Астанада халық саны 1,6 миллион адамнан асты – Инфрақұрылым дайын ба

АСТАНА. KAZINFORM – Қараша айында елордадағы халық саны 1,6 миллион адамнан асқан. Халықтың жыл сайынғы өсімі қалаға жүктемені арттырып, үлкен жауапкершілікті жүктейді. Бұл туралы Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек есептік кездесуінде айтты.  

Астанада халық саны 1,6 миллион адамнан асты – Инфрақұрылым дайын ба
Фото: Kazinform

Әкімнің айтуынша, орта есеппен халық саны жыл сайын шамамен 7 пайызға немесе 100 мың адамға артады.

– Маятниктік миграция есебінен елордаға күніне 200 мыңнан астам адам келеді. Сондай-ақ 100 мыңға жуық тіркелмеген азамат бар. Тұрғындар санының артуы инфрақұрылымның алдын ала дамуын талап етеді. Өздеріңіз білетіндей екі жыл бұрын қала су мен жылу қуатының жетіспеушілігіне тап болды. №3 сорғы-сүзгі станциясы мен Астана су қоймасынан екінші су құбыры желісін аяқтау арқылы қосымша тәулігіне 60 мың текше метр ауыз су қамтамасыз етілді. Жалпы алғанда, қаланың су тұтыну көлемі тәулігіне 350 мың текше метрді құрайды, - деді Ж. Қасымбек Орталық коммуникациялар қызметінде.

Биыл төртінші сорғы-сүзгі станциясының құрылысы басталды, ол қаланы алдағы ондаған жыл бойы тұрақты сумен жабдықтауды қамтамасыз етеді.

– Бірінші кәріз-тазарту станциясының қуаты артуда, екінші станциясының құрылысы басталды. Индустриалды парк, Көктал және Өндіріс тұрғын алаптарында жергілікті кәріз-тазарту құрылғылары жобаларын жүзеге асырып жатырмыз. Бұл жобаларды 2027-2029 жылдар аралығында аяқтап, су бұру мәселелерін толықтай шешеміз, - деді елорда әкімі.

Сонымен бірге, жаңа жылу көздерін енгізу жылу жүйесінің қуатын 34 пайызға арттырды. Қазіргі жылыту маусымы штаттық режимде өтіп жатыр. Мысалы, бүгін минус 20 С температурасында жылу профициті сағатына 1500 Гкал құрайды.

– Жылу қуаттарын сақтап қалу үшін жаңа «Тельман» газ жылыту станциясының құрылысы жүріп жатыр. Екінші жылу электр орталығын кеңейтуге дайындық және үшінші жылу орталығының келесі кезегін жоспарлау басталды. Президент тапсырмасына сәйкес, елорданы газдандыру аяқталуда. Қаланың 95 пайызы қамтылып, газ 14 тұрғын алапқа жеткізілді. Келесі жылы 100 пайызға жетеміз, - деді Жеңіс Қасымбек.

Бұған дейін елорданың қысқы маусымға қалай дайындалғанын хабарлаған едік.

Соңғы жаңалықтар