Бектеновтің ескертуінен соң ірі бизнес бюджетке 47 млрд теңге салық төлеген
АСТАНА. KAZINFORM — Премьер-министр Олжас Бектенов Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында жыл басындағы ірі кәсіпкерлерге жасаған үндеуі мен оның нәтижесі туралы тілшілер сұрағына жауап берді.

— Биыл ақпанда сіз еліміздегі ірі бизнестерге салық төлеуге екі апта уақыт берген едіңіз. Басқаша айтқанда, салық міндеттемелерін әділ көлемде орындауды талап еттіңіз. Бүгінде бизнес мемлекет алдындағы міндеттемелерін адал орындап жатыр деуге бола ма?, — деп сұрақ қойды тілшілер.
— Меніңше, ешкімге құпия емес, мәселен ірі құрылыс компаниялары бизнесті бөлшектеу схемасын қолданады. Яғни, компанияның өзі — бір заңды тұлға, ал сылақшы — өз алдына жеке кәсіпкер (ЖК), сырлаушы — бөлек ЖК, кафель төсеуші — тағы бір ЖК. Бұл әрқайсысының жеке-жеке жеңілдетілген салық режимінде жұмыс істеуі үшін жасалады. Сәйкесінше, олар бүкіл компанияның әділ салығына қарағанда әлдеқайда аз төлейді. Мен жылдың басында осы мәселе туралы мәлімдеген едім. Бизнес те бұл үндеуге құлақ асты деп ойлаймын. Сол үндеуден кейін белсенді жұмыс жүргізілді, нәтижесінде санаулы күнде бюджетке 47 млрд теңге түсті, — деп жауап берді О. Бектенов.
Премьердің айтуынша, бұл бағытта Мемлекеттік кірістер комитеті үлкен жұмыс атқарып жатыр. Блогерлерге қатысты және басқа салаларда жұмыс жүргізілді.
— Жаңа Салық кодексі де жеңілдетілген салық режимдерін қысқартуға бағытталған. Табыс шегі төмендетілді, оған қоса бөлшек салық түсінігіне сай келмейтін қызмет түрлерін алып тастаймыз, — деп толықтырды Үкімет басшысы.
Бұдан бұрын жауапкершілігі жоғары инвесторларға қосымша салықтық жеңілдіктер берілетіні белгілі болды.
Сонымен қоса салық төлемеудің қандай кері салдары бар екені айтылды.