«Бауырына салу» дәстүрі адам құқығын бұза ма — Қазақстан зорлық-зомбылыққа қарсы БҰҰ науқанына қосылды

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның ірі қалаларында төрт күн бойы зорлық-зомбылыққа қарсы кинофестиваль өтеді. Бұл шара Қазақстандағы БҰҰ-ның «Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн белсенді іс-қимыл» жаһандық науқанының ресми бастамасы болды. 

«Бауырына салу» дәстүрі зорлық боп санала ма — Зорлық-зомбылыққа қарсы фильмдер көрсетілімі басталды
Фото: Kazinform

Цифрлық зорлық-зомбылықты жоюға көңіл бөлінеді

«Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн белсенді іс-қимыл» науқаны жыл сайын әлемнің 180-нен астам елінде өткізіледі. 2025 жылы бұл кампания әлемдік әйелдер құқығы саласындағы күн тәртібін айқындаған құжат — Бейжің декларациясы мен Әрекет платформасының 30 жылдығымен тұспа-тұс келді.

Биыл БҰҰ әйелдер мен қыздарға қатысты цифрлық зорлық-зомбылықты жою қажеттілігіне ерекше назар аударады. Негізгі фокус — онлайн-қорқыту, қудалау, рұқсатсыз интимдік материалдарды тарату, дипфейктер және гендерлік жалған хабар сияқты қауіптерге бағытталады.

«Бауырына салу» дәстүрі зорлық боп санала ма — Зорлық-зомбылыққа қарсы фильмдер көрсетілімі басталды
Фото: Айжан Серікжанқызы/Kazinform

— Биылғы жаһандық науқанның басты тақырыбы — цифрлық зорлық-зомбылықты жою. Сондықтан біз оны бастан өткерген жандарға бүкіләлемдік қолдау көрсетуге шақырамыз. Өкінішке қарай, цифрлық кеңістік әйелдер мен қыздар үшін қауіпсіз орта емес, — деді Қазақстандағы «БҰҰ-Әйелдер» құрылымының бағдарлама жетекшісі Дина Амришева.

ЮНИСЕФ қорының «Kazakhstan Kids Online» (2023) зерттеуіне сүйенсек, қазақстандық балалардың 10% өздері ешқашан көрмеген адамдарды достары немесе таныстары ретінде тізімге қосқан. Жеткіншектердің 11% жеке танымайтын адамдарға суреттерін немесе бейнетаспаларын жіберген.

9-10 жастағы балалардың 60% және 11-12 жастағы балалардың 66% платформалардың шектеулеріне қарамастан әлеуметтік желілер мен ойын алаңдарында өз аккаунттарын тіркеген.

Ал БҰҰ мәліметінше, әлемде 1,3 миллиардтан астам адам түрлі зорлық-зомбылық түрлерінен зардап шегеді. Цифрлық кеңістікте онлайн-қорлау мен қудалау жағдайлары күрт өсуде, әсіресе бұл ең белсенді әрі ең осал топ саналатын жастар арасында жайылып барады. Осыған байланысты Қазақстан онлайн-қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша заңнаманы жаңартып, цифрлық сауатты арттыруға, қолдау қызметтерін кеңейтуге бағытталған шараларды қолға алып жатыр.

«Бауырына салу» дәстүрі — зорлықтың бір түрі

Фестиваль бағдарламасына Қазақстан, Қырғызстан және Непалдан төрт толықметражды фильм — үш көркем және бір деректі картина енді. Көрсетілімдер Астана мен Шымкент қалаларында 25 қараша — 1 желтоқсан күндері өтеді және алдын ала тіркелген көрермендер үшін тегін болады.

Фестивальді режиссер Асхат Кучинчирековтың «Бауырына салу» фильмі ашты. Фильм жаңа туған сәбидің көне дәстүр бойынша әжесіне беру оқиғасы арқылы бала мен ана арасындағы байланыстың үзілуі, әлеуметтік нормалар қысымы, эмоционалдық зорлық және дәстүрлі ұстанымдарға бағынуға мәжбүр болған әйелдердің осалдығы сияқты тақырыптарды көтереді. Картина көбіне көзге көрінбей қалатын — отбасы мен қоғамдағы ішкі жан жарасы туралы терең әңгіме қозғайды.

«Бауырына салу» дәстүрі зорлық боп санала ма — Зорлық-зомбылыққа қарсы фильмдер көрсетілімі басталды
Фото: Айжан Серікжанқызы/Kazinform

Көрсетілімнен кейін фильм актерлері, гендерлік зорлық-зомбылық жөніндегі сарапшылар және БҰҰ өкілдерінің қатысуымен талқылау өтті.

Заңгер, әйел құқығын қорғау саласындағы сарапшы Әйгерім Құсайынқызы елімізде балаға жасалатын қысымды дәстүрмен немесе тәрбие деп ақтап алатын жайттар жиі болады. «Баланы бес жасқа дейін хандай сыйла, он беске дейін құлдай ұста, он бестен кейін досыңдай сырлас» деген нақыл сөздер осыған дәлел.

— Қазақстан 1998 жылы «Әйелдерге қарсы зорлық-зомбылықтың барлық нысанын жою» құжатына қосылған. Ол құжатта мынадай бап бар: «Егер қандай да бір дәстүр, салт адамның құқығына қайшы келсе, ол дәстүрден мемлекет бас тартуы керек». Сондай бас тартқан дәстүрлердің бірі — қыз алып қашу және қалың мал. Биыл ҚР Қылмыстық кодесінің 125-1 бабына «қыз алып қашу — қылмыс» болып енгізілді. Қалың мал ресми 1920 жылы жойылған, бірақ былтыр ғана ҚМДБ қалың малды мәһірмен теңестірді. Бүгінгі фильмдегі «бауырына салу» дәстүрі — әлі де табу тақырып, көп айтылмайды. Шекесі торсықтай ұлды абысынына беруге әжелердің мәжбүрлеуі — репродуктивті зорлық деп айтылмайды. Мұны зорлық десек, дәстүрге тас атқан, либерал көзқарастағы, өткенінен жиренетін адам боп көрінуіміз мүмкін. Бірақ мұнда әйелге репродуктивті зорлық жасалса, балаға — физикалық, эмоционалды зорлық жасалып тұр, — деді Әйгерім Құсайынқызы.

Сарапшының айтуынша, қазіргі қоғамдағы әйелдердің ұл туғанша тоқтамастан бала тууды жалғастыруы, бесінші қыздың атын Ұлжалғас деп атауы, кейін олардың есімі үшін намыстануы әлі де зорлық боп саналмай отыр.

— Мұндай жағдай жалғаса бере ме деген сұраққа оптимист ретінде жауап бергім келеді, бұрын бір әйел орта есеппен 6-7 бала табатын, 1930-1980 жылдары Қазақстанда бейби-бум болды. Ал қазір Қазақстанда бір әйелге 2,7 баладан келеді және бұл динамика жылдар бойы төмендей береді. Бала саны азайғандықтан, «бауырына салу» дәстүріне көзқарас өзгеруі мүмкін.

Бұл тақырыпты Әлеуметтік антропология ғылымы зерттейді. Адамдардың жүріс-тұрысы неге олай, неліктен қазақстандық жігіттер жылай алмайды немесе неліктен ата-әжесі тәрбиелеген бала өз анасын «ана» деп атай алмайды — осыны зерттейтін әлеуметтік антропологтар көбейіп жатыр. Ал «бауырына басу» дәстүрін Швейцарияда, Германияда зерттеп жүрген ғалымдарымыз бар. Мұның проблема екенін мойындадық, әрі қарай заң тұрғысынан әйелдер күресуі керек, — деді Әйгерім Құсайынқызы.

«Бауырына салу» дәстүрі зорлық боп санала ма — Зорлық-зомбылыққа қарсы фильмдер көрсетілімі басталды
Фото: Айжан Серікжанқызы/Kazinform

400-ден астам әйелдің тұрмыстық зорлық-зомбылықтан көз жұматыны рас па?

Сарапшылар Қазақстанның ақпарат кеңістігіндегі 400-ден астам әйелдің күйеуінің қолынан қаза табатыны рас па деген сұраққа жауап берді.

— Бұл статистикаға факчтек жасалды, аңызға айналып кеткен сан деуге болады. О баста 400-ден астам әйел көз жұмады деп болжаммен ғана айтылды. Ал 2024 жылы ІІМ және Адам құқығы бойынша омбудсмен деректеріне сәйкес, Қазақстанда 200-250 әйел жай ғана әйел болғаны үшін жақындарының қолынан қаза табады. Бұл үшін «фемицид» деген бөлек қылмыс санаты ба р. Біздегі Қылмыстық кодекстің 99-бабында адам өлтіру үшін жаза бар. Бірақ, адам өлтіру бөлек, әйелді әйел болғаны үшін өлтіру бөлек. Сол үшін қазір қазақстандық адвокаттар «фемицид» ұғымын Қылмыстық кодекске бөлек қылмыс ретінде қосуды ұсынып отыр, — деді Әйгерім Құсайынқызы.

«Бауырына салу» дәстүрі зорлық боп санала ма — Зорлық-зомбылыққа қарсы фильмдер көрсетілімі басталды
Фото: Айжан Серікжанқызы/Kazinform

«Фемицид» бабы болса, елдегі прокуратура жыл сайын әйел болғаны үшін қанша адам қаза болғанын нақты айта алады.

— Бұдан басқа, жарияланбаған, айтылмаған жайттар қаншама, әйел суицид жасаса, бұл танылмаған зорлық-зомбылық, денсаулығына зақым келіп, созылмалы аурудан қайтыс болу секілді бүркемелі кейстер өте көп. Дегенмен Қазақстандағы тұрмыстық зорлық-зомбылық бір жылда сәл азайды. Бұл бойынша қараша айында ЕҚЫҰ деңгейінде сандар айтылды, Қазақстан қоғамы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа төзбейтін дәрежеге келе жатыр, — деді Әйгерім Құсайынқызы.

Айта кетейік, зорлық-зомбылыққа қарсы фильмдер көрсетілімі Шымкент қаласында 29 қараша («Деви»), 30 қараша («Бауырына салу») және 1 желтоқсан («Горгона») жалғасады.

Соңғы жаңалықтар