Атырауда су тасқыны кезінде қап тасыған Пшон атты итке ескерткіш қойыла ма

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырауда көктемгі су тасқыны кезінде Жайық өзенінің жағалауында Пшон атты ит қап тасыған еді. Алайда қарашаның соңында бұралқы иттермен бірге жүрген оны атып кетті.

Пшон
Фото: instagram.com/azamat_kenjegaliev

Пшон – Атырау облысының Махамбет ауданындағы Сарытоғай ауылының тұрғыны Зәмзагүл Жаңабаева асыраған ит. Оның су тасқыны кезінде қап тасығаны да, кейін атылғаны да түрлі қоғамдық пікірге арқау болды.

Иесіне адалдығын танытқан итке ескерткіш қойылуы мүмкін бе? Әзірге мұндай мәселе қозғалып отырған жоқ.

Дегенмен, қазақстандық шебер Азамат Кенжеғалиев Пшонның скульптуралық пішінін жасауды қолға алды. Ол өзінің металдан жасап жатқан еңбегін әлеуметтік желідегі парақшасына жүктеді.

Бір ерекшелігі, иттің пішіні жүрек түріндегі темір бөлшектерінен құрастырылған. Шебер бұл жұмысын Пшонның атылғаннан бірнеше күн өткен соң бастаған.

Еске сала кетелік, бұған дейін Пшонның иесі Зәмзагүл Жаңабаева күшік кезінен асыраған иті қабаған емесін айтқанын хабарлаған едік.

Кейін иттің өліміне байланысты жергілікті полиция қылмыстық іс қозғағанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар