Бухарест көшелеріне мыңдаған адам шығып, жалақыны көтеруді талап етті
АСТАНА. KAZINFORM — Румынияда үкіметтің үнемдеу саясатына қарсы жаппай шеру өтті, деп хабарлайды Euronews.
Мыңдаған адам Бухарест көшелеріне шығып, жалақыны көбейтуді, бағаны және жұмысшыларға салынатын салықты төмендетуді талап етті.
Наразылық акциясын ондаған федерацияларды біріктіретін Ұлттық кәсіподақ блогы ұйымдастырды. Шеру үкімет ғимаратының алдында басталып, одан кейін қатысушылар Парламент сарайына қарай бет алды.
Үкіметтің үнемдеу бағдарламасы салықты көтеруді, мемлекеттік сектордағы жалақы мен зейнетақының өсуін тоқтату, мемлекеттік құрылымдардағы шығындар мен жұмыс орындарын қысқартуды қамтиды.
— Жұмысшылар тағы да өз жұмысының құрбаны болды. Біз көп жұмыс істегенімізге қарамастан, кедейленіп барамыз, — деді кәсіподақ өкілдері.
Олар халықтың кедейленуі мемлекеттік саясатқа айналғанын айтты.
Кейін кәсіподақ өкілдері биліктегі партиялардың оларды келіссөздерге шақырғанын хабарлады. Демонстранттардың негізгі талаптарының қатарында мемлекеттік сектордағы жұмысшыларды қысқартуды тоқтату және салық төлеуден жалтарумен күресті күшейту де болды.
Айта кетейік, бұған дейін Сербияда үкіметті қолдайтын шеруге 10 мыңнан астам адам жиналды. Олар Сербия президенті Александр Вучичтің саясатын қолдайтынын көрсету үшін Белградқа жиналды.