Астанада боранға байланысты барлық қызмет түрі күшейтілген режимге көшті

АСТАНА. KAZINFORM – Елордада боран мен қатты желге байланысты қаланың барлық қызметі күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. 

Астана боран
Фото: Kazinform / Әділет Бірімқұлов

Бүгін Астанада ауа райының қолайсыздығына байланысты екінші ауысымда мектеп оқушылары сабақты онлайн оқыды. 

Астана боран
Фото: Kazinform / Әділет Бірімқұлов

«Ауа райының қолайсыздығына байланысты екінші ауысымның 0-9 сынып оқушылары қашықтан оқу форматына ауыстырылды», - деп хабарлады елорданың білім басқармасы.

Түске қарай қала маңына қатынайтын автобустар тоқтатылды. «City Transportation Systems» ЖШС қоғамдық көліктердің жүрмеуін ауа райының қолайсыздығынан бірқатар жолдың жабылуымен байланыстырды. 

Астана боран
Фото: Kazinform / Әділет Бірімқұлов

Сондай-ақ боранға байланысты елорда әуежайының жұмыс кестесіне шектеулер қойылды. Атап айтқанда, Астанадан ұшатын 7 рейс және ұшып келетін 8 рейс тоқтатылды. 

Әуежай мәліметінше, бүгін елорда әуежайында 72 рейс жоспарланған болатын. Оның ішінде ұшатын 7 рейс, ұшып келетін 8 рейс тоқтатылды. Сонымен қатар, ұшуға 6 рейс, ал ұшып келуге 12 рейс уақыты кешіктірілді. Бұл кідірістер мен тоқтатулар қолайсыз метеожағдайлармен және ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша қабылданып жатқан шаралармен байланысты. 

Астана боран
Фото: Kazinform / Әділет Бірімқұлов

Кешіккен және тоқтатылған әуе рейстері туралы ақпаратты Астана халықаралық әуежайының ресми сайтынан nn-airport.kz қарауға болады. Сондай-ақ елорда әуежайында тәулік бойы байланыс орталығы жұмыс істейді: 8(7172) 702-999. 

Одан бөлек, Астанада автокөліктің көше ортасында аударылып қалғаны туралы хабарлаған едік.

Астана боран
Фото: Kazinform / Әділет Бірімқұлов

Осы орайда Полиция департаменті ауа райының қолайсыздығына байланысты жүргізушілерге жолда мұқият болуды, жылдамдық пен арақашықтық режимін қатаң сақтауды ескертеді. 

Ауа райының қолайсыздығына байланысты Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек елордалықтарға үндеу жасады.

«Боран мен қатты желге байланысты қаланың барлық қызметі күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Коммуналдық қызметтер тәулік бойы қала көшелерін қардан тазартып, қажет жағдайда жолдар мен тротуарларға құм-тұз қоспасын себуді жалғастыруда. Қарт кісілер мен балалар жарақат алмас үшін сыртқа шықпағаны жөн», - деп жазды елорда әкімі Instagram-дағы парақшасында. 

Астана боран
Фото: Kazinform / Әділет Бірімқұлов

Сонымен қатар қала басшысы жүргізушілер мен жаяу жүргіншілер жолда өте мұқият болып, арақашықтықты және жол қозғалысының барлық ережесін сақтауы керектігін ескертті. 

«Сол сияқты ауа райының өзгеруі және енгізілген шектеулер, оның ішінде қаланың тас жолдарына қатысты ақпаратты назарда ұстауды сұраймын», - дейді Ж. Қасымбек. 

Соңғы жаңалықтар