БҚО-да тұрғындар жолдың нашарлығын айтып наразылық білдірді

ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысы Казталов ауданында ауыл тұрғындары Алгай-Жалпақтал-Жұлдыз-Қарасу жолының Қабансай аталатын тұсында жиналды.

БҚО-да тұрғындар жолдың нашарлығын айтып наразылық білдірді
Фото: «SSS STROY GROUP» ЖШС

Казталов аудандық мәслихатының депутаты Серікбол Қадемовтің Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында мәлім еткеніндей, 12 елді мекеннің жүздеген тұрғыны БҚО жолушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы мен мердігер «SSS STORY GROUP» ЖШС директоры Саламат Сертековтің Жалпақтал-Көмекші бағытындағы жол күтімі бойынша жұмыстарына риза еместігін алға тартты. 

Оның сөзіне қарағанда, мемлекеттік сатып алу порталында биылғы тамыз айында аталған басқарма мен мердігер арасында 63 млн теңгеге қосымша шарт жасалған. Бұл шарт бойынша 2 шақырымға дейін қатқыл материал төгілуі тиіс еді.

— Жұмысшылар материалдың 1 шақырымға ғана жеткенін айтты. Қалған жол сол күйінде қалған. Сол себепті тұрғындар Қабансай тұсының бұрынғы қалпынан да нашар болып кеткеніне наразы және төгілген материалдарына күмәнмен қарайтындарын айтты. Жалпы, Саламат Сертековтің түрлі атаулармен бірнеше ЖШС-ы бар. Облыстың бірнеше ауданында жол күтіміне бағытталған келісім-шарттары да аз емес. Ондағы млрд-қа жуық ақша — мемлекеттің қаражаты. Ендеше, сол қаржыға жұмыс неге тиісті деңгейде атқарылмайды? — дейді депутат.

С.Қадемовтің айтуынша, 2023 жылдың соңында облыс әкімі Нариман Төреғалиев Жалпақтал ауылдық мәдениет үйінде тұрғындармен кездесуінде жол күтімі бойынша атқарылған жұмыстарға сол аумақтың әкімі қол қоймай, қаржы мердігерге төленбейді деген еді. Алайда атқарылған жұмыстар бойынша актілерде ешқандай ауыл немесе аудан тарапынан әкімдердің қолдары болмай шықты. Мемлекеттік сатып алу порталындағы атқарылған жұмыс актілерінде тек басқарма басшысының орынбасары мен мердігердің ғана қолы ғана бар. 

— Қабансай жолын жөндеу туралы ұсыныс көптен бері айтылып келеді. Мәселе қазіргі облыс басшысының алдына осымен үшінші жыл қатарынан қойылды. Бұдан түйер түйін — халық 14 шақырым жолды салуды 2026 жылы басталғанын сұрап отыр, — деп қосты С.Қадемов. Осы мәселенің анық-қанығына көз жеткізу мақсатында Kazinform тілшісі БҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына арнайы сауал жолдаған еді.

Басқарма басшысы Марат Қуаншалиев берген мәліметке қарағанда, облыстық маңызы бар Алгай-Жалпақтал-Жұлдыз-Қарасу (6–170) автомобиль жолының жалпы ұзындығы 164 км. 2024 жылдың 30 қаңтарындағы № 13 келісімшартқа сәйкес аталған автомобиль жолын күтіп ұстау жұмыстарын «SSS STORY GROUP» ЖШС атқарады. Келісім-шарт үш жыл мерзімге, 2026 жылдың 31 желтоқсанына дейін жасалған, келісімшарттың жалпы сомасы — 216 млн 298 мың 527,31 теңге.

Автомобиль жолын күтіп-ұстау жұмыстарына топырақ жолдарында жүріс бөлігін профильдеу, ойықтарды жою, қардан тазарту, шөп пен бұталарды шабу, жол белгілерін орнату және ауыстыру, қоқыс жинау және басқалар кіреді.

— Биылғы тамыз айында жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы мен «SSS STORY GROUP» ЖШС арасында 63 млн теңгеге қосымша келісім жасалған жоқ. 2025 жылы аталған автомобиль жолын күтіп-ұстауға бөлінген қаражат аясында «SSS STORY GROUP» ЖШС тарапынан Қабансай аумағында ұзындығы 1 км болатын қиыршықтас-құм қоспасын төсеу жұмыстары орындалды. Басқарма қабылдайтын және мемлекеттік сатып алу порталында орналастырылатын орындалған жұмыстардың актілеріне ауылдық округ әкімдері қаржылық жауапкершілігі болмағандықтан, қол қоймайды. Әкімдердің қол қоюы үшін тек орындалған жұмыс көлемдері көрсетілген бөлек актілер дайындалады, — деді М.Қуаншалиев.

Басқарма басшысының түсіндіруінше, 2022 жылы жобалаушы мекеме «Уральский Каздорпроект» ЖШС Алгай-Жалпақтал-Жұлдыз-Қарасу жолының 50-70 км және 70-90 км учаскелерін күрделі жөндеу бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірлеген болатын. Қаржыландырудың болмауына байланысты бұл жобалар іске асырылмады.

— Жобалық-сметалық құжаттаманың қолданылу мерзімі бітті. Соған байланысты биылғы 10 қыркүйектегі № 13 келісім-шарт негізінде «Уральский Каздорпроект» ЖШС «Алгай-Жалпақтал-Жұлдыз-Қарасу 6–104 км (70–90 км учаскесі) Казталов ауданы, Батыс Қазақстан облысы» автомобиль жолын күрделі жөндеу бойынша жобалық-сметалық құжаттаманы түзету жұмыстарын аяқтау үстінде. Бұл жұмыс мәресіне жеткеннен кейін аталған жобаны іске асыру үшін қаржы бөлуге бюджеттік өтінім жолданады, — деп қосты М.Қуаншалиев.

«SSS STORY GROUP» ЖШС директоры Саламат Сертековтің нақтылауынша, 63 млн теңге — бір жылға ұзындығы 170 км Жалпақтал-Жұлдыз-Қарасу жолын күтіп ұстауға бөлінген қаржы.

— Біздің келісім-шартқа жаңбырдан кейін қырып тегістеу, қар тазалау, жол белгілерін орнату жұмыстары кіреді. Жұмысты Жалпақтал ауылындағы техникаларымызбен жергілікті қызметкерлер атқарады. Менде бір ғана ЖШС тіркелген. Ол сонымен қатар Чапаев-Жаңақала-Сайқын жолын күтіп ұстаумен айналысады, — деді С. Сертеков.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда шалғай ауылдарға асфальт жол қашан салынатынын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар