Атырау мұнай өңдеу зауытының бұрынғы бас директоры 2 ай үй қамақта отырады

Атырау мұнай өңдеу зауытының бұрынғы бас директоры 2 ай үй қамақта отырады
Фото: uralskweek.kz

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау мұнай өңдеу зауытының бұрынғы бас директоры Мұрат Досмұратовты үй қамақта отыратын болды. Бұл туралы Атырау қаласының мамандандырылған тергеу соты қаулы шығарды.

Облыстық соттың баспасөз қызметі ұсынған ақпаратқа қарағанда, Атырау қаласының мамандандырылған тергеу сотының 29 ақпандағы қаулысымен Мұрат Досмұратовқа қатысты 10 тәулік мерзімге күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы санкцияланған.

«Ал кеше, 4 наурызда Атырау қаласының мамандандырылған тергеу сотының қаулысымен М.Д. 2 ай мерзімге үй қамаққа жіберілді. Бұлтартпау шарасы оның денсаулық жағдайына байланысты өзгертілді», - деп хабарлады соттың баспасөз қызметі.

Еске сала кетелік, Мұрат Досмұратов 2022 шілдеде Атырау мұнай өңдеу зауытының бас директоры болып тағайындалған еді.

Ол бұл қызметті биылғы қаңтарға дейін атқарды. Оны Ғалымжан Жусанбаев алмастырған болатын.

Ал ақпанда «ҚазМұнайГаз» комиссиясы Атырау мұнайын өңдеу зауытын тексеруді бастап, кейін бас директор Ғалымжан Жусанбаев пен бас инженер Әділет Шошанбасов қызметінен босатылды.

Сондай-ақ Атырау мұнай өңдеу зауыты басшылығына қылмыстық іс қозғалды.

Соңғы жаңалықтар