Буын-буыным сырқыраса да, қуыршақ тоқу ұнайды — тоқымашы

Гүлсім Елекбаева
Фото: Г. Елекбаеваның жеке мұрағатынан

Ақтөбе облысы Ойыл ауданында тұратын Гүлсім Елекбаева — ерекше жан. Ол осыдан 20 жылдан астам уақыт бұрын арбаға таңылса да қолынан сым, ілмек пен жібін тастаған емес. Буын-буыны сырқыраса да қуыршақ, түрлі киім тоқып, кәсіп те ашты. Гүлсім Елекбаева Kazinform тілшісіне еңбек пен табандылықтың адамға қуаныш сыйлайтын сәттерін айтып берді.

Г. Елекбаева
Фото: Г. Елекбаеваның жеке мұрағатынан

Елекбаева Гүлсім Саматқызы — рухы мықты кәсіпкер. Ол мектеп бітірген соң буын ауруына шалдығып, дәрігерлер полиартрит диагнозын қойған. Сол сәттен бастап түрлі ем қабылдап, өмір үшін күресіп келеді. Әр таңда аяқ-қолын жазып, түрлі жаттығу жасауға мәжбүр де болды. Дәрігерлер қолды қимылдату, саусақтарды икемге келтіру керек деген соң бала күнгі қызығушылығы есіне түсіп, қолына қайта ілмек пен жіп алды. Алдымен үй ішіндегі туыстарына киім тоқып, кейін көпшіліктен тапсырыс қабылдай бастады.

«2009 жылы қызыма жеңсіз жилет, бас киім, шұлық тоқып, көпшілік қызығушылығы туды. Келініме жеңсіз жилет тоқып едім, мектепке барғанда мұғалімдер қызығып, тапсырыс түсе бастады. Сөйтіп бір жыл бойы бас киім, жеңсіз жилет тоқыдым. Ал аудан орталығына қоныс аударған соң балаларға кроссовка, шұлық тоқыдым. Бір-екі жыл сонымен айналыстым. 2016 жылы Ақтөбе қалалық сал ауруына шалдыққан азаматтарды қолдау орталығының төрайымы Құралай Байменова мені көрме-байқауға қатысуға шақырды. Дайындалып, жұмсақ мысық ойыншығын, қызғалдақ, кішкентай қыздарға көйлек тоқып, екінші орын алдым», — деді ол.

Г. Елекбаева
Фото: Г. Елекбаеваның жеке мұрағатынан

Кәсіп ашу идеясын Ойыл ауданы Көптоғай ауылдық округінің әкімі Ғалия Амирова ортаға тастағанда жүрексінгенімен, бірден қабылдайды. Сөйтіп біліктілігін арттырады, түрлі грант алуға құжат жинайды.

«Өзім бала кезден сым, ілмекпен тоқыма тоқимын. 2011 жылы ауылда отырып, кәсіп бастадым. 2012 жылы Даму қорының 100 мың теңге грантын жеңіп алдым. Ол кезде бұл көп ақша еді. 2012 жылға дейін Ойыл ауданы Шұбарши ауылында тұрдым. Сол 2012 жылы денсаулығыма байланысты аудан орталығына көшіп келдім. Содан бастап Ойылдың қоғамдық, мәдени шарасына араластым. Көрмелерге шығып, бұйымдарымды ұсындым. Алғашында балаларға шұлық, қолғап тоқитын едім. Метис қойдың жүнін түтіп, иіретін едім. Кейде ешкінің түбітін де пайдаланым. Жаңа, бірақ сыймай қалған қалың тоқыма киімдердің жібін де пайдаланған күнім болды. Ал грант ұтып алған соң жіп сатып алдым. 2017 жылға дейін күз, қыс, көктем айларында түрлі тапсырыс қабылдап, балаларға шұлық, қолғап тоқыдым. 2017 жылдың күзінен бастап ойыншық тоқыдым. 2019 жылы Рухани жаңғыру бағдарламасы аясында облыс аудандары арасында шеберлер жарысы өтті. Онда мен үшінші орын, 20 мың теңге сертификатын алдым. Содан ойыншық тоқу бір жолға қойылды. Сол жылы Бизнес бастау бағдарламасын оқып, 700 мың теңге грант та алдым. Бұрын жеке кәсіпкер ретінде тіркеулі тұрған едім, оны жауып, Мархабат жеке кәсібін аштым. 2021 жылы Қайырымдылық керуені жобасына қатысып, Асар номинациясы бойынша екінші орын алдым. Ерекше балалар тәлім алатын Мейірім үйі мен арнайы мектебіне жұмсақ ойыншықтар сыйлап едім. Еңбегім елеусіз қалмады. Сол жылы желтоқсанда аудан әкімі де марапаттады. 2022 жылы «Асқар шыңға ту тіккен ауыл әйелдері» деген кітапқа ендім», — дейді Гүлсім Саматқызы.

тоқу
Фото: Г. Елекбаеваның жеке мұрағатынан
тоқу
Фото: Г. Елекбаеваның жеке мұрағатынан

Қазіргі кезде жеке кәсіпкердің қоржыны қомақты. Ол түрлі ертегі кейіпкерлерін айнытпай тоқиды, кейде Жаңа жыл кейіпкерін тапсырыспен дайындап береді. Мәселен, биыл қоянды тоқыса, енді ұлу. Көп үлгіні, кеңесті интернет арқылы қарап, үйренеді. Кейде өз шеберлігін, ой еркіндігін құп көреді.

«Менің тапсырыс берушілерім — таныстарым, туыстарым. Кейде әлеуметтік желі арқылы да тапсырыс түседі. Пошта арқылы Жамбылға аяқ киім жібергенмін. Өзім тоқымашылардың республикалық чатында отырмын. Онда көп адам бар. Ерекше жан өзім ғана. Сонымен бірге Ақтөбенің қолөнер шеберлері де бір чатта отыр. Өзім «Көмекші әже» дегенді тоқыдым. Барлығы 6 адам тапсырыс берді. Алматы, Қарағанды, Жезқазғанға поштамен жіберемін. Тоқыған добымды АҚШ-қа жөнелттім. Бұл да жақсы тапсырыс. Үлкен қуыршақтар тоқуға тапсырыс түседі, бірақ қолым икемге келмей қиналамын. Сондықтан шағынын тоқимын. Ең үлкенінің бойы 55 см болды. Сапасы ұнайды адамдарға. Ойылда мен тоқыған қуыршақты сатып алған апа қызының 4-сыныпта оны әлі құшақтап жататынын айтты. Бұл — зор қуаныш, құрмет», — деді ол.

Г. Елекбаева
Фото: Г. Елекбаеваның жеке мұрағатынан

Гүлсім Саматқызы өңірдегі қоғамдық шараларға белсенді қатысады. Ол — «Үкілі үміт» клубының мүшесі. Ауданның қоғамдық кеңесінің қатарында бар. Оның бар идеясын жергілікті белсенділер де қолдап, көмектесіп отырады. Кейіпкеріміз сөз арасында Айсұлу Кенесарықызына, Ақмарал Сабыржанқызына деген ықыласын білдірді. Себебі, оқушылармен, студенттермен кездесулер болса да бұл адамдар жанынан табылады.

«Қазір денсаулығыма байланысты қолыма ине-жіп ұстай алмай қалып жүрмін. Ауырмай-сырқамай ісімді жалғастырсам деген ойым бар. Үйреткім де келеді. Бірақ қазіргі балалар телефонда отырады. Баланың өз қызығушылығы болмаса он жерден төпелеп үйретсең де үйренбейді ғой. Колледжге де барып, шеберлік сабағын өткіздім. Бір-екі студент хабарласамыз деп еді, бірақ келмеді. Ешқандай қызығушылық жоқ. Жақында оқушылармен кездесу өткізіп, қазақтың ою-өрнегі туралы айтылды. Мен аяқ киімге ою салуды үйретіп, шеберлік сабағын өткіздім. Бір бала шықпады үйренетін», — деп қынжылды шебер.

Г. Елекбаева
Фото: Г. Елекбаеваның жеке мұрағатынан

Гүлсім Елекбаеваны Ақтөбедегі жіп сататын дүкен иелері жақсы таниды. Кейде өзі, кейде бауырлары барып, түрлі жіп сатып алады. Ол еңбектің бар қиындықты жеңуге күш беретінін тағы бір мәрте айтып берді.

тоқыма
Фото: Г. Елекбаеваның жеке мұрағатынан

«Қазақта «Жүргенге жөргем ілінеді», «Өлмегенге өлі балық жолығады» деген бар. Адамның қолынан келмейтіні жоқ. Тек ниет болуы керек. Мақсат қою керек, армандау керек. Мақсатың айқын болса, армандар орындалады. Дені сау адамның санасында болуы керек бәрі. Санасында еңбек ету деген болса, қазір екі қолға бір күрек табылады. Қазір өзім аяқ киім тоқып жатырмын. Ойыншыққа тапсырыс түсіп тұр, әттең, денсаулығыма байланысты жұмыс кідіріп тұр. Денсаулығым сыр берген кезде өзім тоқтатып қоямын. Адамдар оны түсінеді. Буын-буыным сырқыраса да қуыршақ тоқу маған ұнайды», — деді ол.

Г. Елекбаева
Фото: Г. Елекбаеваның жеке мұрағатынан

 

Соңғы жаңалықтар