Атыраудағы отбасы өлімі: күдікті сотта марқұм қайынағасының аудиожазбасын тыңдатты

АТЫРАУ. KAZINFORM — 4 адамның өліміне қатысты сот отырысында айыпталушы Сұлтан Сарсемалиев өз телефонында сақталған аудиожазбаны дәлел ретінде ұсынып, оны марқұм Наурыз Мұқанғалиев тарапынан айтылған қоқан-лоққымен байланыстырды.

Атыраудағы отбасы өлімі: күдікті сотта марқұм қайынағасының аудиожазбасын тыңдатты
Фото: Видеодан скрин

Күдіктінің сөзінше, жанжал 2024 жылы Түркияға сапар кезінде басталған. Сол уақытта оның жүкті жұбайының денсаулығына байланысты дәрігерлер медициналық көрсеткішпен түсік жасатуды ұсынған. Кейін Қазақстанға оралған соң Наурыз Мұқанғалиев пен туыстары жүктілікті тоқтатуды талап еткен, алайда Сұлтан Сарсемалиев бұған келіспеген.

Күдікті сотқа ұсынған алғашқы аудиожазбада Наурыз Мұқанғалиевтің жақындарының біріне айтқан сөзі естілді.

— Біз араласпасақ, ол отбасын асырай алмайтын адам. Алдымен Ақбаян жазылып кетсін. Сосын сөйлемесіз, — делінген аудиожазбада.

Сотта тыңдалған келесі аудиожазбада Наурыздың Сұлтанға «Жауапқа тартам, сүмірейтіп тастаймын» деген сөздер айтқан. Айыпталушы бұл сөздерді өзіне тікелей жасалған қоқан-лоққы ретінде қабылдағанын мәлімдеді.

Күдікті аудиожазбаны 2024 жылдың 5 қаңтарында өзі іздеуге жүргеннен кейін телефонына мұқият сақтап қойғанын түсіндірді.

Айыпталушының сөзінше, Наурыз Мұқанғалиев тарапынан болған тұрақты психологиялық қысым мен өміріне төнген қауіп туралы қорқыныш оны осындай әрекетке итермелеген. Сот процесі 23 мамыр күні жалғасады.

Бұған дейін жәбірленуші тарап күдіктіден 70 млн теңге моральдық өтемақы талап еткенін жазған едік.

Айыпталушы Сұлтан Сарсемалиев бұған дейінгі сотта қайынағасы Наурыз Мұқанғалиевті қасақана емес, өзін-өзі қорғау мақсатында өлтіргенін мәлімдеді. 

Осыдан бұрынғы сот отырысында іс бойынша жиналған заттай дәлелдер көрсетілді. Олардың қатарында марқұмдардың жеке құжаттары, банк карталары, байланыс құралдары және қылмысқа қатысты басқа да айғақтар бар.

Процес кезінде Сұлтан Сарсемалиевтің тергеу кезіндегі видеосы көрсетілді. Онда ол қылмысты жасыруға шешім қабылдағанын және қайынапасының жағдайына алаңдамағанын айтқан. 

Сондай-ақ Ақбаян Мұқанғалиеваның тергеу кезінде не айтқаны белгілі болды.

Айта кетейік, күдікті ата-енесін өлтіргеннен кейін енесінің алтындарын ломбардқа өткізген.

Сот отырысы кезінде мемлекеттік айыптаушы да, айыпталушы да қылмысқа отбасылық жанжал себеп болғанын айтты. Күдіктіге қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы 2-бөлігінің 1-тармағына сәйкес (екі және одан да көп адамды өлтіру), сондай-ақ мал сату, карталарды жымқыру деректері бойынша осы кодекстің 188 және 190 баптары аясында қылмыстық іс қозғалған еді.

Еске салсақ, Жангелдин ауылында тұратын отбасы 2025 жылдың соңында белгісіз жағдайда жоғалып кеткен еді. 6 қаңтарда Атырау облысы аумағынан жоғалған отбасының екі мүшесінің — отағасы Мақсот Қарабалин мен оның жұбайы Нәсіп Өтешқалиеваның денесі сарайдан табылды.

Тергеу барысында Сұлтан Сарсемалиев Наурыз Мұқанғалиевті мамыр айында өзі қалада жалға алған үйінде өлтіріп, үй іргесіне көміп тастағаны белгілі болған. 

Ал қараша айында күдікті бір пышақпен үш адамды өлтірген. Жангелдин ауылына барған кезде ата-енесі Мақсот Қарабалин мен Нәсіп Өтешқалиеваны өлтіріп, сарай ішіне көміп кеткен. Ал Мейрамгүл Қарабалинаны Атырауда уақытша тұрып жатқан үйіне әкеліп, пышақ жарақатын салған. Салдарынан ол да көз жұмды.

Марқұмдардың қызы мен бауыры есептелетін Ақбаян Мұқағалиеваның адам өлтіру фактісіне қатысы жоқ екені анықталды.

Сұлтан Сарсемалиевке жүргізілген психикалық сараптаманың нәтижесінде оның ақыл-есі дұрыс екені айтылды.