Атырауда жолаушылар 2 күннен бері ұша алмай жүр

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырауда қолайсыз ауа райына байланысты бірқатар әуе рейсі уақытында ұша алмай отыр. 15 қаңтарға қараған түннен бастап Хиуаз Доспанова атындағы Атырау халықаралық әуежайында рейстердің кешігуі тіркелді. 

Атырауда жолаушылар 2 күннен бері ұша алмай жүр
Фото: Нұрбибі Теміртасова

Х.Доспанова атындағы Атырау халықаралық әуежайының өкілі Дәулет Елеусіновтың айтуынша, бүгінде 9 рейс кейінге шегерілген. Жолаушылардың сөзінше, 15 қаңтар күні SCAT және FlyArystan әуе компанияларының ұшақтары ұшып кеткен. Ал Air Astana әлі де ұшу уақытын өзгертіп жатыр. Мұны әуежай қызметкерлері де растады. 

Әуежай іші жолаушыларға толы. Көпшілігі кешеден бері діттеген жеріне жете алмай, әбігерге түскен. Әуе компаниялары мен әуежай өкілдері рейстердің кешігуін ауа райымен және ұшып-қону жолағын тазалау жұмыстарының жалғасып жатқанымен түсіндірді. Мәселен, кеше Алматыға ұшуы тиіс болған жолаушылар әуежайда 12 сағаттан астам уақыт күткен. Олардың айтуынша, ұшу уақыты сағат сайын өзгеріп, ақыры рейс орындалмаған. Қазіргі жоспар бойынша бұл рейс бүгін кешкі сағат 21:00 шамасында жүзеге асуы тиіс. Алайда жолаушылар бұл уақытқа да күмәнмен қарап отыр. Атырау қаласының тұрғыны Жанар Шалқарованың айтуынша, олар кеше таңғы сағат 8:30-дан түнгі 02:00-ге дейін әуежайда отырған. 

– Біз кеше, 15 қаңтар күні Алматыға ұшуымыз керек еді. Таңғы 8:30-дан бері әуежайда жүрміз. Түнгі сағат 02:00-ге дейін болдық. Бортқа апарып, қайта әкелді. Алғашында қар тазалау жұмыстары аяқталғаннан кейін ұшамыз деді. Одан соң «экипаждың жұмысы аяқталды, ұшқыштар шаршады» деді. Ал SСAT пен FlyArystan ұшып жатыр. Сонда олардың ұшқыштары шаршамай ма? Air Astana ұшқыштары неге шаршайды дедік. Бізге «олар – әскери адамдар» деп жауап қатты, - деп пікір білдірді Атырау қаласының тұрғыны Жанар Шалқарова.

Атырауда жолаушылар 2 күннен бері ұша алмай жүр
Фото: Нұрбибі Теміртасова

Әуежай өкілдерінің мәліметінше, кешіктірілген 9 рейстің алтауы Air Astana, үшеуі SСAT әуе компаниясына тиесілі. Сонымен қатар кейбір әуе кемелері Атырауға қона алмай, көрші өңірлердің әуежайларына бағытталған. Бұған ұшып-қону жолағының дайын болмауы себеп болған. Жолаушылар арасында басқа қалалар арқылы шетелге шығуы тиіс азаматтар да көп. Олардың айтуынша, қосымша билеттері күйіп, жоспарланған іссапар мен демалыс кейінге шегерілген. Атырау қаласының тағы бір тұрғыны Жұлдыз Қатарованың айтуынша, рейстің сағат сайын кейінге қалдырылуы жоспарланған отбасылық демалысқа да ,балаларының денсаулығына да әсер еткен. 

– Біз бұл жерде 12 сағат отырдық, кете алмадық. Бір-екі сағат сайын кейінге шегеріп отырды. Егер түнгі екіде ұшамыз десе, үйден күтер едік. Бірақ әр сағат сайын кейінге қалдырған соң, әуежайдан шыға алмадық. Сол себепті балаларым ауырып қалды. Мұнда 4 баламен жүрген жалғыз менмін. Әуекомпаниясы мәселені туроператорларға ысырып отыр. Бірақ мұнда туроператордың кінәсі жоқ, - дейді ол.

Ал Air Astana жолаушылары компания тарапынан тиісті жағдай жасалмағанына шағымданды. Әуе компаниясы жолаушыларды қонақүймен және тамақпен қамтамасыз еткен. Алайда азаматтар тамақтың сапасы мен қонақүй жағдайына көңілдері толмайтынын айтты.

– Air Astana тарапынан ешқандай жағдай жасалған жоқ. Қонақүйге апарды, бірақ ол қонақүйде тұру мүмкін емес, жағдайы өте нашар. Тамақ та дәмді емес. Біз екінші тәулік бойы осылай жүрміз. Барлығы әуежайға сілтейді. Ал Атырау әуежайы жолды тазалап жатыр. Тіпті түнде бізге ыстық тамақ ұйымдастырды. Әрекет етіп жатқан – әуежай. Ал Air Astana мүлде қозғалыссыз. Бүгін 11-де ұшамыз деді, кейін 12:55 деді, енді 20:50-де ұшамыз дейді. Бәріміздің шаруамыз бар. Кейбірі шетелге ұшуы керек еді. Олардың билеті күйіп кетті, - деді жолаушы Аида Османова. 

Атырауда жолаушылар 2 күннен бері ұша алмай жүр
Фото: Нұрбибі Теміртасова

Ал Атырау халықаралық әуежайы өкілдері рейстердің кешігуіне табиғи құбылыстар себеп болғанын алға тартты. Хиуаз Доспанова атындағы Атырау халықаралық әуежайының ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі инженері Андрей Венгринюк мұндай жағдайдың сирек кездесетінін айтты. Халықаралық азаматтық авиация комитетінің (ИКАО) кодына сәйкес оның жағдайы «нөлдік» деңгейде бағаланып, қауіпсіздік мақсатында рейстер уақытша тоқтатылған. 

– 14 қаңтардан бастап жұмыстар жүргізіліп келеді. Сол күні кешкі сағат 20:00-де жолақты тазалап, бірнеше әуе кемесін қабылдадық. Бірақ түнде жауын-шашын қайта күшейді. Қар мен жаңбыр араласып жауды, көктайғақ пайда болды. Мұндай жағдай өте сирек кездеседі. Мен бұл салада 40 жылдан бері еңбек етемін, осындай жағдай екінші рет қана болып отыр. Бұған дейін шамамен 9–10 жыл бұрын болған. Кеше Алматыға ұшуы тиіс рейске келсек, жолақ дайын болды. Алайда экипаждың жұмыс уақыты аяқталғандықтан, рейс кейінге қалдырылды. Бұл – әуе компаниясының ішкі тәртібі, - деді ол. 

Әуежай мәліметінше, ұшып-қону жолағын тазалауға арнайы техника тартылып, 23 тоннадан астам арнайы химиялық реагент себілген.

Air Astana компаниясының Атыраудағы қызметкерлері мәселеге қатысты түсінік бермеді. Ал осыған дейін әуекомпаниясы әлеуметтік желі арқылы ұшу-қону аймағының талапқа сәйкес болмауына байланысты Атырауға қатысты рейстер ауыстырылғанын мәлімдеген еді. 

Осыған дейін Атырауда FlyArystan ұшағы арнайы жолақтан шығып кеткені жөнінде жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар