Атырау тұрғындарының 99,9%-ы су, газ және электрмен қамтылған
АСТАНА. KAZINFORM — Атырау облысында халықты сапалы ауыз сумен, көгілдір отынмен, электр желілерімен қамтамасыз ету 99,9% жеткен. Бұл 713 мыңнан аса адамның өмір сапасын жақсартты. Бұл туралы өңір әкімі Серік Шәпкенов есептік баяндамасында айтты.
Әкімнің айтуынша, тұрақты және сапалы қызмет көрсету аясында бірқатар инфраструктуралық жоба іске асырылған.
— Атап айтсақ, Атырау қаласы мен Мақат тұрғындарын ауыз сумен үздіксіз қамту мақсатында № 5 сүзгі стансасы қайта жаңғыртылып, су тұтыну көлемі тәулігіне қосымша 50 мың текше метрге артты. Бұдан бөлек, бес ауылда жазғы су желісінің 165 шақырымы толық салынды, — деді Серік Шәпкенов Орталық коммуникациялар қызметінде.
Атырау қаласы мен облыс аудандарында 302 шақырым электр желісі жаңартылды, Нұрсая ықшамауданындағы 66 шақырым желі заманауи, қауіпсіз кабельдерге ауыстырылды.
Сонымен бірге, қуаты 32 МВт «Нұрсая-Самал» қосалқы стансасының құрылысы аяқталды. Жүйені автоматтандыру мақсатында 30 дана автоматты қайта қосу құрылғысы орнатылды.
— Атырау қаласының оң жағалауында сағатына 120 мың текше метр газ тарататын станция мен 46 шақырым магистралды газ құбырының құрылысы аяқталып келеді. «Спутник» шағын ауданына газ беру жұмыстары сәтті аяқталып, нысан іске қосылды, — деді облыс әкімі.
Айта кетейік, Атырау облысында 20 жаңа жоба іске асырылып, 1 300-ден аса жұмыс орны ашылады.
Сондай-ақ, Атырауда кәсіпкерлікті дамытуға 9 млрд теңге бөлінген.
Атырауға 83 мыңнан астам турист келген. Әсіресе, ортағасырлық Сарайшық пен Қиғаш өзеніндегі Лотос алқабы туризмді дамытудағы басты бағыттарға айналған.