Арменияның жаңа Конституция жобасы Венеция комиссиясының сараптамасына жіберіледі
АСТАНА. KAZINFORM — Арменияның жаңа Конституция жобасы сараптамалық қорытынды алу үшін Еуропа Кеңесінің Венеция комиссиясына жіберіледі. Бұл туралы ел премьер-министрі Никол Пашинян журналистерге арналған брифингте мәлімдеді. Бұл жөнінде Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі Armenpress-ке сілтеме жасап хабарлады.
Агенттіктің мәліметінше, үкімет басшысы оппозицияның Конституция жобасындағы кейбір ережелер Арменияның Еуропалық одаққа кіруіне кедергі келтіруі мүмкін деген сынына пікір білдірген.
— Осы мәселелерге жауап алу үшін жоба Венеция комиссиясына жіберіледі. Олардың не айтатынын көрейік, — деді Никол Пашинян.
Армения үкіметі жаңа Конституция жобасын 23 қарашада жариялады. Құжат қоғамда қызу талқылауға ұласып, онда ұсынылған ережелер мен олардың елдің алдағы саяси және сыртқы саяси бағытына ықтимал әсері қарастырылып жатыр.
Билеуші «Азаматтық келісім» фракциясының депутаты Арусяк Манавазянның айтуынша, жоба бойынша талқылау 2027 жылдың көктеміне дейін жалғасады. Пашинян да құжат түскен ұсыныстар ескеріле отырып пысықталатынын, алайда оның мазмұны «Шынайы Армения» идеологиясына сәйкес болуы керегін айтты.
Еске салайық, бұған дейін Әзербайжанның сыртқы істер министрі Джейхун Байрамов Арменияның жаңа Конституция жобасында Әзербайжанға қатысты аумақтық талаптардың болмауын оң бағалайтынын мәлімдеген еді.