Бакуде Мұхтар Әуезовтің «Абай» романының латын қарпіндегі жаңа басылымы таныстырылды
АСТАНА. KAZINFORM – Бакудегі Ататүрік орталығында Мұхтар Әуезовтің «Абай» романының («Абай жолы» романының алғашқы екі бөлімі) әзербайжан тіліндегі жаңа басылымы таныстырылды.

Түркі Академиясының бастамасымен жарық көрген роман-эпопея ұлы ойшыл, ақын Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойы аясында жарық көріп отыр.
Тұсаукесер рәсімінде Түркі Академиясының президенті, академик Шаһин Мұстафаевтың айтуынша, бұл басылым көркем туындының түпнұсқалық рухын қайтару ғана емес, Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы мәдени байланыстарды нығайтудың айқын көрінісі.
Мұхтар Әуезовтің бұл романы алғаш рет әзербайжан тілінде 1954 жылы Эюп Аббасовтың тәржімелеуімен, сол кездегі кирилл қарпінде жарық көрген болатын. Алайда бұл нұсқа орыс тілінен аударылған еді. Содан бергі 70 жылдан астам уақыт бойы әйгілі шығарма әзербайжан оқырмандарына қайтадан ұсынылған емес.
− Бұл жолы роман қазіргі әзербайжан әдеби тілі нормаларына сай, латын қарпімен әрі қазақ тіліндегі түпнұсқасы бойынша салыстырыла тексеріліп, алғашқы басылымдағы қателіктер түзетіліп, кеңестік цензура себебімен қысқарып кеткен кей тұстары толықтырылып басылды. «Абай» романының мұндай форматта жарық көруі – әдеби оқиға ғана емес. Бұл – мәдени жадты жаңғырту, ортақ рухани мұрамызға деген құрмет пен оны сақтау жолындағы нақты қадам. Түркі Академиясы алдағы уақытта да түркі халықтарының мәдени-рухани мұрасын зерделеу және насихаттау бағытындағы кешенді жұмыстарды жалғастыра береді, – деді академия басшысы.
Тұсаукесерге Әзербайжан Милли Мәжілісінің депутаттары, Қазақстан Республикасының Әзербайжандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Әлім Байел, ТҮРКПА Бас хатшысы Мехмет Сүрейя Ер, Түркі мәдениеті мен мұрасы қорының аппарат жетекшісі Фахри Хаджиев, сондай-ақ ғылыми және білім беру мекемелерінің өкілдері, әдебиет және мәдениет қайраткерлері қатысты.
Бұған дейін Әзербайжанда өтетін III ТМД ойындарының бойтұмары таныстырылған еді.