Атыраудағы өзен-көлдер маңында 70 қауіпті учаске бар

АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырау облыстық ТЖД жүргізген талдау нәтижесінде облыс бойынша су айдындары маңында 70 қауіпті учаске анықталды. Бұл туралы облыстық Төтенше жағдайларды жою басқармасының бастығы Жантөре Демешов брифинг барысында мәлімдеді. 

Атыраудағы өзен-көлдер маңында 70 қауіпті учаске бар
Фото: Atpress.kz 

Жантөре Демешовтың айтуынша, күзгі-қысқы кезеңде су айдындарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында өңірде кешенді профилактикалық және жедел-құтқару шаралары күшейтілген. Қазір облыс аумағындағы су айдындарында мұздың қалыңдығы 10–30 сантиметр аралығында, алайда кейбір аумақтарда мұз толық қатпаған.

Жазатайым оқиғалардың алдын алу үшін қараша айынан бері облыста 234 рейд өткізіліп, 227 тыйым салу белгісі мен 14 ақпараттық баннер орнатылды.

Құтқару қызметтері де жоғары дайындық режиміне келтірілген. Қазіргі уақытта облыс бойынша 72 кәсіби құтқарушы, оның ішінде 38 сүңгуір, 28 бірлік техника және 23 қайық жұмылдырылған. Атырау қаласы мен Жылыой ауданындағы 3 судағы құтқару станциясында тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылған.

— Былтыр су айдындарында 11 адам қайтыс болды, оның 5-еуі — бала. Сонымен қатар рейдтік-профилактикалық жұмыстар барысында 8 адам, оның ішінде 1 бала құтқарылды. Бұл көрсеткіштер қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтау қажеттігін көрсетеді, — деді Ж. Демешов.

Сондай-ақ брифингте су айдындарындағы қауіпсіздік ережелерін бұзу деректері бойынша әкімшілік жауапкершілік шаралары күшейтілгені айтылды. Биыл ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 412-бабы, яғни су айдындарында қауiпсiздiк қағидаларын бұзу немесе орындамау бойынша 4 адамға әкімшілік хаттама толтырылды.

Осыған дейін ШҚО құтқарушылары мұз астына құлап кеткен жағдайда не істеу керектігін түсіндіргені туралы жаздық.

Соңғы жаңалықтар