Байқоңыр қаласы Қазақстан қаражаты есебінен көркейіп келеді - Нұрлыбек Нәлібаев

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Нұрлыбек Нәлібаев әкім болып келген 2022 жылдан бері Қызылорда облысында не өзгерді? Тозығы жеткен жылу орталығын қайта салуға қалай қол жеткізді? Тағы қандай қордаланған мәселе бар? Әкімнің жұмыс күні, демалысы қалай өтеді? Осы және өзге сұрақтардың жауабын Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтан сұрап білдік.

әкім
Фото: Қызылорда облысы әкімдігі

— Нұрлыбек Машбекұлы, Қызылорда облысына әкім боп келгенде алдыңыздан қордаланған қандай мәселелер шықты, соның қайсысына нүкте қою мүмкін болды?

— Әрине, өңірде күрделі мәселелер қай кезде де болған. Әсіресе, аймақтағы өнеркәсіп өндірісінің 60 пайызға жуығын құрайтын мұнай өндіру көлемі, тау-кен секторындағы өндіріс жылдан-жылға төмендеген. Қызылорда қаласында 60 жыл бұрын салынған жылу-электр орталығының да тозығы жеткен. Бүгінде осы мәселелер Президенттің, Үкіметтің қолдауымен оң шешімін таба бастады.

Тарқатып айтсақ, кірістің негізгі бөлігі мұнай саласынан болғандықтан кен орындарының жаңа көздерін игеру аса маңызды. Ол үшін тиісті салалық министрліктер геологиялық-геофизикалық зерттеу жүргізіп жатыр. Мұнай қорының сарқылуы салдарынан соңғы 10 жыл бойы өнеркәсіп өндірісінде төмендеу тенденциясы қалыптасты. 2023 жылдың қыркүйек айынан бастап өңдеу өнеркәсібі есебінен бұл салада оң динамикаға қол жеткіздік. 2022 жылғы көрсеткіште республика бойынша 11-орында болсақ, соңғы екі жылдың қорытындысымен 1-орынға шықтық.

Жылу-электр орталығының жұмысын жандандыру мақсатында өңірде ірі инвестициялық жоба басталды. Мемлекет басшысының Түркияға іссапары кезіндегі келісімнің арқасында «Акса энерджи» түрік компаниясымен бірлесіп, құны 215 млрд теңгеден асатын 240 мегаватт жылу-электр орталығы салынып жатыр. Бұл жоба биыл іске қосылады.  

Президенттің Катар еліне жұмыс сапары аясындағы үкіметаралық келісімге сәйкес оңтүстік өңірлерде электр энергиясының тапшылығын болдырмау мақсатында қуаты 1100 МВт, құны 892 млрд теңге болатын бу-газ қондырғысын салу келісілді. Мегажоба 2028 жылы толығымен іске қосылады.

Сондай-ақ облыс бюджеті 750 млрд теңгеден асты. Бұл қаржы аймақ тұрғындарының cұранысына сәйкес халықты баспанамен қамту, жаңадан әлеуметтік нысандар салу және күрделі жөндеу жүргізу, жол, ауызсу, газ, абаттандыру және басқа да өзекті мәселелерді шешуге бағытталып келеді.

қызылорда
Фото: Қызылорда облысы әкімдігі

— Үйі жоқтың басты мәселесі баспана екенін білесіз. Осы орайда кезегін күткендерді немен қуантуға болады?

— 2022 жылдан бері облыста қаржыландырудың барлық көзінен 2,5 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Оның 1,2 млн шаршы метрі ауылдық жерлерде, қалған 1,3 млн шаршы метрі қалаларда Қызылорда, Арал, Қазалы қалаларында. Биыл бюджеттен тұрғын үй құрылысы мен жеке салушылардан дайын пәтер сатып алуға 31 млрд теңге қаралып, 2765 пәтер табысталады. Сонымен қатар 650 пәтерлік 15 үйді (10 кредиттік, 5 жалға берілетін) жаңа қоныс иелеріне табыстаймыз.

Соңғы жылдары кезекте тұрған халықтың әлеуметтік осал топтарына 3504 пәтер, жалғыз баспанасы апатты деп танылған азаматтарға 271 пәтер сатып алынып, 8638 отбасы баспаналы болды. Биыл тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарды баспанамен қамтамасыз ету мақсатында халықтың әлеуметтік жағынан осал топтары үшін 1980 пәтер, баспанасы апатты деп танылған азаматтарға 135 пәтер сатып алынады.

— Күріштің отанында тұрғасын судың жайына алаңдаймыз. Бұл бағытта биылғы болжам қандай? Егін шаруашылығын әртараптандыру, күріш алқабын қысқарту күріш егуге маманданған шаруашылықтар үшін қиынға соқпай ма?

— Сырдария өзенінің деңгейі өңірдің экономикалық-экологиялық жағдайына, халықтың тыныс-тіршілігіне тікелей әсер етеді. Президенттің және Үкіметтің қолдауымен көршілес елдермен дер кезінде жүргізілген келіссөз нәтижесінде кейінгі жылдары егіс алқаптары сумен толық қамтамасыз етіліп, аймағымызда су тапшылығы болған жоқ. 

Су ресурстары тапшылығы біздің суға деген көзқарасымызды өзгертті. Оны неғұрлым тиімді пайдалану, ылғал сақтағыш технологияларды енгізу, су жүйелерін цифрландыру, әсіресе, егін шаруашылығында күріштен басқа дақылдарды тамшылатып суару көлемін ұлғайту — бүгінгі күннің басты талабы.

Биыл облыс бойынша 193,7 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдарын егу жоспарланды. Ауыспалы егіс тәртібіне сәйкес диқандар 85,9 мың гектар жерге күріш егетін болған, бұл — жалпы егістің 45 пайызы. Үкімет бекіткен су саласын дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспарына енгізілген жобаларды іске асыруда Су ресурстары және ирригация министрлігімен бірлесіп, нақты жұмыс жүргізіліп жатыр. 

Суды үнемдеу туралы Президент тапсырмасына сәйкес аймақта суды көп қажет ететін дақылдар көлемі оңтайландырылып, су үнемдеу технологиясы енгізілді. Су шығынын азайтуда егістік жерді лазерлік әдіспен тегістеудің маңызы зор. Соңғы жылдары диқандар күріш алқабының 60 мың гектарына осындай тәсілді қолданды. Биыл су шығынын шамамен 20 пайыз немесе 300 млн текше метрге дейін үнемдеу арқылы күріш егу межеленді.

күріш
Фото: Қызылорда облысы әкімдігі

— Қызылорда 30 жыл бойы республикадағы ыстық су келмеген жалғыз облыс орталығы болды. Халық оның рахатын енді көре бастады. Бұл жұмыс қашанға дейін жалғасады?

— Мемлекет басшысы 2023 жылы өңірге келгенде Қызылорда қаласын ыстық сумен қамту мәселесіне қатысты нақты тапсырма жүктеді. Соған сәйкес былтырдан бері қарқынды жұмыс атқарылып жатыр. Қызылорда қаласындағы 423 көпқабатты тұрғын үйді ыстық сумен жабдықтау жүйесіне қосу үшін 26,2 млрд теңгеге жоба әзірленіп, жұмысты екі кезеңмен іске асыру жоспарланған.

Былтыр І кезең бойынша 187 үй күрделі жөндеуден кейін жүйеге қосылған. Биыл 61 көпқабатты тұрғын үйді ыстық сумен қамтамасыз ету үшін Үкіметтің шұғыл шығындарға арналған резервінен 5 млрд теңге бөлінді.

су
Фото: Қызылорда әкімдігі

— Күні кеше Байқоңыр ғарыш айлағының 70 жылдығы тойданды. Енді сұрақ — ғарышкерлер қаласы құрылғалы бері қаншалықты өзгерді? Ресей жалға алғаны үшін беретін қаржы қандай мақсатқа жұмсалады? Қаланың инфрақұрылымын дамытуға қаншалықты көңіл бөлініп отыр?

— Екі ел Үкіметі арасындағы шартқа сәйкес кешен 2050 жылға дейін жалға берілген. Жалдаудан түскен қаржы еліміздің Бюджет кодексіне сәйкес жұмсалады. Тұрғын үй мәселесін шешу үшін Қазақстан қаражаты есебінен Байқоңыр қаласының 7 А шағынауданында «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 50 пәтерлі 5 көпқабатты үй салынып жатыр. «Байқоңыр» кешенін газбен жабдықтау туралы келісімге сәйкес қаладағы барлық көппәтерлі тұрғын үй газдандырылды. Сумен жабдықтау және су бұру жүйелері жалдан шығарылып, облыстың коммуналды меншігіне қабылданды.

Байконур
Фото: Сара Қабиқызы / Kazinform

Облыс әкімдігі 11,4 шақырым кәріз желілерін қайта жаңғыртты. Жобаны одан әрі іске асыру үшін 12,6 млрд теңгеге үш кезеңді қамтитын негізгі жоба-сметалық құжаттама әзірленді. Оның аясында 94,6 шақырым су құбыры және 84,6 шақырым кәріз желілері жөнделеді. Қала іргесіндегі Қармақшы ауданының Төретам кенті мен Ақай ауылдық округін жалғайтын 9 алаңның айналма жолына күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр. Қала маңындағы Төретам кенті мен Ақай ауылына да газ жеткізілді. Байқоңырдың мерейтойына орай қалада дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салу жөнінде шешім қабылданды.

— Биыл облыс үшін тағы бір мерейлі дата бар, ол — Қызылорданың астана болғанына 100 жыл толуы. Сол кезеңнің көзіндей тарихи-мәдени ескерткіштер мен ғимараттардың көбі бұзылып кетті. Қолда барды сақтау үшін қандай жұмыс атқарылып жатыр?  

— Қызылорда астана болған жылдары қалалық атқару комитетінің ғимараты сақталғаны белгілі. Ғимарат жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енгізілген. Онда 1927-1990 жылдары қалалық атқару комитеті, 1991 жылдан қазіргі уақытқа дейін ҚазАвтоЖол филиалы орналасқан.

а
Фото: Қызылорда облыстық тарихи-мәдени мұраны қорғау орталығы

Қалада 11 тарихи ғимарат бар. Олар уақытылы жөнделіп, ел игілігіне қызмет етіп тұр. Жалпы облыс көлемінде 567 тарихи-мәдени мұра нысаны мемлекет қорғауына алынған. Жергілікті бюджет есебінен Бәбіш мола, Жанкент, Сығанақ қалашықтарына археологиялық қазба жұмыстары жүргізіліп келеді. Ел астанасы болған кезеңдегі тарихи-мәдени ескерткіштердің тарихи келбетін сақтап қалу үшін ескерткіштерді ғылыми реставрациядан өткізу қолға алынған.

— Қай күндері қоғамдық қабылдау өткізесіз? Халықты көбіне не мазалайды? Сізге жеткізбей-ақ шешуге келетін мәселелер болатын шығар, оған не кедергі?

— Жеке мәселесімен қабылдауға өтініш білдірген азаматтарды кезең-кезеңімен заңға сәйкес қабылдаймын. Айына бір рет жеке қабылдау өткіземін. Азаматтардың басым бөлігі тұрғын үй, әлеуметтік көмек, денсаулық және жұмысқа орналасу мәселелерін көтереді. Облыс әкімінің орынбасарлары, қала мен аудан әкімдері, облыс әкімі аппаратының басшысы, облыстық басқарма басшылары да кестеге сәйкес оффлайн немесе онлайн жеке қабылдау өткізіп тұрады. Тұрғындарды мазалаған сұрақтар бойынша қажетті іс-шаралар қабылдайды, түсіндірме жұмысын жүргізеді.

Жылына екі рет облыстық құқық қорғау органдарының басшыларымен бірге барлық ауданда тұрғындардың өзекті мәселелері бойынша жеке қабылдау жүргіземіз. Өткізу орны мен уақыты алдын ала хабарланады. Ешкімге шектеу жоқ. Қазір келушілердің саны азайды. Барлық мәселені заң аясында шешуге тырысамыз. Жауапты құзырлы орган басшыларына тапсырма беріліп, оның орындалуы қатаң бақылауға алынады.

әкім
Фото: Қызылорда облысы әкімдігі

— Әкімнің жұмыс күні және демалысы қалай өтеді?

— Таңертең сағат 9-да жұмысқа келіп, кешкі 7-де қайту, сенбі, жексенбіде демалу деген режим жоқ. Уақытпен санаспаймын. Қолым қалт етсе, бұқаралық ақпарат құралдарынсыз, ескертусіз қаладағы құрылыс алаңдарының басына барамын. Нысандар құрылысындағы көзге көрінген кемшіліктерді айтамын, сапаны талап етемін.

— Командаңызға көңіліңіз тола ма? Басшылық қызметке қабылдарда не нәрсеге көңіл бөлесіз?

— Басшылық қызметтегі азаматтардың басым бөлігі — жергілікті жерде мемлекеттік қызметте сатылап өскен мамандар. Жұмысты өз саласындағы ең төменгі баспалдақтан бастаған. Барлығына тең, жоғары талап қоямын. Мемлекет басшысы мен Үкімет жүктеген міндеттерді тиянақты орындауда тек жоғары білім мен бай тәжірибеге сүйену жеткіліксіз. Әрбір іске ерекше жанашырлықпен қарау, күнделікті бақылау, ең бастысы, жұмыстың сапасы мен мерзімінде орындалуын талап ету қажет.

— Сүйікті кітабыңыз?

— Қауырт жұмыстан қолым қалт еткенде Абайдың қара сөздерін қайталап оқығанды жақсы көремін. Қазақ әдебиетінің классиктері Дулат Исабеков ағамыздың «Қарғын», Мұхтар Мағауиннің «Сары қазақ», «Шахан шері» сияқты әдеби шығармалары да — адамды терең ойға жетелейтін туындылар.

— Нұрлыбек Машбекұлы, ағайынгершілікке салынып өтініш айтатындар көп пе? Оларға не деп жауап бересіз?

— Менің ұстанымым — елге адал қызмет ету. Бұл көзқарасымды ағайын-туыс жақсы біледі және түсіністікпен қарайды. Орынсыз мазалап, өтініш айта бермейді. Қоғам алдындағы жауапкершілік мұндай олқылыққа жол бергізбейді.

— Сізді басқа облысқа әкетеді деген сыбыс шықты. Өзіңізді таяу болашақта қайдан көресіз?

— Біз мемлекеттік қызметте болғандықтан әрқашан бәріне дайын болуымыз керек. Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау, ел мен мемлекет мүддесіне еңбек ету — бізге қойылатын басты талап. Кадрлық өзгерістер болған жағдайда қай қызмет болса да бар тәжірибемді қолдануға дайынмын.

Естеріңізге салайық, Kazinform бұған дейін Ақтөбе, Абай және Солтүстік Қазақстан облысы әкімдерімен әңгіме-дүкен құрған еді.  

Соңғы жаңалықтар