Аса ауыр қылмыс жасағаны үшін күдікті Әзербайжаннан экстрадицияланды
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы мен Ішкі істер министрлігінің қызметкерлері Қазақстанның Әзербайжандағы Елшілігінің көмегімен аса ауыр қылмыстар, оның ішінде адам өлтіру мен қарақшылық жасағаны үшін іздеуде жүрген Қазақстан азаматын Әзербайжан Республикасынан экстрадициялады.

— Өткен жылдың қазанында күдікті басқа адаммен топ болып, таныс кәсіпкерді кездесуге алдап шығарып, оны есінен танғанша ұрып-соғып, жалпы құны 40 млн теңгеге жуық мүлкін иемденіп, кейін Алматы қаласының сыртына алып шығып, өлтірген, — делінген хабарламада.
Күдіктілердің бірі ізін суытпай ұсталып, ал екіншісі жасырынып, оған халықаралық іздеу жарияланды.
Ағымдағы жылдың қаңтарында ол Әзербайжан аумағында ұсталып, Қазақстан Бас прокуратурасының сұрауы бойынша отанына экстрадицияланды.
Қазіргі уақытта ол тергеу изоляторына қамалды.
Айыпталған қылмыстарды жасағаны үшін мүлкін тәркілеп, 20 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру түріндегі жазалар көзделген.
Бұған дейін хабарланғандай, Астанада 49 адам 82 млн теңгесінен айырылып, сан соғып қалған еді.