліміздің ірі және табысты келіссөзі болғанын айтқан еді.
Айта кетейік, бүгін «АрселорМиттал Қазақстанның» жаңа инвесторы анықталды. Жаңа инвестор – қазақстандық бизнесмен Андрей Лаврентьев. Ол 1979 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. «Allur Group» компаниялар тобының Директорлар кеңесінің төрағасы, оның құрамында «Агромашхолдинг» және «СарыарқаАвтоПром» ЖШС бар. Компаниялар тобы Chevrolet, KIA, JAC және LADA автобрендтерінің Қазақстан аумағындағы ресми өндірушісі және дистрибьюторы.
Сондай-ақ, «АрселорМиттал Теміртаудың» атауы «Қармет» деп өзгеруі мүмкін.
Kazinform агенттігі «АрселорМитталТеміртау» тарихында қандай апаттар болғанына шолу жасаған еді.