Атыраудағы отбасы өлімі: сотта заттай дәлелдер көрсетілді

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырауда төрт адамды өлтірді деп айыпталған Сұлтан Сарсемалиевке қатысты сот отырысында іс бойынша жиналған заттай дәлелдер көрсетілді. Олардың қатарында марқұмдардың жеке құжаттары, банк карталары, байланыс құралдары және қылмысқа қатысты басқа да айғақтар бар.

ы
Фото: Нұрбибі Теміртасова/Kazinform

Сот залына қапшыққа салынып, әкелінген заттардың арасында Мейрамгүл Қарабалинаның мүрдесін ораған кілем, марқұмдардың денелері табылған кездегі киімдері, екі үйден алынған басқа да заттай дәлелдер бар. Оларда қан дақтары болғандықтан және иіс шығатындықтан тараптардың келісімімен көрсетпеді.

Мемлекеттік айыптаушы жеке құжаттарды, банк карталары мен телефондар мен планшетті көрсетті. Олардың қатарында күдіктінің екі баласының, Ақбаян Мұқанғалиеваның және анасының банк картасы бар. Күдікті бұл заттарды өзімен бірге шетелге алып кеткен.

ы
Фото: Нұрбибі Теміртасова/Kazinform

Сұлтан Сарсемалиев заттарды көрсету барысында үш телефонды жиі пайдаланғанын, нөмірді соларға салып отырғанын айтты. Судья күдіктіден марқұмдардың Қазпошта карталарының құпиясөзін қайдан білетінін сұрады.

- Жеке құжаттардың арасында ол карталардың құпиясөздерінің тізімі болды. Зейнетақы мен жәрдемақыны біреуі барып, әкелетін болған, - деді күдікті Сұлтан Сарсемалиев.

Марқұмдарды өлтіруге пайдаланылған екі пышақ табылмаған.

Бүгінгі сот отырысында мемлекеттік айыптаушы алдағы отырысқа мүрделердегі жарақаттарға талдау жүргізген сарапшыны шақыруды ұсынды. Көптің сауалы Наурыз Мұқанғалиевтің басы денесінен ажырап қалуына байланысты. Күдікті Сұлтан Сарсемалиев қайынағасының денесі 10 ай бұрын табылғанын алға тартып, сүйегі тартып шығарылғаннан кейін бөлініп қалған деген ойын жеткізді.

Алайда тараптар кәсіби маманның пікірін білу үшін сарапшы шақыру туралы ұсынысты қолдады.

ы
Фото: Видеодан алынған скрин

Бүгін айыпталушы мемлекеттік айыптаушы мен жәбірленуші тараптың сұрақтарына жауап беруден бас тартатынын, алайда судья мен өзінің адвокаты қойған сұрақтарға жауап беруге дайын екенін жеткізген еді.

Бұған дейінгі сот отырысында Сұлтан Сарсемалиевтің тергеу кезіндегі видеосы көрсетілді. Онда ол қылмысты жасыруға шешім қабылдағанын және қайынапасының жағдайына алаңдамағанын айтқан. 

Сондай-ақ Ақбаян Мұқанғалиеваның тергеу кезінде не айтқаны белгілі болған.

Күдікті ата-енесін өлтіргеннен кейін енесінің алтындарын ломбардқа өткізген.

Жангелдин ауылында марқұмдардың малын баққан бақташыға Сұлтан Сарсемалиев Наурыз Мұқанғалиев болып сөйлесіп, малшыға күніне 3 мың теңге беріп отырған

Өткен сот отырыстарының бірінде Атырау қаласында екі мүрде табылған үйдің иесіне жалдау ақысы бейтаныс адамнан түсіп отырғаны белгілі болды

Күдікті 2024 жылы кәсіпкерлік нысандардың біріне жалдамалы жұмысшы болып, жер қазып, қоқыс шығарған. Сұлтан мен жұмыс берген кәсіпкер бір ықшамауданда тұрған. Ара-тұра бір-бірін көргеннен кейін аға-іні болып араласқан. Куә сол кезде Сұлтан Сарсемалиевтің қара жұмысқа икемді, қолы машықтанған, жерді жалғыз өзі қазатын қайратты екенін айтқан.

Айыпталушы Сұлтан Сәрсемалиев сотта қайынағасы Наурыз Мұқанғалиевті қасақана емес, өзін-өзі қорғау мақсатында өлтіргенін мәлімдеді.

Сот отырысы кезінде мемлекеттік айыптаушы да, айыпталушы да қылмысқа отбасылық жанжал себеп болғанын айтты. 

Күдіктіге қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы 2-бөлігінің 1-тармағына сәйкес (екі және одан да көп адамды өлтіру), сондай-ақ мал сату, карталарды жымқыру деректері бойынша осы кодекстің 188 және 190 баптары аясында қылмыстық іс қозғалған еді.

Тергеу барысында Сұлтан Сарсемалиев Наурыз Мұқанғалиевті мамыр айында өзі қалада жалға алған үйінде өлтіріп, үй іргесіне көміп тастағаны белгілі болған. 

Ал қараша айында күдікті бір пышақпен үш адамды өлтірген. Жангелдин ауылына барған кезде ата-енесі Мақсот Қарабалин мен Нәсіп Өтешқалиеваны өлтіріп, сарай ішіне көміп кеткен.

Ал Мейрамгүл Қарабалинаны Атырауда уақытша тұрып жатқан үйіне әкеліп, пышақ жарақатын салған. Салдарынан ол да көз жұмды. 

Марқұмдардың қызы мен бауыры болып есептелетін Ақбаян Мұқанғалиеваның адам өлтіру фактісіне қатысы жоқ екені белгілі болды.

Сұлтан Сарсемалиевке жүргізілген психикалық сараптаманың нәтижесінде оның ақыл-есі дұрыс екені анықталды

Еске салсақ, Жангелдин ауылында тұратын отбасы 2025 жылдың соңында белгісіз жағдайда жоғалып кеткен еді.

6 қаңтарда Атырау облысы аумағынан жоғалған отбасының екі мүшесінің — отағасы Мақсот Қарабалин мен оның жұбайы Нәсіп Өтешқалиеваның денесі сарайдан табылды.