Астанада STEM-олимпиадасына 7 елден 250-ден аса адам қатысып жатыр
АСТАНА. KAZINFORM — Астанада жылдың ең ауқымды білім беру іс-шараларының бірі — «Білімдегі инновациялар» халықаралық STEM-олимпиадасы және Халықаралық роботтар шайқасы басталды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Мұндай деңгейдегі іс-шаралар Қазақстанның заманауи білім беру үрдістеріне белсенді қатысушы мемлекет ретіндегі халықаралық беделін нығайтады. Олимпиада 22-24 қараша аралығында өтеді. Оған Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей, Түркия, Үндістан және Моңғолия елдерінен 250-ден астам қатысушы жиналды. Үш күн бойы мектеп оқушылары робототехника, бағдарламалау, инженерия және 3D-модельдеу бағыттары бойынша өз жобаларын таныстырады.
Сондай-ақ STEM пәндерінің ұстаздары үшін жеке кәсіби олимпиада ұйымдастырылған.
Қатысушылардың жұмыстарын инженерлер, бағдарламашылар және әлемдік технологиялық чемпионаттардың жеңімпаздары қатарынан құралған халықаралық сарапшылар бағалайды.

Жеңімпаздарды дипломдар, медальдар және серіктестердің арнайы сыйлықтары күтеді.
Астана қаласының Цифрландыру және мемлекеттік қызметтер басқармасының басшысы Берік Ахметовтің айтуынша, мектеп оқушыларының технологиялық бағыттарға қызығушылығы аса маңызды рөл атқарады.
— Олимпиаданың жыл сайын кеңеюі — біз үшін қуаныш. Өйткені қала адами капиталды дамытуға мүдделі. Біздің оқушылар — Астананың болашағына оң әсер ететін инновациялық шешімдердің негізі, — деді ол.
Биылғы олимпиада Астана IT саласындағы жаңа мүмкіндіктердің таныстырылымына да алаң болды. Ахметовтің айтуынша, Астанада жас мамандар үшін инфрақұрылым мен қолайлы жағдайлар белсенді дамып келеді.
— Балалар инженерия, робототехника және информатика бағыттарына ден қоя алатындай орта қалыптастырып жатырмыз. Қалада Халықаралық жасанды интеллект орталығы ашылды, енді AI Lab іске қосылады. Бұл жерде оқушылар мен студенттер нақты қалалық жобалармен айналыса алады.Үздік идеялар қалалық сервистерге енгізілуі үшін қолдау алады, — деді ол.

Іс-шара Астана әкімдігі, «Астана Innovations» АҚ, «Дарын» ұлттық орталығы, «Астана дарыны» орталығы, қалалық білім басқармасы және «STEM Academia» тарапынан ұйымдастырылды. Олимпиада қатысушыларға халықаралық сараптама, жаңа кәсіби байланыстар және шетелдік жарыстарға жолдама алу мүмкіндігін береді.
STEM Academia жетекшісі Залқарбек Мұратәліұлы олимпиаданың тұрақты дәстүрге айналғанын атап өтті.
— Біз STEM-олимпиаданы оныншы жыл қатарынан өткізіп отырмыз. Әр жылы балалардың техникалық мамандықтарға қызығушылығы артып келеді. STEM болашақ инженерлерді дайындаудың тиімді тәсілі. Әсіресе биыл алыс шетелден де қатысушылардың келуі — бәсекені күшейтіп, жарыстың деңгейін жаңа сатыға көтерді. Барлық қатысушы өз қабілетін көрсетуге тырысады деп сенемін. Жеңімпаздарға шетелдегі халықаралық STEM-олимпиадаға қатысу мүмкіндігі беріледі, бұл әлемдік деңгейде өзін танытуға үлкен мүмкіндік, — деді ол.
Қатысушылар да іс-шараның атмосферасы ерекше көңіл күй сыйлайтынын айтады.
— Астанада бізді өте жылы қарсы алды. Ұйымдастыру деңгейі жоғары. Мұндай ауқымды шарада түрлі елден келген оқушылармен бәсекелесу — біз үшін үлкен тәжірибе. Бар күшімізді салып, үздік нәтиже көрсетуге тырысамыз, — деді Өзбекстаннан келген Мухаммадрасул есімді қатысушы.
Халықаралық STEM-олимпиада мен Роботтар шайқасының басты мақсаты — инженерлік ойлауды дамыту, техникалық мамандықтарды танымал ету және білім беру саласындағы халықаралық ынтымақтастықты кеңейту.
24 қарашада Назарбаев Университетінде өтетін финалда салмағы 15 килограммға дейінгі «жауынгер» роботтар күш сынасқан шешуші жарыс өтеді.
Бұдан бұрын қазақстандық оқушылар Халықаралық олимпиадада сегіз медаль жеңіп алғанын жазған едік.