Бір туристік нысанды бірнеше мекеме қаржы жұмсап жарнамалайды — депутат

АСТАНА. KAZINFORM — Мәжіліс депутаты Екатерина Смолякова «Jibek loly» арнасының мобильді студиясында туризмді дамыту бойынша ұсыныстарын ортаға салды.

 Екатерина Смолякова
Фото: Видеодан алынған скрин

Депутаттың айтуынша, соңғы 4 жылда Қазақстан туризмнан 1,2 трлн теңге табыс тапқан. Туристер саны өсіп, даму тенденциясы байқалса да сала заңнамалық және инфрақұрылымдық толықтыруларды қажет етеді. 

— Осыған байланысты Мәжілісте заң жобасына түзетулер енгізу ұсынылды. Мақсат — ішкі туризмді дамыту. Біз 3 маңызды ұсыныс бердік, — дейді Екатерина Смолякова.

Депутат алдымен кәсіпкерлерді қолдау қажеттігін айтты.

— Елдегі бірқатар туристік нысанды аралап шықтым. Мәселен ШҚО-дағы табиғаты көркем Қатонқарағайға бардым. Мұнда кәсіпкерлер су туризмін дамытқысы келеді. Алдағы уақытта оларға субсидия беру тетіктерін жүйелеп, мөлшерін белгілеу міндеті тұр, — дейді депутат.

Смолякова министрлік визит орталықтардың үлгілік ережесін бекіту керек деп санайды. 

— Әр өңірде басым туристік аймақтар бар. Соны анықтау және белгілеу жергілікті уәкілетті орган — мәслихат пен қоғамдық кеңестердің міндеті болу керек. Олар ұсыныстарын берсе, Туризм және спорт министрлігі оларды ресми сайттарына жүктеп отырады, — дейді спикер.

Ал үшінші ұсыныс — «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясының жұмысына қатысты.

— Компанияның негізгі мақсаты — маркетинг және елдің имиджін халықаралық аренада ілгерілету. Қазір бір туристік нысанды бірнеше мекеме қаржы жұмсап, жарнамалайды. Оның ішінде «Kazakh Tourism», жергілікті әкімдіктер, Алматыдағы туризм бюросы бар. Бұл қосымша шығынға әкеледі. Осыған байланысты біз өкілеттілікті тек «Kazakh Tourism»-де қалдыруды ұсынамыз, — дейді депутат.

Айта кетейік, кеше Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне туристік саланы қолдау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.

Соңғы жаңалықтар