Айттырылмаған қызы бар үй керегесіне сырға ілінеді – әшекей туралы қызықты деректер

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақтың әшекей бұйымдары ғасырлар өтсе де, әсемдігімен және терең мән-мағынасымен өзектілігін жоғалтпай келеді. Осы орайда Kazinform агенттігі «Қазақтың этнографиялық ұғымдары мен атаулары» энциклопедиясына сүйеніп, қазақ халқының әшекейлері туралы қызықты, танымдық деректерді жинап көрді.

әшекей
Фото: Солтан Жексенбеков/Kazinform

ІХ-ХХ ғасырдың басында қыздың тұрмысқа шығуға дайын жасы 15-16 жас болып есептелді. Осы мағынада бойжеткеннің жасын көрсететін әшекей бұйымдар болды. 13 жаста жасөспірім қыздар мойынға тағатын әшекей, сырға, білезік, сақинаның бірен-саранын тақса, 15-16 жаста бәрін түгел таққан. Бұл сайып келгенде, қыздардың қалыңдық қатарына қосылғанын білдіреді. Әшекейдің де ең көп саны қалыңдықтың тойға арналған киім-кешегіне тағылып, тойдың әйел өміріндегі ең шарықтау шегі екенін білдірген. Сәукеле алтын және күміс оқалармен, маржан, інжу, асыл тастармен көмкерілетін, кедей тұрмысты қыздардың да сәукелесі тиындармен, шытыра моншақтармен, қалайы жұқалтырмен әшекейленген. Әйел белгілі бір жасқа және қоғамдық мәртебеге жеткенде бас киімін ауыстырып, әшекейдің нақты түрлерін таға бастайды, киім-кешек түсін де таңдап киеді.

әшекей
Фото: Солтан Жексенбеков/Kazinform

Жасөспірім және бойжеткен қыздар, жас келіншектер таққан әшекей «алқа» деп аталады. Алқа – бірнеше бөлік асыл тастардан, түрлі-түсті шыны көздер орнатылған, бірнеше алақаннан тұратын топсалы шынжыр арқылы тағылатын мойын әшекейі. Алғашында алқа дөңгелек пошымда, болғанымен, кейінірек оның түр-сипаты өзгеріп, тұмарша түріне, дәлірек айтсақ үзбелі салпыншақты пішінге ауысқан. Алқа моншақтан тізген асыл тастардан, алтын мен күмістен соғылып, бетіне асыл тас қондырып, ою-өрнектеп, салпыншақты етіп жасалады. Оның түрлері де өте көп: алқатас – жіпке тізген моншақты асыл тас, алтын жамбалы алқа – кесек алтыны бар немесе сом алтыннан соққан, шоқ орнатқан алқа.

Алқа біргеше бөліктен тұрады: алақан – бір-бірімен топса арқылы байланысатын жалпақ күміс немесе күмістелген қаңылтыр (кей жерде тақта деп аталады); алақанбау – мойынға байлайтын жібек жіп немесе күміс шынжыр; аяқ – алқаның салпыншағы; қас – алқа көзіндегі тастар, қоза – шар секілді ұсақ домалақ әшекей, тойнақ – бекітілген топса тәрізді тетігі. Сондай-ақ, салпыншағы мол зер шашақты алқа, көлемі шағын көкірекше алқа, шар тәрізді сылдырмақпен әшекейленген қозалы алқа, екі қатар етіп алтын-күмістен соққан қос алқа, төрт бұрышты екі алақаннан тұратын қос тақта алқалар кездеседі.

әшекей
Фото: Солтан Жексенбеков/Kazinform

Қазақ қоғамында тіл-көзден, бәле-жаладан қорғайтын дұға жазылған қағаз салатын бойтұмар алқа да жиі кездеседі. Бойтұмарды шошып оянатын, ұйқысырайтын адамдардың киіміне тігіп қояды немесе мойнына баумен тағады. Зергерлер мен кестешілер түсті металдардан әдемі өрнектермен, асыл тастармен нақышталған бойтұмарлар жасаған. Жетісу өңірінде бойтұмарды тастан да жасаған – жеті ұсақ тасты тұмарша етіп матаға тігіп, камзолдың ішкі жағына көзге түспестей етіп жапсыра тігіп қояды. Оны көбінесе жас балаға көздің сұғынан, тілдің уынан сақтайды деп таққан. Осындай тұмарлар адам бойына қуат бетіп, көңіліне сенім береді деп санаған.

Тұмардың бірнеше түрі бар: қиық тұмар – сәндік мақсатта мойынға тағылатын жалтырауық заттардан істелген тұмар, лағыл тұмар – лағыл таспен әшекейленген тұмар, жастық тұмар – түсті металдан жасалған төртбұрышты тұмар. Бойтұмардың тағы бір түрі тұмарша деп аталады. Оны шеберлер бұрыштап немесе жұмыр түтікше тәріздендіріп күмістен жасайды, мойынға тағып жүретін әсем бау жасайды.

әшекей
Фото: Солтан Жексенбеков/Kazinform

Әйелдерге арналған әшекейдің ең көп кезедсетін әрі күнделікті қолданылатын түрі – білезік еді. Оны қыз-келіншектер де, орта жастағы әйелдер мен үлкендер де білегіне салады. Тіпті қыз бала 3-4 жасқа толғанда-ақ ата-анасы бойын түзеп, сән-салтанатта өссін деп бала білезіктер соқтырған. Білезіктердің үлкен-кішілігі, ауыр-жеңілдігі, жасалу материалы, түрі әркімнің өз қалауынша болады.

Білезік түрлері де сан алуан: алтын білезік – сом алтыннан жасалған білезік, бұрама білезік – күмісті ширатып есіп, қосып бұрау арқылы жасалған, екі басына алуан бедері бар бунақтар, бұршақтар, жиектер салынып әшекейленген білезік, жалпақ білезік – алтынды, күмісті қақтап, енін жалпақ етіп соққан білезік, жыланбас білезік – екі басын сүйірлеп, жыланның басына ұқсатып жасаған білезік түрі. Бұдан да басқа, зерлі білезік, көзді білезік, қасты білезік, қолқа білезік, қобы білезік, үзбелі білезік, шұжық білезік, жұмыр білезік, бесбілезік түрлері тараған.

Білезік сәукеле сияқты қыз жасауының құрамын енген. Баланы бесікке салғандарға сақина, көйлек маталарымен бірге білезік те сыйлаған. Қыз ұзату тойында өлең айтқан жігіттерге қыздар білезік сыйлаған. Жас қыз-келіншектер өрме білезік таққан. Өрме білезік – жуан алтын-күміс сымдардан өріп құрастырылады, екі жақ басы алақан сияқты тұтас келеді. Осы алақан бетіне қазтабан, жүрекше, қос ырғақ өрнектері сызу арқылы жүргізіледі. Көбінесе орта жастағы және егде тартқан әйелдер қарала білезік таққан. Бұл күміс бетіне қара жүргізу әдісімен жасалады және оған ирек, гүл, жапырақ, бұрыш өрнектерін, ай, жұлдыз сияқты космогониялық өрнектер салынады. Қарала білезікті кейде кавказ білезік деп те атайды, себебі қара жүргізу әдісі кавказ шеберлерінен келген деген мағлұмат бар.

Тарихи-этнографиялық деректерге сүйенсек, осы күнгідей тек қолға емес, аяққа да салынған. Бұл әдет-ғұрып бойынша баласы тұрмай жүрген ата-ана зарығып көрген сәбиінің қолы мен аяғына тіл-көзден қорғайтын, бағалы металдан жасалған білезік салған. Қазақтар өзі жақсы көретін немесе қорқатын, реті келсе күшін алғысы келетін заттарды, тотемдік сипаттағы жан-жануарларды білезік сыртына бейнелеп отырған.

әшекей
Фото: Солтан Жексенбеков/Kazinform

Ел назарынан тыс қалып, ұмытылып бара жатқан әшекейдің бірі – бетмоншақ. Бетмоншақ – сәукеленің екі жағына, маңдайына салбырата қадап қоятын бірнеше қатар төгілмелі моншақ. Ол сәукеленің бетмоншағы деп аталып, белге дейін, тіпті одан да төмен саалбырап тұрады. Моншақ саны және ұзындығы қыз әкесінің дәулетіне байланысты ұзара береді. Қалыңдық өз үйінен ұзатылып барар жолда бетмоншақ үзіліп қалмау үшін кеуде тұстан салпыншақ моншақтарға қалта тігіп қояды немесе белбеуге бет моншағын түйіп алады. Қазақта жас келіншектің бет моншағының үзіліп түсуі үлкен ұят саналған. Ыңғайсыз жағдайға қалған келіншектерге қарата «бетмоншағы түсті», «бетмоншағы үзілді» десе, «жас», «ұяң» сөзінің орнына «бетмоншағы үзілмеген» сияқты сөз орамдары пайдаланылды. Біреудің ыңғайсыз күйге түсуіне байланысты айтылатын «бетмоншағың түсіп тұр ма?» деп келетін сөз жоғарыда айтылған ғұрыптық мәнге қатысты орнаса керек.

рукоделие ремень қолөнер белбеу
Фото: Мақсат Шағырбаев/Kazinform

Ал белдік немесе белбеу – киімнің сыртқы бел тұсынан буынатын, былғарыдан, қайыстан, матадан жасалатын, иесінің әлеуметтік дәрежесі туралы ақпарат беретін аса мәнді зат. Белдікті ерлер де, әйелдер мен бойжеткендер де, жас балалар да тағады. Дәстүрлі ортада 13 жасқа толған ұлға әкесі белдік сыйлайтын болған. Бұл баланың жақсы-жаманды айыратын жасқа толды, тіршілік қамына араласатын кезеңі келді деген ұғымды білдірсе керек.

Белбеудің тағы бір қыры – билік атрибуты болуында. Әдетте мұндай белбеулер алтынмен апталып, асыл тастармен безендіріледі. Оған датқа белбеу, деңмент белбеуді жатқызуға болады. Ақ белбеу – сыйлы адам қайтыс болғанда марқұмның жетісін өткізгенше ер адамдар тағып жүретін белбеу. Бұл ғұрып шығыс Жетісу өңірінде көп кездеседі. Жасалуы мен сәндеу үлгісіне қарай берен белбеу, бота белбеу, зер белбеу, алтын белбеу, датқа белбеу, шоқ белбеу, сарала белбеу секілді түрлері ел арасында сақталған. Берен белбеу қымбат металдан жасалса, бота белбеу – асыл тасты көздері мен бағдарлары бар күмістелген белбеу. Гауһармен сәнделген белбеу түрлерін гауһар кемер деп атайды.

Кәмшат кемер белбеу алтын, күміс секілді бағалы металдармен қапталады, сарала белбеу – күміске алтын жалатылған, сарала түсті сәнді белбеу. Әдетте атақты адамдардың әйелдері таққан шашақты, қымбат, айрықша белбеулерді шоқ белбеу деп атайды. Кісе – алтынмен, күміспен, жез үзбелермен безеп жасалған қалталы белбеу, ал жұмсақ иленген теріден жасалған белбеу түрін күдері белбеу деп атайды. Күміс белдік – былғарыға күмістен шытыралар қондырған білезік, сақиналы белдік – оны-мұны байлап қоюға лайықталған шығыршықтары бар белдік және әртүрлі салпыншақтар бекітілген белдік түрін салпыншақ белдік деп атайды.

әшекей
Фото: Солтан Жексенбеков/Kazinform

Қазақ салтында қолына жүзік салмайтын қыз-келіншектерді кездестіру мүмкін емес десе де болады. Жүзік – таза күміс пен алтыннан соғылып, асыл тастан көз қондырылған, көлемі мен салмағы, пішіні әртүрлі болып келетін, көбінесе бір саусаққа тағатын, кейде екі, үш, төрт саусаққа қатар тағатын саусақ әшекейі. Этнографиялық деректер басқа халықтарда да әйелдердің жүзіксіз жүрмегенін көрсетіп отыр. Бұл сонау көшпелі-салт аттылар мәдениетін бастау алатын үрдіс, өйткені жүзік тағудың өзіндік идеологиялық және ғұрыптық негізі болды.

Ежелгі наным-сенім бойынша алтын мен күміс әшекейлерге қондырылған асыл тастар адамдардың әлеуметтік статусын айғақтап қана қоймай, бойтұмар секілді қорғау қуаты да болды. Мысалы, маржан адамды азғындаудан сақтайды, құлпырма тас – көз тиюден қорғайды, ақық – адам бойынан қорқынышты қашырады. Жүзіктің көзіндегі тасын ертеде «қас» деп атаған. Н. Пржевальский түркістандықтардың нефритті «қас» немесе «қас тасы» деп атағанын, сол тас қондырылған білезік өлген адамға тағылса, денесі шірімейді деген наным-сенім болғанын жазады. М. Қашқари «Диуани лұғат әт-түрк» еңбегінде қас тасын жүзікке тағатынын, бұл тас құрғақшылықтан, жай түсуден сақтайды деген сенім бар екенін жазған. Ертедегі қазақтар да жүзікті ғажайып сиқыр, күш иесі деп түсінген. Жүзікті аты жоқ саусаққа, сұқ саусаққа, кейде шынашаққа таққан, біраз халықтың салтында ортаңғы саусаққа жүзік тағылмайды.

Алысқа тұрмысқа шыққан қызынан орамалға түйілген құстұмсық жүзік келсе, ата-анасы қуанып, көрші-қолаңды шақырып, атап өтетін болған. Өйткені қазақы ұғымда құс бейнесі азаттықты және қыздың жағдайы жақсы екенін білдіреді. Баланы қырқынан шығаруда 40 қасық суға жүзік, сақиналар салынады. Оны рәсімге келген әйелдер бөлісіп алады. Той-жиында жастар жүзік салу, сақина тастау, ақшамшық ойындарын ойнаған. Жасалу тәсілдеріне қарай, бұл әшекей сіркелі жүзік, бұрама жүзік, құйма жүзік, көзді жүзік, қос жүзік деп бөлінген. Әсіресе монетадан жасалатын теңге жүзіктер ел арасына көп тараған, шағын шаршы, төртбұрыш формада жасалған түрі – шарбақ жүзік болса, киіз үй пішінінде күмбезделіп жасалғаны – күмбезді жүзік деп аталады. Тағы бір күмбез тәрізді шошақтала жасалған отау жүзікті айттырылып қойған қалыңдық таққан. Бұл жас отбасының үй болып кетуін ырымдаған нышандық белгі болса керек. Әлеуметтік мәртебесіне қарай, дәулетті адамдар сом жүзік, шор жүзік таққан. Лауазымы жоғары ер адамдар мөрлі жүзік тағып, жүзігін мөр басуға да пайдаланған.

әшекей
Фото: «Қазақтың этнографиялық ұғымдары мен атаулары» энциклопедиясына

Қазақтың байырғы наным-сенімі бойынша, өңіржиек әйелдің құрсағы мен кеудесін бәле-жаладан, сұқ көзден сақтайды деп саналған. Өңіржиек – мойынға тағылып, омыраудан салбырап тұратын металл әшекей, алқа. Мұндай алқа көбінесе Қазақстанның баыс өңірінде қолданылады. Өңіржиек бірнеше күміс тақтадан құралады және бір-бірімен шынжыр арқылы байланысады. Әрбір тақтаның бетіне асыл тастан көз қондырылып, ирек, құсқанат, жүрекше өрнектері салынады, кейбірі алтынмен жалатылып, күміс салпыншақтар тізіледі. Күміс шынжырлы салпыншақтың ұшында сыңғырлаған дыбыс шығаратын қозасы болады. Әшекейдің бұл түрі қозалы өңіржиек деп аталады.

Халық арасында өңіржиектің өңіртал, өңірше атты түрлері де көп тағылады. Олар тақтасына қарай ажыратылады. Өңірше – түрлі тастармен әшекейленген, күміспен күптелген үш тақталы алқа. Ал өңіртал – арасы алшақтау орналасқан, екі тақтадан тұратын, күміс шынжырмен байланысқан алқа.

әшекей
Фото: «Қазақтың этнографиялық ұғымдары мен атаулары» энциклопедиясына

Қазақ әшекейі туралы сөз қозғалғанда кең тараған, танымал әшекей – сырғаны айтпай кете алмаймыз. Зергерлер сырғаны алтын мен күмістен қақтап немесе қалыпқа құйып жасайды. Олардың көлемі әртүрлі болған. Үлкен, салпыншағы көп сырғаны тек салтанатты кездері таққан. Тіпті кейде ауыр сырғаларды шашқа, сәукелеге байлап бекіткен. Ал күнделікті сырғалар жеңіл болған. Сырғаны әшекей ретінде тағумен бірге, ертеректе ерекше белгі, тұмар ретінде қолданған. Мәселен, әлі атастырылмаған, басы бос қызы бар үй керегесіне сырға тағып қояды. «Ер Төстік» ертегісінде Ерназар үй ішінде ілулі тұрған сырғаларға қарап, тоғыз ұлына тоғыз қалыңдық табатын тұсы бар. Қызды жігітке атастырғаннан кейін де сырға салу рәсімі жасалады.

Ертеректе сырғаның құлаққа және мұрынға тағатын түрлері болды. Мұрынға тағатын сырғалар арабек, зере деп аталды. Ал құлаққа тағылатын сырғалар формасына қарай айшық, жапырақ, собық, жұлдыз деп бөлінген. Ертеде сүйектен жасалған сырғаларды сояу немесе сонақ сырға деп атаған. Көп жағдайда сырғаларға лағыл, меруерт, маржан тастарынан көз орнатылған. Қыздар мен келіншектер сырғасының әшекейі көп болса, жасы ұлғайған сайын сырғасы да қарапайым болып келген. Жасы келген әйелдер кимешек кигендіктен, сырға тағудың қажеті бола қоймаған.

әшекей
Фото: «Қазақтың этнографиялық ұғымдары мен атаулары» энциклопедиясына

Сәндік үшін омырауға, бас киімге, киім жағасына тағылатын дөңгелектеу сәндік бұйым тана деп аталады. Тананың түйме секілді еш қызметі жоқ, тек көзге ерекше түсіп, зергерлік әшекей ретінде қолданылады. Сондықтан, мөлдіреген көзді әсірелеп айтқанда танакөз деп сипаттайды. Тананы зергерлер күмістен, кейде сүйектен жасаған. Күмістен жасалған тананың бетіне сіркелеу немесе безеу тәсілдерімен ою-өрнек түсіріледі. Ортасына асыл тас қондырылған таналар да кездеседі. Түркі халықтарында тана ақықтан, інжуден, шыны немесе фарфордан жасалған түйменің атауы да болған.

Қыз айттырып, құда түсу кәделерінің бірі осы әшекейдің атымен тана тағар деп аталған. Өйткені салт бойынша, қалыңдық айттырып, құдалыққа келіскенде болашақ күйеу жағы жұрттың көзінше қалыңдықтың құлағына сырға немесе қолы мен мойнына моншақ, білезік, тана секілді әшекейдің бірін таққан. Бұлардың қайсысы болса да, қыздың айттырылғанының белгісі боп саналған. Қызға тана таққанда, бірге ілесе жүретін күйеу жақтың сый-сияпаты да тана тағар деп аталған.

әшекей
Фото: «Қазақтың этнографиялық ұғымдары мен атаулары» энциклопедиясына

Қазақ қыздарының шашына тағатын әшекей бұйымдары бір төбе. Соның бірі шашбау – бұрымға тағуға арналған баулы сәндік бұйым. Шашбауды бұрыммен қоса өріп, бұрымның ұшына таман бір шалып байлайды. Ол көбінесе күмістен қақталып соғылады да, ұшына сәнді зер шашақтар немесе алтын, күміс теңгелерден әшекей, шұбыртпа тағылады. Кейде маржан, меруерт сынды асыл тастарды қадап та жасаған. Кейде шашбау бір-бірімен сым үзбелер арқылы жалғасатын теңге тізбегінен тұрады. Осы теңгелер өзара төгіліп, шылдырлаған дыбыстар шығарады. Сол себепті шашбау таққан бойжеткен мен жас келіншектен оқыс қимылдамау, селтеңдеп жүгірмеу талап етіледі.

Ел арасында шашбаудың сыңғырына қарап, иесінің мінез-құлқын, әдептілігін аңғаратын болған. Сондықтан шашбау бұрымның ұшын бекітіп, өсуіне септігін тигізумен қатар, қыз баланың бойын тік ұстап, дұрыс өсуіне де ықпал етеді. Сондай-ақ, ерте заманда шашбау тақса, шаш арасындағы жын-шайтандар қашады деген түсінік болған.

әшекей
Фото: «Қазақтың этнографиялық ұғымдары мен атаулары» энциклопедиясына

Сонымен бірге, шашты, бұрымды күн көзінен, шаң-тозаңнан қорғау үшін шашқап тігілетін болған. Шашқапты барқыт, мақпал, шұға, мауыты сияқты маталардан тіккен. Кір көтерімді болу үшін маталардың көк, жасыл, қара түсі таңдалады. Божеткен қыздар мен келіншектер қызыл шашқап тіктіріп, өю-өрнекпен безендіріп, оқа бастыратын болған. Кейде алтын, күміс шытыралар, маржан, меруерт сынды тастардан моншақ таққан. Шашқаптың қарапайым түрін қыз-келіншектер ас пісіру, мал сауу, жүн сабау, киіз басу, үй тігу кезінде киген. Ал әшекейлі қымбат түрлерін сәндік үшін киген.

әшекей
Фото: «Қазақтың этнографиялық ұғымдары мен атаулары» энциклопедиясына

Қыздар бұрымына тағатын тағы бір әшекей шолпы деп аталады. Шолпы көбінесе қақталған күмістен, екі үзбелі шынжырдан жасалады. Ол үшбұрыш, сопақша болып келеді. Шынжырларына күміс тиындар, тұмарша, қоза, қоңырау тағылады. Кейде шытыралардың бетіне, ортасына асыл тастардан көз орнатылады. Шолпы мен шаштеңге бұрымның ұшына тағылады. Жасалуына қарай көзді шолпы, сылдырмақ шолпы, қозалы шолпы, қоңыраулы шолпы, қос үзбелі шолпы, маржанды шолпы түрлері бар. Шолпыны да көбінесе жас қыздар мен келіншектер таққан. Шолпының тиындары да адамның қозғалысына қарай сыңғырлап дыбыс шығарады. Сондықтан шолпы әсемдікпен қатар жас қыздардың жүрісі мен бойын тік ұстауына септігін тигізеді.

Еске сала кетсек, танымал зергер Берік Әлібай Иордания патшайымы таққан бойтұмардың ұлттық әшекейімізге сұранысты арттырғанын айтқан еді.

Сондай-ақ, Kazinform агенттігі Қазақстандағы зергерлік бизнес, заңды және көлеңкелі нарық туралы сараптама жариялаған болатын.

ҚР Ұлттық архиві мен белгілі этнограф-коллекционер Бахаргүл Төлегенқызы көне зергерлік бұйымдар мен тарихи қолжазбалар көрмесін өткізген еді.

Соңғы жаңалықтар