Атырау мұнай өңдеу зауытының мердігер компаниясы тексеріліп жатыр

АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырау мұнай өңдеу зауытының қондырғысын жөндеген мердігер компанияны тексеру басталды.

Атырау мұнай өңдеу зауыты
Фото: Атырау мұнай өңдеу зауыты

Кәсіпорынның баспасөз қызметінің мәліметінше, Атырау мұнай өңдеу зауытының қауіпсіздік қызметі мердігер компаниядан заң бұзушылықты анықтаған. 

— Антикордың тексерісі зауыттың мердігер компаниясына қатысты жүргізіліп жатыр. Бұған дейін АМӨЗ-дің қауіпсіздік қызметі баяу кокстеу қондырғысына жөндеу жүргізген мердігер компанияға қатысты заң бұзушылықтарды анықтаған еді. Зауыт соған байланысты 2024 жылдың 13 желтоқсанында сот органдарына жүгінді. Сонымен қатар материалдарды экономикалық тергеу департаментіне жолдады. Зауыттағы кейбір құжат тексерілгенімен, бұл тек мердігер компанияға қатысты тергеу аясында ғана жүзеге асырылды. Қазір тергеу амалдары жалғасып жатқандықтан, өзге ақпарат жариялауға жатпайды, — деп хабарлады зауыттың баспасөз қызметі.

Баспасөз қызметі тексеру қай компанияға қатысты екенін нақтыламады. 

Бұл ретте Атырау мұнай өңдеу зауытының қондырғылары штатты режимде жұмыс істеп тұр. Өндірістік процесте кідіріс жоқ. 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын денесін өткір затпен кескен АМӨЗ қызметкері ауруханаға жеткізілгенін жазған едік. 

Кейін Атырау мұнай өңдеу зауытындағы оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалды.

Соңғы жаңалықтар