Былтыр әлемнің алпауыт компаниялары Өзбекстанға 1,5 есе көп салық төлеген
ТАШКЕНТ. KAZINFORM — 2024 жылды Өзбекстанда жұмыс істейтін шетелдік IT-компаниялардан түскен салық 1,5 есе өсті, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Салық комитетінің мәліметінше, Өзбекстан аумағында жұмыс істеп тұрған 63 шетелдік кәсіпорын ел қазынасын 115,8 млрд сумға (шамамен $8,9 млн) толтырды. Бұл ретте салықтың 99 пайызы 10 IT-компаниядан түсті.
Сонымен, былтыр ең көп салық төлеген кәсіпорындар көшін Meta платформасы бастап тұр ($3,2 млн). Одан кейінгі орындарға Google ($2,2 млн) мен Apple ($2 млн) жайғасқан.
Осы орайда Tik-Tok алғаш рет Yandex Europe компаниясын артқа тастап, 10 ірі салық төлеушінің қатарына енді. Тиісінше, 1,5 жыл бұрын Өзбекстанда бұғатталған әлеуметтік желі салық есебіне тұрған.
Сонымен қатар, салық төлеушілер тізімінде Amazon ($316 мың), Booking.com ($277 мың), Netflix ($109 мың) және Zoom (1$05 мың) сияқты компаниялар бар.
Бұған дейін хабарланғанындай, Қазақстанда тіркелген шетелдік интернет-компаниялар төлеген салықтардың жалпы сомасы 70,0 миллиард теңгеден асты.
Еске салайық, бұған дейін Өзбекстан билігі қосылған құн салығының мөлшерін 2028 жылға дейін көтермейтінін жазып едік.
Қоса кетейік, былтыр Өзбекстанда жемқор шенеуніктер мемлекетке $278,3 млн залал келтірді.