Арыстағы әскери бөлім аумағында жарылыстар тыйылды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Арыстағы әскери бөлім аумағындағы оқ-дәрі қоймасында жарылыстар тыйылды. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Арыстағы әскери бөлім аумағында жарылыстар тыйылды

«25 маусым, сағат 12.00-дегі жағдайға сәйкес, әскери бөлімше аумағында қазіргі уақытта жарылыстар тіркелген жоқ. ҚР Ішкі істер министрлігінің 1 200-ден астам қызметкері мен 180-ден астам техникасынан жасақталған күштері мен жабдықтары оқиға орнында қалып отыр», - деді ол.

Оның айтуынша, кеше және түні бойы жүргізілген жұмыстар жеке тұрғын үйлердегі өртті сөндіруге бағытталған.

«Жалпы 45 өрт сөндірілді. Оның 21-і тұрғын үй өрті, 9 қора-қопсы өрті. Сонымен қатар оқ-дәрі ұшуынан тұтанған 19 дала өрті сөндірілді. Түркістан облыстық полиция департаменті мен Ұлттық ұланның әскери бөлімдері Арыс қаласында талан-таражға жол бермеу үшін шолғындау жұмыстарын жүргізді. Өткен тәуліктің ішінде 3 адам ұсталып, тонау фактісі тіркелді», - деді Юрий Ильин.

Еске сала кетсек, Арыс қаласындағы әскери бөлімнің қоймасында 24 маусым күні таңертең жарылыс болды. Апат салдарынан екі адам мерт болды.

Түркістан облысына арнайы барған Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Арыстағы әскери бөлімшедегі оқ-дәрі қоймасындағы жарылыстан зардап шеккен қала тұрғындарымен кездесіп, қаланың қалпына келтірілетініне уәде берді.

Бүгінгі Үкімет отырысында Премьер-Министр Асқар Мамин жарылыс салдарынан көз жұмғандардың туған-туыстарына көңіл айтып, тұрғындарға барлық көмек көрсетілетіндігіне уәде берді.

Жалпы кешегі аласапыран кезде мыңдаған ата-ана баларынан көз жазып қалған болатын. Қазіргі уақытта олардың барлығы да балаларымен қауышты, барлығы дін-аман.