Boeing апаты: Үндістан ұшқыш суицид жасады деген нұсқаны жоққа шығарды

АСТАНА. KAZINFORM — Үндістанда апатқа ұшыраған Boeing ұшағының ұшқышы өзіне қол жұмсады деген нұсқа теріске шығарылды, деп жазады ТАСС.

Үндістандағы ұшақ апаты: құтқарушылар 60 адамның денесін тапты
Фото: Reuters

Үндістан коммерциялық ұшқыштар қауымдастығы (ICPA) 12 маусым күні Ахмедабад қаласы маңында апатқа ұшыраған Air India әуе компаниясының Boeing 787 Dreamliner ұшағының экипажын қорғап, ұшқыштардың кінәсі жөнінде алдын ала тұжырымдар жасауға, сондай-ақ олардың бірі өзіне қол жұмсауы мүмкін деген болжамдарға жол бермеуге шақырды. Бұл туралы қауымдастықтың ресми мәлімдемесінде айтылған.

Ұйым мәлімдегендей, ұшақты басқарған ұшқыштар өте күрделі жағдайда өз міндеттерін орындаған.

— Біз бұқаралық ақпарат құралдары мен сарапшыларды сабыр сақтауға, тергеу барысына құрметпен қарауға және қайтыс болған экипаж мүшелеріне қатысты құрмет пен жанашырлық танытуға шақырамыз. Air India рейсінің экипажы кәсіби біліктілікке сай әрекет етті. Олар құрметке лайық, ал негізсіз жорамалдарға сүйенген жала жабулар орынсыз, — делінген қауымдастық мәлімдемесінде.

ICPA БАҚ-та жарияланған «ұшқыштардың абайсыз әрекеті немесе әдейі жасаған іс-әрекеті» туралы болжамдарды «негізсіз, қауіпті және мерзімінен бұрын айтылған» деп атады.

Сондай-ақ, қауымдастық ұшқыштар тұрақты түрде қатаң психологиялық және кәсіби тексерістен өтетінін еске салып, апатқа қатысты тергеудің ресми қорытындысын күтуді сұрады.

12 шілдеде Үндістанның авиациялық оқиғаларды тергеу бюросы (AAIB) аталған апатқа қатысты алдын ала есеп жариялады. Онда ұшақтың екі қозғалтқышына да отын беру өшірілгені көрсетілген. Кабинадағы жазбаларда бір ұшқыштың екіншісіне: «Сіз неге қозғалтқыштарды өшірдіңіз?» — деп сұрағаны, ал ол: «Мен ондай әрекет жасаған жоқпын», — деп жауап бергені тіркелген.

Апат кезінде әуе кемесін 60 жастағы ұшқыш Сумит Сабгарвал (8 200 сағат ұшу тәжірибесі) мен 26 жастағы Клайв Кундер (1 100 сағат ұшу тәжірибесі) басқарған.

Айта кетелік 12 шілдеде бортында 240 адам болған Air India ұшағы апатқа ұшырап, дәрігерлерге арналған жатақхана ғимаратына құлаған. СІМ апатқа ұшыраған бортта зардап шеккен қазақстандықтар жоқ деп мәлімдеді. Сонымен қатар бір жолаушы тірі қалғаны туралы да жазған едік.

Бұған дейін хабарланғандай, Үндістанда ұшақ апаты бойынша алдын ала есеп жарияланды.

Соңғы жаңалықтар