Берденов ісі: Екі тарап та апелляцияға шағым түсірді

ШЫМКЕНТ. KAZINFORM — Қалалық соттың апелляциялық алқасы Шымкент қаласы әкімінің бұрынғы орынбасары Руслан Берденов пен 9 жылға сотталған Ернар Жиембайға қатысты резонансты іс бойынша берілген шағымдарды қарайды.

Руслан Берденовке қастандық жасау ісі бойынша сотта психиатриялық сараптама қорытындысы ұсынылды
Коллаж: Kazinform; Gov.kz; Pixabay

Соттың баспасөз қызметі «Kazinform» агенттігінің ресми сауалына берген жауабында апелляцияны екі тарап та түсіргенін растады.

— Апелляциялық шағымдарды қарау 8 қазан күні сағат 12:00–де Шымкент қалалық сотының ғимаратында өтеді, — деп хабарлады сотта.

Еске сала кетейік, даулы іс 20 тамызда аяқталған болатын. Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот Ернар Жиембайды орта қауіпсіздік мекемесінде 9 жыл бас бостандығынан айыруға үкім шығарды. Сонымен қатар ол жәбірленушіге 30 АЕК (2025 жылы — 117 960 теңге) көлемінде өтемақы төлеуге міндеттелді.

Бұл істе Руслан Берденов жәбірленуші ретінде танылды. Оған 21 сәуірде Шымкент қаласы әкімінің орынбасары қызметіне тағайындалғанына екі ай толған кезде қастандық жасалған.

Шенеунік жарақат алып, шұғыл түрде ауруханаға жеткізіліп, ота жасалды.

Күдікті Ернар Жиембай қылмыс орнында ұсталып, оған «Адам өлтіруге оқталу» бабы бойынша айып тағылды. Іс сотқа 22 шілдеде жолданып, 20 тамызда судья Әбінұр Қарабаев үкімін жариялады.

Ернар Жиембай сол кезде апелляция беруге ниеті жоқ екенін айтқан, бірақ ондай мүмкіндікті жоққа шығармаған. Ал Руслан Берденовтің мүддесін қорғаған Жеңіс Тыныбек жәбірленуші тарапынан апелляция берілетінін мәлімдеген еді.

29 тамызда Руслан Берденов өзінің өтінішімен әкім орынбасары қызметінен кетті.

Енді бұл резонансты істің тағдырын апелляциялық алқа қайта қарайды.

Соңғы жаңалықтар