Биыл оқушылардың сабақ кезінде смартфон ұстауына қатысты айыппұл салынды ма
АСТАНА.KAZINFORM – Елімізде сабақ кезінде ұялы телефон ұстауға болмайды. Бұл талап қаншалықты орындалып жатыр? Осы сұраққа Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Майра Мелдебекова жауап берді.
- Жалпы, сабақ кезінде қолдануға тыйым салынды. Егер оқу процесінде ақпараттық технологиялар аясында түрлі контентті пайдалану, электронды оқулықтар немесе түрлі қосымшаларды ашу керек болса, мұғалімнің жоспарымен смартфонды қолдануға болады, - деді М. Мелдебекова Сенаттың жалпы отырысынан кейін тілшілер сұрағына жауап бере отырып.
Оның айтуынша, оқушылардың осы талаптарды орындамауына қатысты мұғалімдерден шағым түспеген.
- Сонымен қатар, тиісті шектеуге қарамастан оқушылардың сабақ кезінде смартфон ұстауына қатысты ата-аналарына айыппұл салу деректері тіркелмеді, - деді вице-министр.
Бұған дейін Оқу-ағарту бірінші вице-министрі заңнамадағы тиісті шектеуге қарамастан оқушылар мектепте смартфон пайдаланса, ата-анасына айыппұл салынатынын айтты.
Оқу-ағарту министрлігінің хабарлауынша, әкімшілік істің хаттамасын білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменттері толтырады.