Батыс Қазақстанда тасқын судан келер қауіп қандай

ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында өткен жылы алапат су тасқыны болып, өңірдің орасан зор шығынға қалғаны белгілі. Биылғы қарғыннан келер қауіп-қатер қандай, міне, осы мәселені Kazinform тілшісі зерделеп көрді.

тасқын су
Фото: ТЖМ

Ылғал, тоң және жауын-шашын мөлшері қандай?

«Қазгидромет» РМК БҚО филиалының директоры Тілеген Шапановтың мәлім еткеніндей, көпжылдық бақылау деректері бойынша өңірдегі Шыңғырлау, 1-Шежін, 2-Шежін, Шаған, Деркөл, Көпіраңқаты, Өлеңті, Шідерті, Елек, Быковка, Рубежка, Сарыөзен және Қараөзенде көктемгі су тасқыны наурызда және сәуір айының басында басталады.

Облыстың бас өзені — Жайық сәуірде тасиды. Жайық ағыны көлемінің 80 пайызы Ресей аймағында қалыптасып, Иреклі, Верхнеуральск, Магнитогорск су қоймаларының жұмыс режимдеріне байланысты анықталады.

Сол себепті Қазгидромет Жайық өзені бойынша гидрологиялық болжам жасамайды. Росгидромет жасаған гидрологиялық болжамның түсуіне қарай ұсынылады.

орал
Фото: Орал әкімдігі

— Жерүсті ағынының түзілуіне күзгі ылғал, топырақтың қатуы және жауын-шашын мөлшері әсер етеді. Облыстың барлық аумағында ылғалдану нормадан 65 пайызға кем. Казталов, Жаңақала, Бөкей ордасы ауданының бір бөлігі мен Орал қаласы маңында жауын-шашын мөлшері 25 мм-дан төмен. Қалған аудандарда одан жоғары, — дейді Тілеген Қойшыбайұлы.

Оның айтуынша, былтырғы жылмен салыстырғанда, жауын-шашын облыс аумағының көптеген бөлігінде 100, Бәйтерек ауданында 30 пайызға аз жауған.

Өңірде топырақтағы тоңның тереңдігі 4-60 см арасында, ең жоғары көрсеткіш Бөрлі, Шыңғырлау, Сырым, Бәйтерек аудандары мен Орал қаласында байқалады. Жалпы, облыс бойынша топырақтағы тоңның тереңдігі өткен жылғымен шамалас.

Тек кейбір аумақтарда (Сырым, Шыңғырлау, Жәнібек, Бәйтерек аудандарының көптеген бөліктері) былтырғыдан орташа есеппен алғанда 10-20 см арасында төмен. 

орал
Фото: Орал әкімдігі

— Батыс Қазақстанда қысқы кезеңде жауын-шашынның түсуі біркелкі емес. Тасқала, Ақжайық, Жаңақала аудандарында норма шамасында болса, облыстың қалған бөлігінде жауын-шашын мөлшері 15-30 пайызға төмен. Өткен жылмен салыстырғанда, облыс аумағында жауын-шашын 2-2,5 есеге аз түскен. Ақпан және наурыз айларында жауын-шашын нормадан көп болады деп болжанып отыр, — дейді филиал директоры. 

Қазгидромет БҚО филиалының мәліметі бойынша облыстың солтүстік, шығыс және орталық бөлігінде топырақ бетіндегі мұздың қалыңдығы — 20 мм.

Наурыз айында температура күрт көтеріліп, нөсер жаңбыр жауған жағдайда мұз жамылғысы пайда болып, жауын еріген қар суымен бірге тасқынға соқтыруы мүмкін. 

Орал қаласы, сондай-ақ Тасқала, Казталов, Теректі, Бөрлі, Шыңғырлау, Сырым, Қаратөбе, Ақжайық және Бәйтерек аудандары су тасқыны қаупі жоғары аумаққа жатады. Мұндай қауіп Жаңақала мен Жәнібекте орташа, Бөкей ордасында төмен.

орал
Фото: Орал әкімдігі

— Гидрологиялық мониторинг жүргізілмейтін аумақтарда күтілетін еріген қар суының көлемі Батыс Қазақстан облысы аумағында орналасқан метеостанциялардан алынған атмосфералық жауын-шашын деректері негізінде географиялық ақпарат жүйесі құралдарында интерполяция әдісі арқылы анықталды. Облыстың шығыс аумағында 1 шаршы км жерден еріген қар суының мөлшері 0,002-0,004 млн текше метр диапазонында қалыптасуы мүмкін. Жайық және Қараөзен мен Сарыөзен өзендерінің алаптары арасында бұл көрсеткіш 1 шаршы км аумаққа шаққанда 0,002-0,003 млн текше метр көлемінде болжанып отыр. Облыстың батыс бөлігінде күтілетін еріген қар суының көлемі 0,001-0,003 млн текше метр аралығында болуы ықтимал. Барлық болжамды деректер синоптикалық жағдайларға байланысты нақтыланатын болады, — деді Т.Шапанов. 

Су қоймаларындағы жағдай қалай?

«Қазсушар» РМК Батыс Қазақстан филиалының директоры міндетін атқарушы Рауан Хұсайыновтың мәлімдеуінше, мекеменің негізгі қызметі — республикалық меншіктегі су шаруашылығы нысандарын пайдалану, күтіп-ұстау және қауіпсіздігін қамтамасыз ету. 

Филиалдың суармалау-суландыру жүйелеріне он төрт су қоймасы, төрт су торабы, екі сорғы станциясы, 25 магистралды, тарату және суғару каналдары, сондай-ақ лимандық және тұрақты суару учаскелері кіреді. 

су жіберу
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

— Жалпы көлемі 260,3 млн текше метр болатын Жайық-Көшім суландыру жүйесінің 4 су қоймасын су тасқыны кезеңінде толтыру тұтынушыларға бір мезгілде су беріле отырып, жүзеге асырылады. Жайық-Каспий бассейндік инспекциясының арнайы су пайдалануға берілген рұқсатына сәйкес жылдық су алу көлемі — 607,0 млн текше метр. Күні бүгін бұл су қоймалары 99,61 млн текше метр немесе 38,27 пайызға толтырылды, — дейді Рауан Ерланұлы. 

Сол секілді Сарыөзен суармалау-суландыру жүйесі бойынша су қоймаларының жобалық көлемі 114,4 млн текше метр болса, нақтысы — 98,9 млн текше метр немесе 88,8 пайыз.

Қараөзен суландыру жүйесі бойынша сәйкесінше 104,6 млн текше метр, нақты 41,1 млн текше метр немесе 39,3 пайыз. 

Биылғы 11 ақпандағы мәлімет бойынша Жайық өзенінің деңгейі Орал қаласы тұсында 157 см, Январцев бекетінде 233 см болды. Өткен жылдың 27 желтоқсанынан бері Орынбор облысындағы Иреклі қоймасынан Жайыққа секундына 60 текше метр су жіберіліп отыр. 

су тасқыны
Фото: Ғайсағали Сейтақ/Kazinform

— Биылғы су тасқынына дайындық барысында өткен жылдың қазан айында Шаған, Шолақаңқаты және Сұлусай су қоймалары пайдаланылмайтын көлемге дейін босатылып, қысқы жұмыс режиміне ауыстырылды. Төтенше жағдай туындаған жағдайда тұрғындарды хабардар ету үшін Пятимар, Дөнгелек, Бітік, 1-Казталов, 2-Казталов және Рыбный Сакрыл су қоймаларында сиреналық құлақтандыру қондырғылары орнатылған. Су қоймаларының 2025 жылғы су тасқынына әзірлігі туралы акт жасақталды. Су тасқыны кезінде жылдағыдай наурыз айының басында тәуліктік кезекшілік ұйымдастырылып, тиісті ақпараттар облыстык әкімдікке, аудан әкімдіктеріне және төтенше жағдайлар департаментіне ұсынылып отырылады. Сондай-ақ, Қазсушар Батыс Қазақстан филиалының инженерлік-техникалық қызметкерлері Ресей Федерациясының Орынбор және Саратов облыстарының су қызметтерімен тұрақты ақпарат алмасып отырады, — деп нақтылады Р.Хұсайынов. 

орал
Фото: Ғайсағали Сейтақ/Kazinform

Орал қаласы тасқынға дайын ба?

Жуырда БҚО әкімі аппаратының кеңейтілген кеңесінде өңір басшысының орынбасары Бақытжан Нарымбетов облыстық су нысандарын «Батыс Ирригация» КММ теңгеріміне алу жұмысы баяу жүргізіліп жатқанын атап өткен болатын. 

Сонымен қатар Орал қаласында Жайық өзенінің жағасын Шамсутдинов көшесіне дейін нығайту үшін республикалық бюджеттен 792,7 млн теңге бөлу қажеттігі айтылды. Оған қоса Чечерняядан Шамсутдинов көшесіне дейін жағалауды нығайтуға (екінші кезең) тағы 881,7 млн теңге керек.

Бұл мәселе бойынша БҚО табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасынан алынған мәліметке қарағанда, қазіргі таңда облыс бойынша 98 гидротехникалық құрылымның 54-і «Батыс Ирригация» КММ теңгеріміне берілген. Мұндай нысандардың ең көбі (30) Жаңақала ауданында болса, соның 16-сы теңгерімге өткізілген.

Жайық өзенінің жағалауын Шамсутдинов көшесіне дейін және Чечерняядан Шамсутдиновке дейін нығайту үшін жергілікті бюджеттен шұғыл шығындарға арналған резерв есебінен 400, 9 млн астам теңге бөлінді. Енді мемлекеттік сатып алу жүргізіледі. 

Су тасқыны
Фото: Орал қаласы әкімдігі

— Қалған қаражатты республикалық бюджеттен бөлу жолдарын қарастырмақпыз, — деді басқарма басшысы Марат Молдашев. 

Облыс орталығындағы Ветелки және Казенный тоғанының жай-жапсары, қорғаныс бөгеттері туралы Орал қаласы әкімінің орынбасары Жандос Дүйсенғалиев түсінік берді. 

— Аталмыш екі тоған Орал ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясының теңгерімінде тұр. Дегенмен алдыңғы жылы Ветелки тоғанының жанынан өтетін жырасын дайындап қойдық. Өткен жылы да тазарту жұмыстары жүргізіледі. Казенный тоғаны бойынша өткен жылы жырылып кеткен жерді биіктетіп қойдық. Бұларды күнбе-күн қадағалап отырмыз. Қайта құру жұмыстарын жүргізу үшін аталмыш тоғандар Орал қаласының теңгерімінде болуы керек. Ол үшін Ауыл шаруашылығы министрлігі жаңадан жер актісін жасап, қалаға беруі керек. Соңғы екі-үш жылда министрлікке бірнеше хат жіберілді. Жалпы, шаһар бойынша қорғаныс бөгеттерін 1 наурызға дейін бітіретін боламыз, — деді Ж.Дүйсенғалиев. 

жайық
Фото: Ғайсағали Сейтақ/Kazinform

Аудандар қалай әзірленуде?

Өткен жылы су тасқынынан қатты зардап шеккен аумақтың бірі — Теректі ауданы. 
Аудан әкімдігінің ақпараты бойынша көптеген су бұру инфрақұрылымдары тұрғызылған.

Соның ішінде Орал қаласына іргелес орналасқан Подстепный ауылында 4,2 км қорғаныс бөгеті, «Көркем» шағынауданында 1,3 км су бұру жүйесі, Бәйтерек және Жеңіс көшелерінде жалпы ұзындығы 1 км, аудан орталығы Теректі ауылында Ұлытау және М.Горький көшелерінде 0,4 км арық салынды.

— Аудан бойынша 16 елді мекенде 18 эвакуациялық пункт (сыйымдылығы — 8 879 орын) белгіленді. Зардап шеккендер бола қалса, азық-түлік, киім-кешек және дәрі-дәрмек қорымен қамтамасыз ету бағытында кәсіпкерлермен 18 ниет-шарт жасалды. Су тасқынына қарсы шараларға 108 техника, 125 адам, қажеттілік туындаған жағдайда қосымша күштер мен құралдар тартылады. 10 тонна жанар-жағар май, 313 тонна инертті материалдар қоры жасақталды. 20 мың қапшық және полиэтилен пленкаларының қоры дайындалды. 4 үрмелі резеңке қайықты қажеттілігіне қарай пайдалануға болады. 62 мотопомпа және басқа да құрал-саймандар бар. Оған қоса 34 мотопомпа, 20 тонна жанар-жағармай және басқа қажетті жабдықтарды сатып алуға мемлекеттік сатып алулар жарияланды, — дейді аудан әкімі Әлия Мұханбетжанова. 

тасқын
Фото: ҚР Үкіметі

Сырым ауданы әкімдігінен түскен мәліметке қарағанда, Жымпиты, Бұлдырты, Жырақұдық ауылдарында бөгет салу және жаңарту жұмыстары толығымен аяқталған.

2025 жылға аудандық бюджеттің төтенше жағдай резервіне 20 млн 62 мың теңге қарастырылған. 

— Аудан бойынша су басу қаупі бар 9 елді мекенде эвакуациялық пункттер және 430 төсек-орын дайындалды. Су тасқыны болған жағдайда 83 техника жұмылдырылатын болады. Жымпиты, Өлеңті, Қособа, Жырақұдық, Қызылағаш ауылдарында өзен жағалауы биіктетіліп, қорғаныш бөгеттері қалпына келтірілді, су өткізу құбыры салынды. Жетікөл ауылындағы бөгетті қалпына келтіру бойынша аудандық бюджеттің резервінен 7,5 млн теңге беріліп, жобалық-сметалық құжаттамасы жасақталды. Жоба құны — 216,1 млн теңге. Облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасына бюджеттік өтінім жолданды, — дейді Сырым ауданы әкімінің орынбасары Қайрат Төлепов.

су тасқыны
Фото: Ғайсағали Сейтақ/Kazinform

Шыңғырлау ауданының әкімі Мұрат Өмірәлиевтің мәлімдеуінше, аталмыш аумақтағы қар жамылғысының биіктігі 9 см-ге дейін, бұл өткен жылғыдан (31 см) төмен.

Топырақтың қату көрсеткіші — 59 см (2024 жылы -108 см), мұз қалыңдығы Елек өзенінде 34 см (50 см), Шыңғырлауда — 45 см (60 см). 

— Аудан аумағымен өтетін екі өзен, автомобиль жолдары үнемі бақылауда. Су тасқынына дайындық барысында 3 елді мекенде қорғаныш бөгеті салынса, арық қазу, қар шығару сияқты жұмыстар атқарылды. Жалпы, тасқын кезеңіне 39 техника қатыспақшы. 150 тонна инертті материалдар және 6 тонна жанар-жағар май бар. Қосымша жанар-жағар май қорын толықтыру жұмыстары жүргізіледі. 5 мың дана қапшық сатып алынды. Сондай-ақ 8 ауылдық округте 1 500 қапшық құммен қапталып, құрғақ ғимараттарға орналастырылды. Қосымша 5 мың қапшыққа тапсырыс берілді. Аудан бойынша 9 эвакуациялық пункт (сыйымдылығы — 1 900 орын) толықтай дайын, — дейді М.Өмірәлиев.

Батыс Қазақстан облысының басқа да аудандарында осындай жұмыс атқарылып, қазіргі таңда су тасқынына дайындық пысықталуда. Дегенмен қауіп сейілді деп айту қиын. Сондықтан алдағы күндерді тиімді пайдалану қажет-ақ.

Орал
Фото: Ғайсағали Сейтақ/Kazinform

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да көктемгі су тасқынына дайындық барысында бірқатар мәселе шешілмей отырғанын жазған едік.

Сондай-ақ көктемгі су тасқынына дайындық бойынша Орал қаласы мен Қаратөбе ауданы әкіміне сөгіс жарияланды.  

Соңғы жаңалықтар