Бүгін қай қалаларда ауа сапасы нашарлайды

АСТАНА. KAZINFORM — «Қазгидромет» РМК еліміздегі ауа сапасына қатысты болжамын жариялады.

ауа сапасы
Фото: freepik.com

— 8 қарашада Алматы, Талдықорған, Павлодар, түнде Астана, Ақтөбе, Көкшетау қалаларында атмосферада ластаушы заттардың жиналуына ықпал ететін метеорологиялық жағдайлар күтіледі, — делінген хабарламада.

Қолайсыз метеорологиялық жағдайлар — атмосфералық ауаның беткі қабатында зиянды (ластаушы) заттардың шоғырлануына ықпал ететін қысқамерзімді метеофакторлардың (тымық ауа райы, жеңіл жел, тұман, инверсия) жиынтығы.

Қолайсыз метеорологиялық жағдай кезінде елдімекендердегі атмосфералық ауаның сапасы нашарлауы ықтимал.

Айта кетейік, Солтүстік Қазақстан облысында экологиялық талаптарды орындамаған 16 субъект әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оларға салынған айыппұлдың жалпы сомасы 3 млн теңгеден асты.

Сондай-ақ Қарағанды облысында экологиялық ахуал күрделі болып тұр. Өңірде ауаға 293,7 мың тонна зиянды зат тараған.

Еске салайық, Бангкок қаласында Каспий теңізінің экологиялық жағдайы талқыланды.