Армения мен Иран өңірдегі көлік дәліздерін қалпына келтіру мәселесін талқылады
ЕРЕВАН. KAZINFORM — Арменияның премьер-министрі Никол Пашинян Ереванға жұмыс сапарымен келген Иранның вице-президенті Сейед Хамид Пурмохаммадимен кездесті, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Еревандағы меншікті тілшісі.
Кездесуде Никол Пашинян Сейед Хамид Пурмохаммадидің сапарын жоғары бағалап, Армения мен Иран арасындағы үкіметаралық комиссия жұмысының тиімділігін арттыру маңызды екенін атап өтті. Оның айтуынша, екі ел түрлі салада бірлескен жобаларды табысты жүзеге асырып келеді. Бұл өз кезегінде екіжақты қарым-қатынастардың дамуына және нығаюына ықпал етеді.
Сейед Хамид Пурмохаммади Иран президенті Масуд Пезешкианның Никол Пашинянға жолдаған сәлемін жеткізіп, Армениямен ықпалдастықты одан әрі кеңейтуге мүдделі екенін айтты.
Тараптар кездесуде Армения мен Иран шекарасындағы инфрақұрылымды дамыту, жол құрылысы саласындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру, энергетика, ауыл шаруашылығы және өзге де бағыттардағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады.
Мұнымен бірге олар бүгінде жабық тұрған өңірдегі сауда дәліздерін ашу және өзара көлік байланысын қалпына келтіру мүмкіндіктері бойынша пікір алмасты.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Армения мен Грузия шекараны делимитациялау келіссөздерін қайта жандандырды.
Еске салайық, таяуда Дүниежүзілік армяндар саммитінде сөз сөйлеген премьер-министр Никол Пашинян Армения мен Түркия таяу жылдары дипломатиялық қарым-қатынас орнататуға ниетті екенін айтты.