Батыс Қазақстанда үсік шалған адамдар саны артып отыр
ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында жыл басынан бері үсік шалған 24 адам ауруханаға түсті.
БҚО денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, бұлардың көпшілігі Жәнібек, Казталов және Ақжайық ауданында тіркелген. Соның ішінде жеті пациент ауыр үсік шалу жағдайларымен жатқызылған.
Бәйтерек ауданы Достық ауылында тұратын әйел өз үйінде пеш істемеуі салдарынан қос табанын бірдей үсітіп алған. Жүрегінің де кінәраты бар ол қазіргі кезде жансақтау бөлімінде жатыр.
Ақжайық ауданында ер адам боран кезінде адасып кетіп, далада үсікке ұшыраған. Оның қос қолы мен аяғын кесуге тура келді. Кейін ол үйіне оралды.
Белгілі тұрағы жоқ ер адам қос табаны үсіп кеткен, ауруханаға түсті. Өкпе туберкулезіне де шалдыққан ол дәрігерлер қабылдаған шараларға қарамастан, жансақтау бөлімінде көз жұмды.
Аязда көлігін жөндеп, қос білезігін үсітіп алған қала тұрғыны ота жасалмай, ауруханадан шықты. Мас күйінде көшеде ұйықтап қалған тағы бір тұрғын қос білезігінен айырылды. Белгілі тұрағы жоқ тағы бір ер адам сондай күйге ұшырады, оның қос табаны кесіледі.
— Медицина қызметкерлерінің байқауынша, көбіне жасы 50-ден асқан ер адамдар үсікпен түседі. Олардың арасында белгілі тұрағы жоқ адамдар баршылық. Көп жағдайда алкоголь өнімін па йдалану себеп болады. Өткен жылы 12 үсік шалу дерегі тіркелсе, биыл одан әлдеқайда өсіп кетіп отыр. Мамандар мұны қатаң ауа райымен, қатты аязбен байланыстырады. Медицина қызметкерлері қыс кезінде жылы киініп, автокөлікпен алыс жолға шығудан тартынып, көшеде жүру уақытын қысқарту қажеттігін еске салады. Ал үсік шалған уақытта бірден медициналық көмекке жүгіну қажет, — деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да тағы бір ер адамның денесі табылғанын жазған едік.
Батыс Қазақстан облысында өткен жылғы 13-14 желтоқсандағы боран кезінде төрт адам көз жұмды.