БҚО әкімі өңірдегі тұз тапшылығы туралы пікір білдірді
АСТАНА. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев өңірдегі тұз тапшылығы туралы тілшілер сұрағына жауап берді.
– Тұз тапшылығы расымен болды, бұл «Руссоль» ресейлік өндірістік компаниясындағы мәселелерге байланысты. Шамамен 10 күнге жуық олардың жұмысы тоқтап тұрды. Соның салдарынан дүрбелең болып, тұз жетіспеді, – деді Н.Төреғалиев елордада Орталық коммуникациялар қызметінде.
Облыс әкімі қазір мәселе толық шешілгенін айтты. Оның сөзінше, Атырау облысынан («Indertuz»), Қызылорда облысынан («Аралтұз») және «Руссоль» компаниясынан тұз жеткізіліп жатыр.
– Қазіргі уақытта дүкен сөрелерінде тұздың жеткілікті көлемі бар, сондықтан ешқандай проблема жоқ. Бағасы да қолайлы – ең арзаны 52 теңге, ең қымбаты – 69 теңге, – деп толықтырды Нариман Төреғалиев.
Бұған дейін Нариман Төреғалиев «Қаладан ауылға» жобасы аясында мыңға жуық адам ауылға көшкенін айтқан еді.
Айта кетейік, Батыс Қазақстан облысында автожолдар мен теміржол вокзалдары жөндеуден өтіп жатыр.