Азия чемпионатында Карина Ибрагимова жүлдегерлер қатарына қосылды

Әлем чемпионатының қола жүлдегері Карина Ибрагимова 57 келіге дейінгі салмақта алғашқы жекпе-жегін оңтүстіккореялық Им Ае Джимен өткізді. Бойы мен қолының ұзындығын пайдаланған Карина соққыларын көбірек дарыта білді. Ал, кореялық боксшы үшінші раундта қауіпті қимыл жасағаны үшін ескерту алып тынды. Төрешілер есебі – 5:0, К. Ибрагимованың пайдасында.
Осылайша, Карина әйелдер арасында жүлдегерлер қатарына қосылған алтыншы боксшы атанды.
Бүгін кешкі сессияда Қазақстаннан әлем чемпиондары Сәкен Бибосынов, Валентина Хальзова, Рио олимпиадасының қола жүлдегері Дариға Шәкімова және Аида Әбікеева рингке шығады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Назым Қызайбайдың Азия чемпионатының ¼ финалына өткенін жазған болатынбыз.
Сондай-ақ, бокстан Азия чемпионатында Дулат Бекбауов ширек финалға жолдама алды. Асланбек Шымбергенов қарсыласын нокаутпен жеңді. 19 жастағы Санжар Тәшкенбай өзбекстандық боксшыны ұтты.
Жалпы, бүгін қазақстандық 6 боксшының бақ сынайтыны хабарланды.
Чемпионатта өнер көрсеткен Жазира Орақбаева жартылай финалға жолдама алды. Жайна Шекербекова да Азия чемпионатының жартылай финалына өтті.
Сурет prosports.kz сайтынан алынды.