Астанада екі жаңа перзентхана бой көтереді

АСТАНА. KAZINFORM — Елорда әкімі Жеңіс Қасымбек қаладағы медициналық нысандар тапшылығы қалай шешілетінін, қай аудандарда жаңа емханалар ашылатынын айтып берді.

нәресте, ана мен бала, аңсаған сәби, перзентхана
Фото: СҚО әкімдігі

Әкімнің айтуынша, медициналық инфрақұрылым тапшылығы әлі де сақталып отыр.

— Бұл мәселені шешу мақсатында Есіл мен Нұра аудандарында екі емхана, Алматы ауданында перинаталдық орталық, жаңа көпсалалы қалалық аурухана және Есіл ауданында балаларға арналған травматологиялық пункттің құрылысы басталады. Қалалық № 2 аурухананың қабылдау-диагностикалық кешенінің құрылысы аяқталуға жақын. Сондай-ақ Сарыарқа ауданында перинаталдық орталық салу жобасы қолға алынды, — деді Ж. Қасымбек Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде.

Сонымен бірге, спорттық объектілер желісі қарқынды түрде дамып келеді. Орталық саябақта Инклюзивті спорт орталығы мен Шаңғы базасы ашылып жатыр.

— «Қазақстан» спорт сарайы мен Қ. Мұңайтпасов атындағы стадионды қайта жаңғырту жұмыстары жалғасуда, олардың аяқталуы келесі жылға жоспарланған, — деді елорда әкімі.

Бұған дейін Ж. Қасымбек 2026 жылы Астанада тағы 12 мектеп салынатынын айтқан еді.

Сонымен бірге, Астанадағы жеңіл рельсті көлік (LRT) жүйесі алдағы 1-2 айда іске қосылады.

Соңғы жаңалықтар