Бүгін Парижде Ролан Гаррос турнирі басталады

Кукушкин
Фото: kukushkin_mikhail/Instagram

ПАРИЖ. KAZINFORM – Бүгін Франция астанасы Парижде Ролан Гаррос турнирі басталады.Төрт «Үлкен дулыға» жарысының бірі – Франция ашық чемпионатында қазақстандықтар бақ сынайды.

Бүгін іріктеу сайыстарынан қосылған, дүниежүзілік рейтингіде 135-орында тұрған Михаил Кукушкин Қазақстаннан бірінші болып кортқа шығады. Оның қарсыласы – әлемнің 41-ракеткасы, мажарстандық Фабиан Марожан. Ф.Марожан осы айда тағы бір қазақстандық, әлемнің 61-ракеткасы Александр Шевченкомен екі рет кездесіп, жеңілген еді.

Ролан Гарроста А.Шевченко рейтингіде 82-сатыдағы ресейлік Аслан Карацевпен сынға түседі.
Қазақстанның бірінші, әлемнің 19-ракеткасы Александр Бубликтің алғашқы айналымдағы қарсыласы – іріктеу сайыстарынан негізгі турнирге жолдама алған франциялық, рейтингіде 108-орындағы Грегуар Баррер.

Қазақстанның әйелдер арасында бірінші, әлемнің 4-ракеткасы Елена Рыбакина бастапқы кездесуін рейтингіде 86-сатыдағы бельгиялық Гретье Минненмен өткізеді.

Юлия Путинцева (№37) рейтингіде өзінен екі саты жоғары тұрған америкалық, 2017 жылғы АҚШ чемпионы Слоан Стивенстен өтуге тырысып көреді.

Өткен жылы Парижде Е.Рыбакина мен Ю.Путинцева үшінші айналымнан аса алмады. Ю.Путинцева дәл сол С.Стивенске жол берген еді. Ал А.Бублик бірінші, А.Шевченко екінші кездесуінде сүрінді.

Жұптық сында биыл Қазақстаннан Александр Недовесов пен Анна Данилина қатысады.

Жасөспірімдер арасында Франция ашық чемпионатында Әмір Омарханов, Соня Жиенбаева және Асылжан Арыстанбекова өнер көрсетеді. Сондай-ақ Даниал Рахматуллаев іріктеу додасында бақ сынайды.

Ролан Гаррос турнирі 9 маусымда мәресіне жетеді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Тимофей Скатовтың Германиядағы турнирдің чемпионы атанғанын жазған болатынбыз.

Теннистен әлем чемпионатында Қазақстан жасөспірімдер құрамасы іріктеу турнирін екінші орынмен аяқтады.

Соңғы жаңалықтар