Біз оталарды әлемдік стандартқа сүйене отырып жаңа технологиялармен жасаймыз - нейрохирург дәрігер

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Алматыдағы ҚР Президенті Іс басқармасының орталық клиникалық ауруханасының нейрохирургі, бірінші санаттағы дәрігер, «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы Марат Саршаев ҚазАқпарат тілшісіне өз жұмысының қыр-сыры туралы айтып берді.
None

- Халықта «Мыңның түсін танығанша, бірдің атын» біл деген даналық сөз бар. Олай болса, әңгімемізді таныстықтан бастасақ...

- Мен 1985 жылы Тараз қаласында қарапайым отбасында дүниеге келдім. Әкем – инженер, ал анам - үй шаруашылығымен айналасқан абзал жан. Төрт ағайындымыз. Екі әпкем, бір ағам бар. Мен - үйдің кенжесімін. Мектепті жақсы оқыдым. Кішкентайымнан спортпен шұғылдандым, дзюдомен кәсіби түрде айналыстым.

- Алайда, мамандық таңдауға келгенде медицина саласын құп көріпсіз. Мұндай шешімді қабылдауға не түрткі болды?

- Мектеп қабырғасында жүргенде болашақ мамандығымды спортпен байланыстыратын едім. Алайда, тоғызыншы сыныпта қолымнан ауыр жарақат алып, спортпен қоштасуыма тура келеді. Кейін биология мен химияға пәніне қызығушылығым оянды. Оның үстіне ата-анам менің дәрігер болғанымды армандайтын. Себебі, біздің тұқымда дәрігер жоқ. Медицина саласын таңдауға бағыт-бағдар берген ата-анам болды.


Дәрігер болатыным нақтыланған соң, Бішкек қаласындағы Қырғыз мемлекеттік медицина академиясына оқуға түстім. Себебі, тараздықтардың көбі Бішкекке барып емделетін. Сол елдін медицинасын мақтайтын. Оның үстіне біз тұратын қалаға жақын болды. 2007 жылы Қазақстанның дипломын алып, елордадағы емдеу мекемелерінен тәжірбиеден өту үшін Астана қаласына ауысуды жөн көрдім. Астана қаласындағы медицина университетіне 5-курсқа қабылдандым. Оқып жүріп Нейрохирургия орталығына мейіргер болып қызметке тұрдым. Сосын білімімді «Болашақ» бағдарламасымен Мәскеу қаласындағы Нейрохирургия ғылыми институында жалғастырдым. Екі жыл Ресейдегі білікті мамандардан дәріс алдым.


- Жалпы, медицинаның күрделі сала екені көпке мәлім. Оның ішінде нейрохирургия - ең қиыны. Неге осыны таңдадыңыз?

- Мен алдыма мақсат қоюды және оған жетуді әдетке айналдырған адаммын. Мен оңай жолды өте сирек таңдаймын. Көбіне күрделісін бағындыруға тырысамын. Мысалы, мектепте оқып жүргенде спорт, әскери қызмет немесе медицина саласына барамын дейтін едім. Жаңа өзіңіз айтқандай, медицинаның ішінде күрделісін таңдадым. Әу баста, кардиохирург болуды жоспарлағам. Бірақ, нейрохирургияның қыр-сырын білген соң, бағытымды өзгерттім. Ықыласым ауған сала болғандықтан ерінбей еңбектеніп, ақыры өз дегеніме жеттім. Десе де, нейрохирургияда үйренер нәрселер әлі де көп.


- Марат, дәрігерлік тәжірбиеңізде қанша операция жасадыңыз?

- Нейрохирургтың негізгі жұмысы – ми және жұлында пайда болған ауруларды анықтап, ота жасау. Бұл мамандықты игеру кез келгеннің қолынан келе бермейді. Шыдамдылық, сабырлық секілді қасиеттермен қоса, адамға терең білім қажет. Оның үстіне аса жауапкершілікті де талап етеді. 13 жылдық тәжірбиемде 2 мыңнан астам ота жасадым. Негізі миға жасалатын кез келген операция күрделі.


- Естуімізше, Сіздің алдыңызға көмек сұрап келетіндердің санында шек жоқ екен...

- Адам өміріне араша түсіп, оның көрер күнін әрі қарай жалғағаннан асқан бақыт бар ма? Иә, менің операция жасағанымды қалап келетін науқастар көп. Бар үміті дәрігерде болған пациенттің ауруынан айығып, отбасына аман- есен оралғаны - біз үшін де үлкен жетістік. Ең бастысы, науқастарымның жазылып кеткенін қалаймын.


– Сіз жұмыс істейтін бөлімшеге көбінесе қандай ауруға шалдыққан науқастар жүгінеді?

- Бізге көбіне ми және жұлынның ісігіне, ми тамырларының ауруына шалдыққан науқастар, әр түрлі қозғалыс бұзылыстары бар адамдар жүгінеді. Бұдан басқа, қазір бет-жақ жүйесінің неврологиясы диагнозы бойынша көп операция жасалып жатыр. Біз оталарды әлемдік стандарқа сүйене отырып жаңа технологиялармен жасаймыз. Мысалға, омыртқа грыжасын кішкентай ғана эндоскопиялық түтікшемен толық алып тастаймыз. Эпилепсияға дәрі- дәрмек көмектеспей қалған кезде, операция жасаймыз. Нерв жүйесіне стимулятор орнатамыз. Бұл талып қалуды 70 пайызға төмендетеді. Сондай-ақ басқа да жаңа технологиямен жасалып жатқан операциялар көп.


- Медицина бір орында тоқтап қалатын сала емес. Біліміңізді жетілдіріп отыратын шығарсыз?

- Иә, Ресей, Түркия, Франция, Оңтүстік Корея, Араб Әмірліктері, Бразилия және тағы да басқа елдерде білімімді шыңдадым. Негізі, орталық дәрігерлері айына бір рет шетелге шығып, жаңа технологияны көріп, үйреніп келеді. Сосын сол жаңа әдісті өзімізде қолдануға тырысамыз. ҚР Президенті Іс басқармасының күндері аясында орталық клиникалық ауруханасының дәрігерлері айына бір рет өңірлерге шығып, жергілікті нейрохиругтармен тәжірбие алмасып, бірегей операциялар жасаймыз. Сондай-ақ, біздің бөлімшеге алыс-жақын шетелден дәрігерлер көптеп келеді.


- Өңірлерде көбіне қандай операция жасайсыз?

- Жақында Атырауда экстраинтракраниалды микротамырлық анастомоз немесе ми артериясын шунттау отасын жасадық. Мұндай ота ҚР Президенті Іс басқармасының Медицина орталығы күндері аясында жыл басынан бері еліміздің барлық өңірлерінде жасалып жатыр. Аталған операция бітелген тамырдан айналып өтіп, ми артериясындағы қан ағысын қалпына келтіруге мүмкіндік береді. Самайүсті мен мидың орта тамырының арасына анастомоз қойдық. Мұндай ота май түйіншектің пайда болуы салдарынан ми артериясының тесігі симптомдық бітелуі байқалатын науқастарға жасалады. Ота тек қана микроскоп астында жүреді, өйткені тамырдың диаметрі 0,1 -0,15 см-ден аспайды, осы майда тамырды 10-12 жерден тігу керек.


Сонымен бірге Атырауда алғаш рет тізе мен жамбас буынын ауыстыру отасы да жасалды. Оны ОКА травматология және ортопедия бөлімшесінің меңгерушісі Сәкен Молдағалиев атқарды.

ҚР Президенті Іс басқармасының Медицина орталығы күндері заманауи медицина жетістіктерін Қазақстан халқына қолжетімді ету мақсатында өткізіледі.

Әріптестерім Атырауда тізе буынын эндопротездеу және артроскопиясын, жатыр және қосалқы бөліктерге лапороскопиялық араласу, экстраинтракраниалды микротамырлық анастомоз, лапароскопиялық адреналэктомия жасады. Сондай-ақ пациенттерге ондаған консультация беріп, мамандарға дәрістер оқыдық.


- Нейрохирургия бағытындағы отандық медицина ілгері дамып жатыр деп айтуға бола ма?

– Әрине. Медицина күннен күнге дамып жатыр. Біздің орталық та соған ілесіп дамып келеді. Бұл орталықта жасалатын операциялардың деңгейі шетелдік орталықтардан кем емес. Әлемдік деңгейде деп айтуға болады. Медициналық көмек еліміздің азаматтарына ғана емес, шетелдік пациенттерге де көрсетіледі. Астанадағы орталықтың арқасында көптеген жаңашылдықтар енгізілді. Алдағы бір-екі жылда Паркинсон ауруына операция жасаймын деп өзіме мақсат қойдым.

- Шет елге шыққанда, аудармашылардың көмегіне жүгінесіз бе?

- Жоқ. Ағылшын тілін жетік меңгергенмін. Бұл - заман талабы.


- Өзіңіздің отбасыңыз туралы айтып берсеңіз?

- Төрт балам бар. Көпбалалы отбасы қатарындамыз. Балаларым әлі кішкентай. Үлкені биыл бесінші сыныпты аяқтады, кішкентаймыз жақында екі жасқа толады. Жолдасым - анестезиолог дәрігер. Қазір үйде.

- Бос уақытыңызды қалай өткізесіз?

-Бос уақытымды отбасыма арнаймын. Табиғат аясына серуендегенді жақсы көреміз. Тауға шыққанды ұнатамын. Спортпен шұғылданамын. Аптасына екі-үш рет 5 шақырым жүгіремін.

- Жаңа ғана әріптестеріңіз операцияға дайынбыз деп кетті. Қандай операция жасайсыз?

-Бұл - жоспарлы операция. Науқас 57 жаста. Әйел адам. Ми ісігі диагнозы қойылған. Қатерсіз ісік. Ісік мидың жанында орналасқан. Миды ығыстырып тұр. Болжам бойынша ісіктің көлемі -5 см.


- Операция сәтті өтсін

- Рахмет!

- Өзіңізді үш сағат бойы күтіп отырмыз. Операция қалай өтті?

- Мұндай оталар үш сағатқа созылады. Бұл қалыпты жағдай. Ешқандай қиындықсыз сәтті өтті. Науқас оянды, өзін жайлы сезінуде. Бес жеті күн бақылауымызда болады. Содан кейін үйіне шығарамыз.

- Әңгімеңізге рақмет!


Соңғы жаңалықтар