Биыл 112 жайлы мектеп пайдалануға беріледі
АСТАНА. KAZINFORM — Биыл «Жайлы мектеп» жобасы аясында 112 мектеп пайдалануға беріледі. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев айтты.

— 2022 жылы Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын жүзеге асыруды тапсырды. Былтыр ауқымды құрылыс жұмысы басталды. Бүгінге дейін 105 мектеп салынды. Биыл тағы 112 мектептің құрылысы аяқталып, іске қосылады. «Жайлы мектеп» жобасы аясында екі жылда 460 мың оқушы орнына арналған 217 заманауи мектеп салынып жатыр, — деді министр.
Оның атап өтуінше, Президенттің тапсырмасымен іске асырылып жатқан «Жайлы мектеп» жобасы қала мен ауыл мектептері арасындағы алшақтықты жоюға бағытталған стратегиялық бастама.
— Жобаның мақсаты — еліміздің барлық өңірінде кез келген балаға қолжетімді жаңа форматтағы білім беру ұйымдарын құру. Жоғары сапалы білім беру стандарттарын жаппай енгізу арқылы, әр баланың жан-жақты дамуына және өз әлеуетін толық ашуға теңдей мүмкіндіктер жасау, — деді Ғани Бейсембаев.
Бұған дейін 2024–2025 оқу жылының басынан бастап «Жайлы мектеп» жобасы аясында 254 мың оқушы орны пайдалануға берілгенін жазған едік.