Биыл 111 мыңға жуық бала көмек сұрап 111 байланыс орталығына жүгінген

АСТАНА. KAZINFORM – Жылдың басынан бері отбасы, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өтініштер қабылдайтын «111» бірыңғай байланыс орталығына балалардан 110 999 өтініш түсті, деп хабарлайды Оқу-ағарту министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитеті.

Во всех школах и колледжах Казахстана начали функционировать QR-коды контакт-центра «111»
Фото: Оқу-ағарту министрлігі

Өтініштердің 108 987-сі мектептер мен колледждерге орналастырылған QR-кодтар арқылы, ал 2 012-сі телефон қоңырауы арқылы қабылданған.

Байланыс орталығының жұмысы барысында 3 499 балаға психологиялық көмек көрсетілді, сондай-ақ 1 602 өтініш бойынша тиісті мемлекеттік органдармен бірлесіп жедел қолдау ұйымдастырылды. Өтініштердің басым бөлігі ақпараттық және кеңес беру сипатында болды.

Ең көп өтініш түскен өңірлер қатарында Алматы қаласы (9 160), Батыс Қазақстан (7 654) және Түркістан облысы (7 478) бар. Ал ең аз көрсеткіштер Ұлытау (1 017), Солтүстік Қазақстан (1 738) және Абай облыстарында (1 765) тіркелген.

Мемлекеттік органдардың қатысуын қажет еткен өтініштер орталық және жергілікті атқарушы органдармен, сондай-ақ ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкілі, өңірлік уәкілдер және үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп қаралды.

— Өтініштерді талдау барысында балалардың қоңырау шалудан гөрі жазып көмек сұрауды жиі таңдайтыны анықталды. Көпшілігі сөйлесуге ұялады, кейбірі қобалжиды. Ал хабарлама арқылы өз ойын ашық айтып, анонимді түрде көмек алуға мүмкіндік бар. Күн сайын мамандар жүздеген баланың жанайқайын естиді. Бірі уайымын, бірі қорқынышын, енді бірі отбасындағы немесе достар арасындағы түсініспеушіліктерін бөліседі. Жақында бір оқушы QR-код арқылы хабарлама жазып, көмек сұраған. Мамандар оған жүйелі психологиялық қолдау көрсетіп, өзіне деген сенімділігін қалпына келтіруге көмектесті. Әр бала мектепте өзін түсінетін және қолдайтын ұстазы бар екенін сезінуі керек, — деді ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова.

Оның айтуынша, әрбір ата-ана мен мұғалім баласына қысқа ғана «111» нөмірін есте сақтап, қажет болған жағдайда қайда жүгіну керегін үйретуі маңызды.

Еске салайық, 2024 жылдың шілдесінде Мемлекет басшысының тапсырмасымен қабылданған «Әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері жөніндегі» заң аясында «111» байланыс орталығының функциялары баланың құқықтарын қорғау саласындағы ұлттық тетік ретінде заңнамалық деңгейде бекітілген.

Айта кетейік, Абай облысында ішімдік ішкен 28 баланың ата-анасы жауапқа тартылды.

Соңғы жаңалықтар