Astana AI Film Festival финалистері фестиваль туралы әсерлерімен бөлісті
АСТАНА. KAZINFORM — Астанада өткен алғашқы халықаралық жасанды интеллект фестивалі — AAIFF 2026 финалистері шарадан алған әсерлерін айтып, фестивальге тағы да қатысуға ниетті екенін жеткізді, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.
Аргентинадан келген AAIFF финалисі Габриэль Босизио (Gabriel Bosisio) сторителлингтің мәдени әлеуеті мен оқиғалардың адамдарды шекараларға қарамастан біріктіре алатынын атап өтті. Оның айтуынша, өзі компьютер көмегімен жасаған жұмыстың Астана жастарының көңілінен шыққанын көру ерекше әсер қалдырған.
— Жасанды интеллект сторителлинг арқылы көптеген кедергіні жоюға қабілетті, — деді ол.
Аргентиналық финалист жасанды интеллекттің дамуын кинокамераның пайда болуымен салыстырып, оны кинематографияның болашағына күтпеген өзгерістер әкелуі мүмкін жаңа технология деп атады.
Ал Оңтүстік Кореядан келген Astana AI Film Festival финалисі Кан Дэхён (Kang Daehyeong) бастапқыда өз идеясын қатысушылар саны көп байқаудан өткізе алатынына күмәнданғанын айтты. Сондықтан финалға шығуы ол үшін күтпеген жағдай әрі үлкен мәртебе болған.
— Алғаш рет өтінім беріп, тіркелген кезде қатысушылардың санын көріп, «Менің де қолымнан келе ме?» деп ойладым. Болашақта қайтадан фестивальге қатысу үшін осында келуге мүмкіндік болса, бұл керемет болар еді. Егер келесі маусым өтсе, міндетті түрде тағы да өтінім беремін, — деді Кан Дэхён.
Ол алдағы фестивальдерде кинода жасанды интеллектіні қолдану арқылы ашылатын мүмкіндіктерді әрі қарай зерттей беруге үміт білдірді.
Еске салайық, Мемлекет басшысы Astana AI Film Festival жасанды интеллект қолданған фильмдердің бірінші халықаралық байқауында сөз сөйлеп, аталған фестивальдің ерекшелігін атап өтті.
Астанада Astana AI Film Festival (AAIFF 2026) аяқталды. Жасанды интеллект көмегімен жасалған фильмдер фестивалі 1-3 қазан аралығында өтті. Биыл байқауға әлемнің 125 елінен 8 067 өтінім түсіп, олардың арасынан 25 жұмыс финалға өтті.
Фестивальдің жалпы жүлде қоры 2 млн долларды құрады. Оның жартысы жүлдеге, қалған бөлігі перспективалы AI-командаларды қолдауға және Қазақстандағы өндірісті дамытуға бағытталды.
Қазақстандық автор Мырзахан Жұмахан Astana AI Film Festival фестивалінде «Үздік кейіпкер» номинациясында жеңіске жетті. Халықаралық қазылар алқасы оның «It Was Just a Joke» («Бұл жай ғана әзіл еді») комедиясын жоғары бағалады.
Astana AI Film Festival жеңімпаздарының бірі италиялық автор Якопо Реале өзінің жетістік жолы жайында айтып берді.
Ал Astana AI Film Festival жеңімпазы Николай Шестактың (Латвия) Астанадағы халықаралық кинофестивалі өзінің өнерін барша әлемге танытуға мүмкіндік бергенін айтты.