Биыл Ақтөбе облысында 827 отбасы баспаналы болды

АСТАНА. KAZINFORM — Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесіне тоқталды.

Асхат Шахаров
Фото: Ақтөбе облысының әкімдігі

— Маңызды міндеттердің бірі — халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету. Мемлекет басшысы тапсырмасына сәйкес осы бағытта Үкімет қолдауымен бюджеттен бөлінген 12,3 млрд теңгеге облыста 827 отбасыға пәтер берілді, — деді Асхат Шахаров өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есеп бере тұрып.

Әкімнің есебінше, «Бақытты отбасы» және «Шаңырақ» бағдарламасы аясында 225 отбасы баспана алды. Оның ішінде, 118 отбасы әлеуметтік осал топқа жатады. 

— Келер жылы 975,0 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беру жоспарланған. Сонымен қатар, «Ақтөбе жастары» бағдарламасы аясында 70 жас отбасы үйлі болады деп отырмыз, — деп түсіндірді А. Шахаров.

Бұған дейін Хромтауда инвестициялық аймақ құрылатыны белгілі болды.

Айта кетейік, алдағы жылы Ақтөбе өңірі 1 трлн теңге инвестиция тартуды жоспарлап отыр.

Сондай-ақ, алдағы жылы Ақтөбе облысындағы 24 ауыл газбен қамтылады.

Соңғы жаңалықтар