Атырауда экологиялық заңбұзушылықтар үшін 2,3 трлн теңге айыппұл салынды

АТЫРАУ. KAZINFORM — 2025 жылы Атырау облысы бойынша атмосфераға жіберілген шығарындылар көлемі 128,7 мың тоннаны құрады. 2024 жылы бұл көрсеткіш 117,8 мың тоннадан асқан. Осылайша, бір жыл ішінде шығарындылар көлемі 10,9 мың тоннаға артқан.

Деньги Ақша
Фото: Александр Павский/ Kazinform

Атырау облысы экология департаментінің мәліметінше, шығарындылардың көбеюі «Атырау жылу электр орталығы» АҚ, «Теңізшевройл» ЖШС, «Эмбамунайгаз» АҚ, «Матен Петролеум» АҚ, «Jasyl Energy» ЖШС, «West Dala» ЖШС, «Kazakhstan Petrochemical Industries Inc» ЖШС, «Caspian Offshore Construction Realty» ЖШС, «Спецавтобаза» ЖШС, «GPC Investment» ЖШС және «Karaton Operating Ltd.» ЖК қызметімен байланысты.

Ластаушы заттардың нақты төгінділері де артқан. 2025 жылы бұл көрсеткіш 15,959 мың тоннаны құраса, 2024 жылы — 15,725 мың тонна болған, яғни төгінді көлемі 0,234 мың тоннаға көбейген. Төгінділердің ұлғаюы негізінен «Теңізшевройл» ЖШС, «Атырау жылу электр орталығы» АҚ, «Caspian Offshore Construction Realty» ЖШС, «Ембімұнайгаз» АҚ және «Матен Петролеум» АҚ кәсіпорындарында байқалған.

2025 жылға белгіленген лимит бойынша атмосфералық шығарындылар көлемі 289,509 мың тонна болса, нақты көрсеткіш 128,798 мың тоннаны құрады. Ал төгінділер лимиті 42,878 мың тонна болып бекітілгенмен, былтыр бұл көрсеткіш 15,959 мың тонна болды. Қалдықтарды көму және жинақтау көрсеткіші белгіленген лимиттен төмен екені анықталды.

Мемлекеттік экологиялық бақылау аясында 2025 жылы департамент 32 тексеру жүргізген. Оның ішінде 13 профилактикалық бақылау, 15 жоспардан тыс және талаптарға сәйкестікке анықтау мақсатында жүргізілген 4 тексеріс бар.

— Бақылау нәтижесінде экологиялық заңнаманың 96 бұзушылығы анықталып, 30 нұсқама берілген. Барлық нұсқама орындалды. Анықталған заңбұзушылықтар бойынша 158 әкімшілік іс қозғалып, жалпы сомасы 2 трлн 360 млрд теңге көлемінде айыппұл салынған еді. Қазір 993 млн теңге мемлекет пайдасына өндірілді. Сондай-ақ шаруашылық қызметті тоқтата тұру туралы сотқа 3 талап-арыз жолданып, сот шешімімен қанағаттандырылды, — деді экология департаментінің басшысы Асқар Жүнісов.

2025 жылғы резонанстық істер бойынша салынған айыппұл көлемі қомақты. Атап айтқанда:

— «Ембімұнайгаз» АҚ — 10,9 млн теңге;
— «Karabatan Utility Solutions» ЖШС — 27,6 млн теңге;
— «ANACO» ЖШС — 897 млн теңге;
— «ҚоЖан» АҚ — 1,3 млн теңге;
— NCOC компаниясы — 2,3 трлн теңге;
— «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС — 34,1 млн теңге;
— «Потенциал Ойл» ЖШС — 9,2 млн теңге;
— «Теңізшевройл» ЖШС — 636,6 млн теңге.

Атырауда ауаның күкіртсутегімен жоғары ластануына «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС-нің, «КазТрансОйл» АҚ-ы, Атырау қаласының оң жақ бөлігінде орналасқан «Квадрат», сол жақ бөлігінде орналасқан «Тухлая балка» булану алаңдары, «Атырау облысы су арнасы» КМК қарасты қала ішіндегі кәріздік сорғы станциялары әсер етіп отыр. 2025 жылдың 12 айында Казгидрометтің Атырау қаласы мен Мақат ауданында орналасқан автоматтандырылған станцияларының деректеріне сәйкес, 2025 жылы атмосфералық ауаның күкіртсутегімен жоғары ластануының 136 (2024 жылы — 233) жағдайы, экстремалды жоғары ластанудың 1 (2024 жылы — 5) жағдайы тіркелген.

Осыған дейін өңір экологтері Атырау мұнай өңдеу зауытында былтыр желтоқсан айында және биыл қаңтарда бірнеше технологиялық қондырғы істен шығып, нәтижесінде факел арқылы атмосфералық ауаға 40 мың текше метр отын газы экологиялық рұқсатсыз шығарылғанын мәлімдеген еді.

Соңғы жаңалықтар
Референдум