Зейнетақы жинағын ипотека мерзімін қысқарту үшін пайдалануға рұқсат берілуі мүмкін

АСТАНА. KAZINFORM — Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі тұрғын үй жағдайларын жақсарту мақсатында біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалану қағидаларына өзгерістер енгізу туралы бұйрық жобасын Ашық НҚА порталында талқылауға шығарды. 

Біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалану қағидалары жаңа талаптарға сәйкестендірілмек
Фото: gov.kz

Құжат «Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тұрғын үй жағдайларын жақсарту үшін біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалану қағидаларын бекіту туралы» ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 2021 жылғы 21 қаңтардағы № 24 бұйрығына түзетулер енгізуді көздейді.

Жоба «Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 10-2-бабының 10-27) тармақшасына сәйкес әзірленген.

— Өзгерістердің негізгі мақсаты қағидаларды жаңа Салық кодексінің нормаларына сәйкестендіру және азаматтардың банктер алдындағы борыштық жүктемесін азайту. Енді зейнетақы жинақтарын негізгі қарызды өтеу, ай сайынғы төлемді азайту немесе ипотекалық қарыз мерзімін қысқарту үшін пайдалану мүмкіндігі нақтыланады, — делінген құжатта.

Сондай-ақ құжат қабылданған жағдайда тұрғын үйді жақсарту үшін біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдаланудың тиімді тетіктері бекітіледі.

Аталған бұйрық 2025 жылғы 21 қарашаға дейін қоғамдық талқылауға ұсынылған.

Еске сала кетейік, елімізде мемлекеттік тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды есепке қою және баспана беру тәртібі жаңартылды.

Зейнетақы қаражатына алынған үйді сатуға бола ма мына сілтемеден оқыңыз.

Соңғы жаңалықтар