Армения мен АҚШ TRIPP жобасы бойынша алғашқы құжатқа жақын арада қол қояды
АСТАНА. KAZINFORM – Армения мен АҚШ инфрақұрылымдық TRIPP жобасын іске асыруға қатысты алғашқы бірлескен құжатқа алдағы күндері немесе аптада қол қояды. Бұл туралы Арменияның сыртқы істер министрі Арарат Мирзоян 2025 жылғы сыртқы саяси қызметтің қорытындыларына арналған эфирде мәлімдеді, деп хабарлайды Kazinform меншікті тілшісі.
Министрдің айтуынша, жобаның практикалық кезеңі, соның ішінде құрылыс жұмыстарының басталуы 2026 жылдың екінші жартысында жоспарланып отыр. Сонымен қатар тараптар өңірлік коммуникацияларды ашу мәселесінде мемлекеттердің егемендігі, аумақтық тұтастығы мен шекаралардың мызғымастығы сөзсіз сақталуы тиіс деген ұстанымды растаған.
Арарат Мирзоянның атап өтуінше, жобаның алғашқы іске асырылатын құрамдас бөлігі ретінде теміржол қатынасы қарастырылған. Бұл Арменияның халықаралық нарықтарға тұрақты шығуын қамтамасыз етіп, экспорт, импорт және транзиттік тасымал мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған. Аталған бағыт тек өңір елдері үшін ғана емес, Орталық Азия мен Еуропа мемлекеттерін қоса алғанда, үшінші елдер үшін де маңызды болмақ.
Сондай-ақ министр америкалық тараппен жобаның құқықтық негіздерін келісу, міндеттерді бөлу және техникалық параметрлерді нақтылау бойынша белсенді жұмыс жалғасып жатқанын хабарлады.
Бұған дейін Арменияның премьер-министрі Никол Пашинян парламент отырысында TRIPP көлік бағытының құрылысы ел аумағында 2026 жылдың екінші жартысында басталуы мүмкін екенін айтқан еді.
Ол сондай-ақ аталған көлік дәлізін жалға беру нұсқалары да қарастырылып жатқанын мәлімдеген болатын.