Астанада қардың аз жаууы бюджет қаржысын үнемдеуге көмектесті — әкім

АСТАНА. KAZINFORM — Астана әкімі Жеңіс Қасымбек қардың аз жаууына байланысты қар тазалау жұмыстарына жұмсалатын қаражаттың үнемделгенін айтты.

уборка снега, вывоз снега, грузовые машины, қар тазалау
Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте тілшілер қардың аз жаууына байланысты қар шығару жұмыстарында үнем болды ма деген сұрақ қойды.

— Әрине, қарсыз өткен әрбір күн белгілі бір деңгейде үнем жасауға көмектеседі. Бұл жауын-шашын көлеміне қарай күніне 50-100 млн теңгені, кейде одан да көп соманы құрауы мүмкін. Бірақ бізде бұрын да дәл осындай емес, алайда соған ұқсас қыстар болғанын түсінеміз: қар кейінірек көп жауған кездер де болған. Екі жыл бұрын күз жаңбырлы болып, қар кеш жауды, алайда қаңтар-ақпан айлары қарлы болды. Сондықтан біз әзірге күтіп отырмыз, қар бәрібір керек, әсіресе диқандар егін егетін көршілес облыстарға керек. Менің ойымша, қыс әлі өз дегенін жасайды, — деп жауап берді Астана әкімі.

Сонымен бірге, елорда әкімі қазір Астанадан шығарылып жатқан қар көлемі өткен қыспен салыстырғанда 2-3 есе аз екенін айтты.

Бұған дейін Жеңіс Қасымбек елордада екінші әуежай салынуы мүмкін деген қауесет жөнінде пікір білдірді.

Оған қоса, әкім Кіші Талдыкөлдегі экопарк құрылысының не себепті биыл басталмағанын түсіндірген еді.

Соңғы жаңалықтар