Астанада халықаралық француз мектебінің іргетасы қаланды
АСТАНА. KAZINFORM – Астанада Қазақстан мен Францияның білім беру саласындағы бірлескен жобасы – Халықаралық француз мектебінің құрылысы салтанатты түрде басталды. Болашақ лицей жобасының тұсаукесері өтіп, мектеп кіреберісіндегі ескерткіш тақта ашылды.

Бұл жоба Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Франция Президенті Эммануэль Макрон арасындағы келісімдер аясында жүзеге асырылып жатыр. Пансионы бар бұл мектеп француз және қазақстандық білім беру стандарттарына сай жұмыс істемек.
Салтанатты іс-шараға Францияның Сыртқы сауда және шетелдегі француздар жөніндегі уәкілетті министрі Лоран Сен-Мартен арнайы қатысты.
− Астанадағы француз мектебі, сондай-ақ жақын арада есігін ашатын Алматыдағы мектеп жас қазақстандықтарға француз, қазақ, ағылшын және орыс тілдерінде білім алуға мүмкіндік береді. Француз үлгісіндегі аттестат алған түлектер Франция мен Еуропаның үздік университеттеріне тікелей түсе алады. Француз халықаралық білім беру желісі – өте бай әрі өте тығыз құрылым, әлемнің көптеген елдерінде жүздеген оқу орнын қамтиды. Астанада да осындай тамаша оқу орнын ашу – біздің дипломатиялық байланыстарымызды нығайту үшін маңызды қадам екені анық, − деді Лоран Сен-Мартен.

Жоспар бойынша, Орталық Азиядағы халықаралық деңгейдегі жетекші білім ордасының бірі болуға үмітті бұл мектеп 2026 жылы 1 қыркүйекте алғашқы оқушыларын қабылдайды.
− Астанадағы Халықаралық француз мектебінің алғашқы кірпішінің қалану рәсімі сөзсіз, білім саласындағы айтулы оқиғаға айналмақ. Бұл жай ғана жаңа мектеп салу емес – Қазақстан мен Францияның білім саласындағы ынтымақтастығының тереңдей түскенінің белгісі. Бұл мектеп архитектуралық және білім беру жағынан үлгі болып, елдеріміз арасындағы шынайы көпірге айналарына сенімдіміз, − деді Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев.



Айта кетейік, Астанада Қазақстан мен Франция арасындағы іскерлік байланыстарды дамытуға арналған Қазақстан-Франция бизнес-форумы өтті. Қазақстанда француз инвестициясы бар 170 компания жұмыс істейді.