Астана мен Алматы көшелерінде тұрақтар тегін бола ма
АСТАНА. KAZINFORM — Астана мен Алматы қалаларында ақылы жеке тұрақтар жүйесі тоқтатылуы мүмкін. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады.
— «Құрылыс кодексі» жобасын қарау барысында жұмыс тобы мен ұсынған түзетуді қолдады. Яғни, Жер кодексінің 109-бабына енгізілген өзгерістер арқылы Астана мен Алматыдағы көшелерде орналасқан ақылы тұрақтарды алып тастаймыз, — деп жазды Бақытжан Базарбек.
Депутаттың айтуынша, Алматы қаласында бұған дейін жеке фирмалар арқылы ақылы тұрақтар ұйымдастырылып, одан түскен қаражат қаланың емес, делдал компаниялардың пайдасына жұмыс істеген.
— Инфрақұрылымға ешқандай инвестиция салынған жоқ, тұрақтарда тәртіп орнаған жоқ. Тек күмәнді жолмен иемденілген орындар мен сол арқылы байығандар ғана болды. Дағдарыс кезінде халықтың есебінен табыс табу — қоғамға қарсы қылмыс, — деді Бақытжан Базарбек.
Оның бастамасын бірнеше депутат қолдаған. Қазір түзету салалық комитеттің қарауында.
— Мен сенемін, әділетсіз ақылы тұрақ жүйесі толық жойылады. Бұл әділеттіліктің орнауына жасалған нақты қадам. Енді дүйсенбі күні салық комитетінің соңғы шешімін күтеміз, — деп қорытындылады депутат.
Еске салсақ, Астананың Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасы «Астана тұрақ кеңістігіне» қатысты мәселені шешу жұмыстары қай кезеңде екенін және тұрақ тарифіне қатысты түсінік берген еді.
Сонымен қатар елордада ақылы тұрақтарды әкімдік қарамағына қайтару процесі қалай жүргізілетінін жазғанбыз.
Сондай-ақ Астанада былтыр ақылы тұрақ ақысын төлемеген жүргізушілерге 2 млрд теңге айыппұл салынғаны анықталды.