Мәжіліс депутаттары аудан әкімдерін мәслихат арқылы сайлауды ұсынды

АСТАНА. KAZINFORM — Тиімді тұсы сараланбаған аудан әкімдерін тікелей сайлау әлі ерте. Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында Үкімет басшысының атына сауал жолдаған депутат Ерлан Саиров осындай ойын білдірді. 

Ерлан Саиров
Фото: Ағыбай Аяпбергенов/ Kazinform

— Сайлау — демократияның басты белгісі. Бірақ, қазір сайлауды сайлау үшін өткізетін заман емес. Сайлау –үміт беретін, таңдау жасайтын, халық нәтиже күтетін басты саяси процесс. Қазақстан соңғы бесжылдықта ірі қадамдар жасап, барлық деңгейдегі сайлаудың түрлерін енгізді. Бүгінде әрбір жексенбі сайын ауыл, аудан, қалада әкімді сайласақ, дәл солай мәслихат депутаттарын да сайлап келеміз. Бұл — маңызды өзгеріс. Алайда кез келген үдерістің өзіндік ерекшеліктері болады. Әлі де тікелей саяси вертикальдағы бюджет мәселесі, аудан мен ауылды дамытуға бағытталған жергілікті қаржыны үйлестіру мәселелерін заң аясында пысықтауымыз керек. Мысалы, біз соңғы жылдары 100 пайыз ауыл әкімдерін сайладық. Оны өткізуге бес жыл бойы дайындалдық. Ауылдарда оларға деген сенім бар, жергілікті тұрғындар жеке таниды, — деді депутат.

Оның пайымынша, бұл — ең маңызды сайлау деңгейі, ауыл тұрғындарын біріктіретін, саяси өмірге тікелей араластыратын маңызды қадам. Сондықтан да, бүгінде ауыл ішінде жүйелі саяси өзгерістерге сенім бар.

— Енді біз заң аясында ауыл әкімдерінің құзыретін әлі де кеңейтуіміз қажет. Төртінші бюджетті қалыптастыру тетіктерін заңмен пысықтау керек. Бұл маңызды бастама. Бүгінде аудан, қала әкімдерін пилоттық форматта сайлауға кірістік. 52 ауданның әкімі сайланды. Бірақ оның тиімділігі әлі де сараланбады. Олардың бәрі өз міндетін лайықты деңгейде атқарып отыр деп айта алмаймыз. Сайланған аудан әкімдерінің біразы бір жылға жетпей жұмысынан кеткен. Оған қоса, сайлаудың шығыны шаш етектен. Тек биылдың өзінде 6 аудан әкімі мен 1 облыстық маңызы бар қала әкімінің сайлауы өтті. Осының өзіне мемлекеттік бюджеттен 1 миллиард теңгеден астам қаражат жұмсалды. Осы шығын ақталды ма? — деп сауал қояды Ерлан Саиров.

Мәжіліс депутаты әкімдердің функционалдық мүмкіндіктері шектеліп, ауданды дамыту тетіктері көбінде облыстық қаржыға тәуелді болғандықтан, сайлану үшін үйіп-төгіп берген уәделерін орындай алмайтындығын айтады.

— Бұл өз кезегінде халықтың сайлау процесіне сенімін төмендетіп, аудан әкімдерін сайлауға қатысу белсенділігін әлсіретті. Жақында қабылданған Бюджет кодексінің нормалары жаңа ғана іске аса бастады. Бұл нормалар практикада жүйеленуі қажет. Ауылдық округ әкімдерінің сайлау жүйесін енгізу бес жыл бойы кезең-кезеңімен жүргізілгенін ұмытпаған абзал. Сондықтан аудан әкімдерін сайлау мәселесінде асықпай жүйелі әрі жан-жақты зерделенген тәсіл қажет. Осыған қатысты саяси эксперттер аудан әкімдерін әзірше мәслихат депутаттары сайласа деген пікір орынды деп айтып отыр. Бұл да — әлемдік тәжірибе. Ең алдымен ауыл әкімдерін сайлау жүйесі мен тетігін әбден жетілдіріп алу керек. Олардың абыройын арттырып, қолына бюджет берейік. Құзыретін кеңейтейік. Осылайша, ауыл саясаткерлерінің кәсіби корпусы қалыптасады. Содан соң аудан әкімдерінің сайлауына қатысатын азаматтар да, тіпті ауыл тұрғындары да дайын болады. Бізге тек сайлау процесі ғана емес, өңірдің өркендеуі, ауыл тұрғындарының бірлігі мен сенімі маңызды. Менің ойымша, тиімді тұсы сараланбаған аудан әкімдерін тікелей сайлау әлі ерте, — деді ол.

Оның айтуынша, мемлекет қайраткері, бірнеше өңір басқарған Бақтықожа Ізмұхамбетов, көптеген жыл Үкіметте істеп, облыс басқарған Альберт Рау, Дүйсенбай Тұрғанов, бірнеше аудан мен қала басқарған Мархабат Жайымбетов, Мұрат Ергешбаев, Ұласбек Сәдібеков сынды депутаттар да аудан әкімдерін сайлауды уақытша тоқтата тұру қажет деп санайды.

— Сондықтан асығыстық танытпай жан-жақты зерделеу жұмыстарын жүргізу қажет. Ең бастысы Жергілікті өзін-өзі басқару, Мемлекеттік қызмет, Сайлау, Өңірлерді дамыту туралы көптеген заңдарға қажетті нормаларды енгізгенше, аудан деңгейіндегі әкімдердің тікелей сайлауына — саяси мораторий жариялаған жөн деп білеміз. Тағы да қайталап айтамын, бұл ұсыныс сайлау процесін шектейтін емес, керісінше халықтың сайлауға деген сенімін арттырудағы негізгі әрі қажетті шешім. Демократия дегеніміз — норма және процедура. Осы норма мен процедураны жүйелеп алу қажет, — деді ол. 

Айта кетелік Ерлан қарин ауыл және аудан әкімдерін тікелей сайлау – бұрын-соңды болмаған саяси тәжірибе деген еді

Соңғы жаңалықтар